Ел жастарға сенеді

Аймақтағы жастар, әсіресе, ауыл жастары арасындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, шешілу жолдарын қарастыратын Қарағанды облысы әкімінің жанындағы жастар ісі жөніндегі көшпелі кеңес биыл астықты өлке – Осакаров ауданының орталығында өтті. Келешектің кепілі – жастар саясаты жөніндегі кеңеске облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ қатысып, кеңес отырысын өзі жүргізіп, ауыл жастарына жыл сайын берілетін облыс әкімінің гранттарын табыстады.

«Мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру және дамыту, жас азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету – әрдайым мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әрбір саяси құжаттарында жастар саясатына баса назар аударып келеді. Осыған орай, отырыс аясында қарастыратын негізгі сұрақ – ауыл жастарының өзекті мәселелері. Жас азаматтар арасында кәсіпкерлікті дамыту, діни ахуалға талдау және кеңес жұмысының жоспарына сәйкес, Осакаров ауданындағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысы талқыланатын болады. Жалпы, жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында облыс көлемінде мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар, сонымен қатар, қабылданған кешенді жоспарлар аясында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, бұл салада шешімін таппай тұрған, жастар арасында алаңдатушылық тудыратын мәселелер да бар», – деп өзі бас болып кеңес отырысын ашқан облыс әкімі мұнда қатысып отырғандарды мәлімдеп, түйткілді мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

ҚР Президенті әкімшілігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Шаһмардан Байманов, облыстық кеңес мүшелері, селекторлық режимде қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары қатысқан кеңес отырысында алғашқы баяндаманы Қарағанды облысы жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Құттыбай жасады. Өз кезегінде өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбіткен ол облыс көлемінде жастар саясатына қатысты атқарылып жатқан ауқымды шараларға тоқталды. Басқарманың бүгін­ге дейін қол жеткізген жетістіктері мен нәтижелері де баршылық. Сонымен қатар, түйіні тарқатылмаған түйткілдер де жоқ емес.

«Мемлекет тарапынан жастар мүддесін қорғайтын көптеген маңызды бағдарламалар мен жобалар іске асырылуда. Олар – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді баспана», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» еңбек жасақтары жобалары. Атқарылып жатқан игі істерден тыс жастар саясатын жүзеге асыруда өзекті мәселелер аз емес. Статистика мәліметі бойынша, Қарағанды облысындағы жастардың үлесі 23 пайызды көрсетіп отыр. Яғни, 314 мың 966 жас азамат. Олардың 60 мыңнан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Биыл ауылдық жерлерде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бөлінген қаржы көлемі 63 млн. 492 мың теңгені құрап, өткен жылғымен салыстырғанда, 13,3 пайызға кеміді. Бұқар жырау, Жаңаарқа, Нұра аудандарында іс-шараларға қаржы қарастырылмаған. Осыған орай, аталған аудан әкімдерінен жастар саясаты саласын қаржыландыруды ұсынамын. Жыл басынан бері ауылдық жерлерде 1900 шара өткізілді. Жастардың облыстық ресурстық орталықтары өңірлік орталықтырының жұмыстарына мониторинг жүргізу мақсатында 2014 жылдан бастап арнайы рейтинг жүйесі енгізілген. Нәтижесінде, бірқатар жүйелі іс-шаралар Абай, Шет, Ұлытау, Қарқаралы және Осакаров аудандарында ұйымдастырылған. Басқа аудандардағы шаралардың басым бөлігі мемлекеттік мейрамдарды мерекелеу кезінде ғана. Өзге уақыттарда жастардың өздігінен жұмыс жасауы кеми түсетіні байқалады. Сонымен қатар, іс-шараларға оқушы жастар ғана тартылып, жұмысшы жастар көбіне тыс қалады. Ал, өз кезегінде осы санаттағы жас азаматтардың қоғамда орын алатын кері идеологиялық үдеріске араласу қаупі жоғары.

