Жаңалықтар

Елдіктің айбары

Жаратқан ием «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқына елі үшін басын бәйгеге тігіп келе жатқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев атты ұлды, кемеңгер көшбасшыны, дарынды саясатшыны сыйлады. Елбасының халқына жасаған ұшан-теңіз ерен еңбегінің бірі һәм бірегейі астананы Еуразия кіндігі – Ақмола қаласына ауыстыруы болды.

Менің студенттік шағым мен еңбек жолым (1959-1968 жж.) Ақмола – Целиноград қаласында өткендіктен, бұл қала – маған ерекше ыстық. Ақмола ауыл шаруашылығы институты ашылған кезде (1958 ж.) жан-жақтан – Гурьев, Орал, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды облыстарынан арман қуып келген жастардың алғашқыларының бірі едім.

Сол кездегі Ақмола қаласының көркі мен келбеті, тұрмыс-тіршілігі, мәдени деңгейі тым жұпыны көрінетін. Көшелерінің басым көпшілігі асфальтсыз еді. Мұнда жаңбыр жиі жауатын. Біз оқыған институттың маңайындағы көшелердің жағдайы өте нашар болатын. Қаланың жалғыз Мир көшесі (қазіргі Бейбітшілік даңғылы) асфальттанған, көңілімізге медеу болатын. Ол орталық алаңнан бастап, Монин көшесіне дейін тіреліп, әрі қарай теміржол вокзалына жететін. Орталық алаң К.Маркс көшесі мен Ленин көшесінің аралығында орналасқан 1959-1960 жылдары бұл жерде жапырайған, әбден тозығы жеткен дүкендер болған-ды. Ол жерді «зеленый ряд» дейтін. Дүкендерді тың игеру басталған бетте сырып тастады. Есіл өзенінің сол жағында орналасқан паркке өтетін ескі көпір жөнделіп, жаңартылды.

1961-1964 жылдардағы тың игеру науқанында қалаға Мәскеу, Ленинград, Киев, Новосибирск сияқты Одақтың ірі қалаларынан арнайы құрылыс кәсіпорындары келіп, қаланың көрік-бейнесіне біршама оң өзгерістер енгізді. Мир, Победа, Октябрь, К.Маркс, Пушкин, Пятилетка, Революционная көшелерінің бойында бес қабатты тұрғын үйлер, мәдени-сауда орындары мен әкімшілік ғимараттары салынды. 1963 жылы Тың игерушілер сарайы (қазіргі «Конгресс-Хол») салынып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Осы сарайдың арт жағында, Есіл өзенінің жағалауында парктің ішінде ағаштан жасалған жазғы кинотеатр және би алаңы болған. Соған кешке қарай қаланың жастары жиналып, серуендеп қайтатынбыз. Орталық алаңда жеті қабатты Үкімет үйі (обком, облисполком) және сауда ғимараттары бой көтерген болатын.

Целиноградта осы жылдары педогогикалық, медициналық, кейіннен инженерлік-құрылыс институттары ашылып, қаладағы студент жастардың қатары көбейе түсті.

1960 жылы біз (Мағауия, Тілеуберген, Қиянбек, Мақсұт) ІІ курста оқыдық. Қарағанды облысынан 5 студент. Бәріміз Дризга көшесінде пәтерде тұрдық. Бірде бізбен бірге оқитын Ермек Ілиясов (ертерек өмірден өтті) келіп, суыт хабар жеткізді. «Жігіттер, біздің жағдайымыз өте нашар. Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Павлодар және Қарағанды облыстарында (Қарағандыны біздің намысымызға тию мақсатында әдейі айтты) тың өлкесін ашып, РСФСР-ға берейін деп жатыр». Біз қатты қобалжып, үстімізден жай түскендей болдық. «Мен редакциядан (бұрын өзі жұмыс істеген) «листовкалар» бастырып әкелейін. Сендер қазақ жастарын ұйымдастырып, ғимараттарға, көшелердің бойына іліңдер», – деді.

Қылышынан қаны тамып тұрған Кеңес заманындағы КГБ-ның әлеуетінен бұрыннан хабардар едік. «ЕСЕП» партиясының, одан кейінгі ұйымдардың мүшелерін қыспаққа салып, аяусыз ұрып-соғып, ұстап, сотталғандарын білетінбіз. Біз бұл батылдыққа бара алмадық. Тың өлкесі құрылды. Бірақ, қайраткер Жұмабек Тәшенов ағамыздың қайсарлығымен бір сүйем жер Ресейге берілмеді. Міне, бүгінгі Астана сол жерде орын тепкен. Астананы осы жерге көшіру – Елбасының көрегендігі деп білемін.

Нұрсұлтан Әбішұлы Теміртау қалалық комсомол ұйымында көпшіліктің көзіне түсіп, жастардың көшін бастап жүрді. Кейіннен Карметкомбинаттың партком хатшысы, облыстық партия комитетінің хатшысы қызметтерінде болғанда, Шет, Жаңаарқа, Қарқаралы, Егіндібұлақ, Ақтоғай аудандарының комсомол, партия-совет органдарында қызмет атқарған бірталай білікті азаматтармен дос-жаран болғанын естіп, көріп жүрдік. Олар – Қасымбек Медиев, Жақан Қошанов, Сағадат Дүйсебеков, Жамбыл Ақылбаев, Тілеубек Зейнешев, Қуаныш Омашев, Бақыт Рақышев, И.Колбасин, Н.Станин, С.Тохметов, М.Бекшин және тағы басқалары. Бұл азаматтар аумалытөкпелі заманда, қиын кезеңде Елбасының жанынан табылды.

Елбасы елінің, ұлтының қамын ойлап, сонау қиын-қыстау кезеңде, 1994 жылы Астананы Ақмола қаласына көшірудің іс-шараларын қолға алған-ды. Астананы Алматыдан көшіруге көптеген шенеуніктер қарсы болды. «Астананы ауыстырып, ондаған миллиард долларды шығындаудың қажеті жоқ» дегендер де болды. «Назарбаев өзінің атын мәңгілік қалдырғысы келіп, әдейі істеп отыр» дегендер де табылды.

1997 жылы Президент Жарлығымен Ақмола қаласы республиканың астанасы мәртебесіне ие болды. Тәуелсіздіктің алғашқы ауыр жылдарындағы қиындықтарды желеу етіп, сан қилы арандатушылық әрекеттерге барғандарға қарсы тұра білді. Ерен еңбегімен ел экономикасын көтерді. Ендігі меже – дамыған отыз мемлекеттің қатары.

Бүгінде Елорда – жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның, Мәңгілік Елдің символы. Елдіктің асқақ айбары.

Боранбай ЖҰМКИН,

Шет ауданының Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button