Руханият

Елеусіз қалмаған еңбек

Көзіқарақты оқырман танымал журналист-аудармашы Марал Хасеннің қаламгерлік қарымына шәк келтірмесе керек. Сол қарым-қабілеті бағаланып, 2015 жылы Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатында ашылған қаламгердің жеке тектік қоры журналистер арасындағы алғашқы тектік қор болды. Онда журналистің жеке басының құжаттары мен көптеген қолжазбалары түпнұсқада тапсырылғаны – мұрағат үшін құнды жәдігер. Жағымды шаруа өткен жылы еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында жалғасқанын айтқым келеді оқырманға.

Елордада орналасқан Ұлттық академиялық кітапханада арнайы жасақталып, ашылған академиктер мен жазушы-ақындардың қолданған жеке кітап қорларынан құралған залдар әрбір оқырман үшін зор олжа. Атап айтсақ, Зәки Ахметов, Хамит Ерғалиев, Мырзатай Жолдасбеков, Кеңес Нұрпейісов, Әкім Тарази, Тұрсынбек Кәкішев, Дүкенбай Досжан, Нұрғожа Ораз және тағы басқаларының кітап қорлары бар. Енді осы қатарда Марал Хасеннің жеке кітап қоры да кітапхана залының әрін кіргізіп тұр. Бастысы, көп жерде кездесе бермейтін жекелеген басылымдар мен сирек кітаптар және аудармашының авторлық кітаптары оқырман игілігіне айналуында. Шет тілдерінде шыққан кітаптарды ана тілімізде сөйлеткен аудармашының ұлттық мүдде бағытында жасаған көптеген еңбектерін осы кітап қорынан кездестіресіз.

Марал Хасеннің жеке кітап қорының көрмесіне Қазақстанның халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов, «Егемен Қазақстан» газетінен Мирас Асан, «Астана ақшамы» газетінен Төлен Тілеубай мен Аманғали Қалжанов, «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейіт, жазушы-баспагер Асқар Алтай, ақын, аудармашы, ғалым Кенжебай Ахметов, медиа маман Мейрамхан Жәпек, тарихшы-ғалым Марат Әбсемет, тарихшы Сейітрақым Өтемісұлы, «Құрмет» орденінің иегері Қуат Ахметов, аудармашылар мен кітапхана қызметкерлері, туған-туысқандары, балалары мен немерелері қатысқан болатын. Көрмеге шолу жасалған соң, қаламгер аударған Нобель сыйлығы иегерлерінің екі кітабының таныстырылымы өтті, олардың бір-бір данасы жиналғандарға таратылды.

Автордың шаршауды, қамығуды білмеген қажырлы, қайтпас мінезді журналист, аудармашы болғандығын кітаптарының беттерін парақтағанда бірден аңғаруға болады. Ежелгі әдебиеттен бастап, көне түркілер тарихы, шығыс шайырлары мен жұлдыздары, әлем әдебиеті, қазақ әдебиеті мен үлкенді-кішілі совет энциклопедиялары және өткен ғасырға тиесілі шығыстанушы, Қазан Рухани академиясының профессоры Гордий Саблуков қырық жыл бойы тәржімалаған Құранның ең алғашқы орыс тіліндегі кітабынан бастап, алақанға сыйып кететін форматтағы араб елінен жеткен Құран мен діни таным ауқымын кеңейтетін бай әдебиеттер кез келген оқырман көңілін баурап алары сөзсіз.

Ән-күй мен спортқа қатысты жинақтар да әркімнің талғамын қанағаттандырарлық. Марал аға көзі тірісінде «Бар байлығым – бес балам мен бес мың кітабым» деген сөзді өте дәл айтқан болса керек. Олай деуге үлкен себеп, үстіміздегі жылы кітапханамызда Халықаралық кітап күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралардың бір парасы Марал Хасеннің жеке кітапхана қорының көрмесіне арналды. Астана залынан арнайы орын белгіленіп, салтанатты түрде ашылып, оқырмандарына жол тартты. Бастапқы сөрелерден автордың төл туындыларын, Марал Хасен аударған Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын көресіз. Бір білеріміз, замандастары мен қаламдастары және шәкірттері мен өз оқырмандары бар жазушының залы бос қалмақ емес.

Ұлттық академиялық кітапхананың үлкен жобасы бойынша шетел кітапханаларынан ашылған «Қазақстанның әдебиеті мен мәдениеті» орталықтарынан енді ағамыздың да кітаптары орын алды. Атап айтар болсақ, Польша, Жапония, Қытай, Украина, Қырғызстан, Түркия, Армения, Өзбекстан, Румыния, Германия, Испания, Чувашия, Урдмуртия секілді елдердің Ұлттық кітапханаларына атақты ақын-жазушыларымыздың туындыларымен қатар, Марал Хасеннің кітаптары және аударма кітаптары жіберілді.

Мөлдір БАЙМАХАНБЕТОВА,

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Кітап» мұражайы жетекшісі.

Басқа материалдар

Back to top button