Елбасы тапсырмасы: кеншілер аймағында қандай  қарекет?

Халық табысының өсуі, бизнестің тынысын кеңейту, экспортқа бағытталған индустрияландыру, әлеуметтің тұрмыс сапасын арттыру, тарифті төмендету сынды қадау-қадау мәселелерді қамтыған Елбасы тапсырмаларын орындау – жергілікті билікке жүктелген зор міндет. Оған қоса, Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында күзде Мемлекет басшысы тағы да түйіні шешілуі тиіс жайттарды тізімдеп беріп кеткен. Демек, бұлардың қай-қайсы да жіті қадағалануда. Бұл бағытта билік қандай қам-қарекет қылуда? Осы хақында сейсенбіде тағы бір пысықталды. Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ өткізген жиынға Елбасы тапсырмаларының орындалысы өзек болды. Қолға алынған істердің жайын жыл соңында және бір електен өткізіп алуды жөн көріпті.

Баршаға мәлім, Елбасы коммуналдық қызмет көрсетуші монополистердің тарифті төмендетуі туралы тікелей тапсырма берген. Осы орайда өңірлерде тарифті төмендету бағытында шаралар жүргізіліпті. Құзырлы орындардың мәлімдеуінше, облыста жылумен жабдықтау, электр қуаты, су, газ, лифт, қоқыс шығару, ПИК қызметтерінде 5-10% аралығында қызмет көрсету ақысы төмендейді. Атап айтқанда, жылу – 5%, электр қуаты – 8%, газ –7%, су – 5%,

лифт – 5%, қоқыс шығару – 10%, ПИК – 5%-ға төмендейді деп күтілуде. Сөйтіп, жалпы алғанда тұрғындардың 3,2 млрд. теңгесі қалтасында қалмақ екен.

Еңбекақы көтеруге де қатысты жұмыстар ұйымдастырылған. Мәселен,облыста жалпы ұзын саны 84 961 жұмыс беруші тіркелген. Оның 122-сі ірі кәсіпорын болса, 170 -і – орта, шағыны – 9933 көрінеді. Ал, жеке кәсіпкерлердің саны 42 173 шамасында. Бұдан бөлек, жұмыс орнын қамтамасыз етуші 6 498 шаруа қожалығы және бар. Аталған кәсіпорындар арасында жұмыс орнын қысқартпау және өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Ол меморандум аясында 450 мың жұмысшы қамтылыпты. Жалпы, қаңтар айынан бастап, меншік түріне қарамастан барлық ұйым-кәсіпорындарда еңбекақы орташа есеппен алғанда 10 пайыз шамасында көтеріледі деп болжануда. Бұл орайда жергілікті мемлекеттік органдар мен кәсіпорын, өндіріс, ұйымдар арасында келісім жасалған.

Инфляцияны ауыздықтауда тұрақтандыру қорының үлесі зор көрінеді. Ауыл шаруашылығы басқармасы жария еткен деректерге сүйенсек, қор әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен жабдықталған. Онда бүгінде картоп, сәбіз, қызылша, пияз, қырыққабат секілді көкөністермен қатар, бакалеялық өнімдер де бар. Әзірге, бұл азық-түліктің ішіндегі бағасы жоғары – қарақұмық болып отыр. Жалпы, халықты арзандатылған таза экологиялық өніммен қамтуда жыл басынан бері ұйымдастырылған жәрмеңкенің де үлесі зор екені айтылды.

Мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру де Мемлекет басшысы тапсырмасынан туындаған. Электронды форматтағы қызмет көрсету бұқараның жұмысын жеңілдетіп, адами факторларды азайтуға септігін тигізбек. Деректер облыста қазіргі таңда тұрғындардың барынша электронды қызмет көрсетуге жүгінетінін айқындап отыр. Мысалы, биылғы мемлекеттік қызмет көрсетудің саны 6 012 815 болса, оның 4 812 133-і электронды түрде. Яғни, 80 пайыз. Қызметтің сапасына тұрғындардың қанағаттануы 80,3 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылы 58,5 пайыз шамасында болған екен.

Сонымен қатар, жиында денсаулық сақтау саласын цифрландыру, тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамту да сөз болды. Ол үшін мамандармен қамтылу, мамандардың тұрақталуы үшін баспаналы болуы мәселелері де ұдайы назарда. Жезқазған, Шахтинск қалаларындағы емхана-аурухананы қалпына келтіру де тұрғындарға сапалы қызмет жасауға ықпал етпек.

Білім беру ісінде де аймақта бірқатар іргелі жұмыстар атқарылыпты. Айталық, мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту 88,8 пайызды құрайды. Апатты және үш ауысымдағы мектептердің санын азайтуда жұмыстар атқарылуда. Мектеп құрылыстары да жандануда. Білім беру ісін цифрландыруға келсек, бүгінде облыс мектептері толық дерлік электронды журналға көшкен.

Студенттердің жатақханасы құрылысын жүргізу ұмыт қалған жоқ. Қарағанды медицина университеті көктемде жаңа жатақхананың құрылысын бастауды жоспарлапты. Өзге де іргелі жоғары оқу орындары бұл іске жұмылдырылмақ.

Баспанамен қамту да алдағы жылы жалғасады.Нақтылап айтқанда, «7-20-25» бағдарламасы Қарағанды қаласында ғана емес басқа да қанаттас қалаларда қолға алынады. 2019 жылы Жезқазған қаласында «7-20-25» бағдарламасы аясында 150 пәтерге 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2019 жылдың 2 тоқсанында бағдарлама бойынша Сәтбаев қаласында 18 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй беру жоспарлануда.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»