Статистика мәліметінше, 2016 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, облыс жастары арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда, 0,3 пайызға кемігенін көрсетеді. Қазіргі таңда жастар арасында алаңдатушылық тудырып отырған мәселе – олардың ішінде маргиналды жастар үлесінің жыл сайын көбеюі. 2013 жылы маргиналды жастар құрамы 6,8 пайызды құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 12 пайыздан асып, биыл 13,2 пайызды құрады.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 2005 жылдан бастап жыл сайын аудандарда бизнес ашуға талпынған жас азаматтарды қолдау үшін облыс әкімінің гранттары табысталып келеді. 2005-2015 жылдар аралығында жалпы сомасы 28 млн. теңге құраған 151 грант бөлінді. Қазір осы грант иегерлері кәсіптерін жалғастырып, халыққа қызмет етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізуде», – деді өз сөзінде облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Құттыбай.

Басқарма басшысының баяндамасына байланысты облыс басшысы әкімі оған бірнеше сұрақтар қойып, жүргізіліп жатқан жұмыстар есебінің өзіне терең үңіле түсті. Мәселен, облыс әкімі грантын иеленген кәсіпкер жастардың жұмысы бүгінде жүріп жатыр ма? Жоқ, әлде, тоқтап тұр ма? Тоқтап қалса, не себеп? Тұрақты жұмыс жасай бастаса қандай мұқтаждықтары бар? Осы орайлас сұрақтарға тиісінше жауап алды. Сондай-ақ, облыс басшысы жұмыссыз жастар мен маргиналды жастардың көрсеткіші бір-бірімен сәйкеспейтінін алға тартты. Яғни, жұмыссыз жастар саны азайса, маргиналды жастар саны артып кетуі мүмкін емес. Басқарма басшысы бұл жағдайды 2016 жылы жастар арасында жұмыссыздық үлесі төмендегенімен, есесіне, осы жылы жоғарғы оқу орындарын бітірген түлектердің шығуымен түсіндірді. Алайда, мұндай жауапқа қанағаттанбаған аймақ басшысы бұл мәселені қайта қарауды тапсырды.

Кеңес отырысы барысында бұдан да бөлек бірқатар мәселелер талқыланып, шешілу жодары қарастырылды. Мәселен, өз кезегінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар Қанатының төрағасы Шаһмардан Байманов екі бірдей партиялық жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Бірі – «Жастар – Отанға» және «Сәтті қадам» жобалары. «Сәтті қадам» жобасы бойынша 2015-2016 жылғы түлектер арасынан тұл жетімдерді іріктеп, барлығын жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Биыл республика көлемінде жоғарғы оқу орнын бітірген 3 мың 60-тан астам жетім бар екен. Бұл орайда бірден бір тиімді тетік – кәсіпорын, мекемелермен облыстағы жастар басқармалары меморандумға отыру. Оған жұмыс беруші тарапта оң қабақ танытатын көрінеді. Оқу бітірген 3 мың 60 тұл жетім бір қарағанда көп сияқты көрінеді. Ал, оны облыс, аудан, қалаларға шаққанда, түк те болмай қалады. Мысалы Қарағанды облысында оқу бітірген 371 жетім бала бар. Мұны енді аудан, қалаларға, ауылдарға бөліп қараса – саны кемиді. Соған орай, облыстық, өңірлік жастар ресурстарының ықпалы арқылы жұмысқа орналастыру жеңілдей түспек.

Көшпелі кеңес отырысынан соң, Осакаров аудан орталығындағы мәдениет үйінде Ауыл және жұмысшы жастардың облыстық форумы өтті. Мұнда аймақ басшысы Нұрмұхамбет Қанапияұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауыл жастарына облыс әкімінің гранттарын және кәсіпкер жастарды Алғыс хаттармен марапаттады. Айы оңынан туып, аймақ басшысының грантын иеленгендер қатарында Жаңаарқа ауданы, Ақтайлақ ауылының белсенді жас тұрғыны Олжас Жарылқан, Қарқаралы ауданы, Балқантау селолық округінің Қарабұлақ ауылынан Назарбек Жұмажанов, Нұра ауданы, Киевка кентінің кәсіпкер жігіті Шынболат Ибрагимов, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылының жас кәсіпкері Гүлім Алинова, Жаңаарқа ауданы, Ынтымақ ауылының тұрғыны Ақиқат Сапиянов, Нұра ауданы, Кәрім Мыңбаев атындағы ауылдан Виктор Войтко, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылының жігерлі жастарының өкілі Бауыржан Жұмабай бар. Гранттар табысталған соң, белсенді ауыл жастарына аймақ басшысы арнайы Алғыс хаттарын тапсырды. Маңызды шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Жәнібек ӘЛИМАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.