Жаңалықтар

Елбасының алғашқы ұстазы

Болашақ Президент Теміртаудан ауылға келгенде, ұстаздарын іздеп келіп, сәлем беретін. Бірде автобуста кездесіп: «Тәкура апай, Сіз туралы газетке мақала жазып едім, оқыдыңыз ба?» – деп сұрапты 1 желтоқсан күні Тұңғыш Президент күні аталып өтеді. Күнтізбеге қызыл белгімен енетін бұл күннің еліміз үшін орны бөлек. Себебі өзінің жеке Әнұраны, мемлекеттік рәміздері бар тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдында, мемлекет алдында еңбегі орасан зор.

Мереке қарсаңында Елбасыға ең алғаш қалам ұстатып, әріптерді үйреткен Тәкура Алғадайқызы Исмайлова жайлы сөз болмақ. «Ұстаз» сөзін естігенде, білім, ғылым, тәрбие, өнеге, адамгершілік құндылықтары, рухани байлықтар, мейірім-қайырым, махаббат-құрмет, өнер, шешендік, көсемдік, батылдық – ерлік, т.б. асыл қасиеттерді сезініп, әсерленіп қаламыз. Жүрекке жылу кіреді, ой жақсылығы күшейеді. Өзі де әлемдегі Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидің: «Ұстаз мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген өсиеті ойға оралады. Ұлы ұстаз Ұлықбек өзінің шәкірті Әлимен құшақтасып, көзіне жас алып қоштасып тұрып: «Жүздеген жылдардан бері қолдан түспей оқылып келе жатқан әйгілі «Кабуснама» кітабында жазылғандай, ұстазыңның сөздері мен үлгі-насихаттарын есіңде ұста және ардақтай біл!» дегені еске түседі. Данышпан Абай адамның адам болмағы жақсы ұстаздан да екені белгілі. Осынау ұлылық әлемінде Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алғашқы ұстазы Исмайлова Тәкура Алғадайқызының ардақты есімі де жұлдыздай жарқырайды. Тәкура Алғадайқызы 1922 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының Прудки селосында дүниеге келген. ЖенПИ-ді оқып бітірген соң, Шамалған ауылындағы Фурманов атындағы мектептің бастауыш сыныптарына сабақ беруді бастаған. Осы жерден тапжылмай қызмет атқарған ардақты мұғалім зейнеткерлікке де осы мектептен шыққан екен. Тәкура Исмайлованың қызы Қарлығаш Исмайлова «Елбасы сыныптастары» атты кітапта «Анам Тәкурадан мыңдаған балалар сауатын ашты, тәрбие алып шықты» деп еске алады.

Оның айтуынша, Шамалған селосындағы Фурманов атындағы мектепте Сұлтан Назарбаев та оқыған (бала кезінде ауыл адамдары «Сұлтан» деп атаған екен). «Елбасына бастауыш сыныпта алғаш қолына қалам ұстатып, сауатын ашып оқытқан анамыз Тәкура екен. Шәкірттерінің басым көпшілігін есінен шығарған емес. Шәкірттері де оқытушысын ұмытқан емес. Болашақ Президент Теміртаудан ауылға келгенде, ұстаздарын іздеп келіп, сәлем беретін. Бірде автобуста кездесіп: «Тәкура апай, Сіз туралы газетке мақала жазып едім, оқыдыңыз ба?» – деп сұрапты. Анамыз алғысын жаудырып кете беріпті. Үйге келген соң: «Қуанғанымнан абдырап, қай газет екенін де сұрамағанымды қарашы», – деп өкінген еді. Шамалғанда кездескенде, оқушы Нұрсұлтан: «Бұл кісі – біздің Тәкура тәтеміз, қолымызға қалам ұстатып, сауатымызды ашып, оқу-жазуға үйретті, біз мұндай асыл жанды еш¬қашан ұмытпауымыз керек», – дегені әлі жадымда» деп еске алады ұстаздың қызы Қарлығаш апамыз. Тәкура Алғадайқызы 1990 жылы өмірден өтіпті. Аяулы да алғашқы мұғалімінің қазасын естіген Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеуден үйге телефон шалып көңіл айтқан екен. Содан соң көп өтпей, Қаскелең ауданының бірінші басшысы үйге келіп, Нұрағаның көңіл айтқан жеделхатын табыстапты. Әулеттік архивімізде сақтаулы тұрған жеделхатта былай деп жазылған: «Үлкен Ұстаз, мейірбан ана, кең пейілді, парасатты азамат, көпшілік құрметтісі Тәкеңнің күтпеген жерден келген қазасы бәрімізді қатты күйзелтіп, тебірентіп кетті. Қайғы-мұңдарыңызға ортақпыз! Қадірлі ұстаздарымыздың ел азаматтарын тәрбиелеп өсіргендегі өлшеусіз еңбегі ешқашан да ұмытылмайды. Ол кісінің асыл қасиеттері, жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрқашанда сақталады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!» «Шын жүректен шыққан сөздер ғана жүректерге жетіп, көкірекке сіңсе керек. Болашақ Тұңғыш Президенттің қолына алғаш қалам ұстатқан ұстаздан асқан бақытты адам жоқ шығар деп ойлаймын. Ендеше менің анам Тәкура – шын бақытты жан!» – дейді Тәкура Исмайлованың қызы Қарлығаш Исмайлова. Иә, Тәкура Алғадайқызы – бейнесі шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын шын бақытты мұғалім. Тәкура Исмайлова апайлары жайында «Елбасы сыныптастары» атты естеліктер жинағы беттерінен оның шәкірттері де осылай дейді. Қазіргі Шамалған ауылындағы мектеп Қарасай батыр атында. Онда Елбасы мен оның балалық шағына, туған өлке тарихына арналған шағын музей қызмет істейді. Бала Сұлтан оқыған кезеңге қатысты тарихи дүниелер жинақталған музейдің мұғалімдерге арналған залында бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін бастауыш сынып пәндеріне оқытып, қолына алғаш қалам ұстатқан ұстаз Тәкура Ысмайылованың фотосуреті ілініп тұр.

Басқа материалдар

Back to top button