Ел жастарға сенеді

Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің 3-ші кезеңі аяқталды. «Бармақ басты, көз қыстыдан» ада жобаның мақсаты – білім мен ақылына сенген жастар қатарынан мемлекеттің тізгінін ұстар болашақ басшы мамандарды дайындау. Жүздің жүйрігі, мыңның тұлпары та­нылатын іріктеуден өткендер, сондай-ақ мемлекеттік басқарудан бөлек, квазимемлекеттік сектор жүйесін дамытуға үлес қоспақ. Тамыр-таныстықтан аулақ, білім-біліктілігіне сенген жастарға бұл зор мүмкіндік екені сөзсіз. Біздің облысымыздан да бағын сынамаққа 138 жас құжатын тапсырса, оның 9-ы үшінші кезеңге өткен.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова қатаң іріктеуден өткен жастардың болашақта жемқорлыққа жол бермейтініне сенім білдірді. Әрине, еңбекпен келген нәтиженің ыстық болатыны тәрізді, қара үзіп шыққанның осындай жат қадамға бара қоюы неғайбыл.

– Жобаның негізінде еліміздегі жоғары басқарушылық мемлекеттік, квазимемлекеттік сектордағы лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігінің пайда болуы еліміздегі жастардың үлкен қызығушылығын тудыруда. Оның бір дәлелі – республика бойынша 13 мыңнан аса жас мамандардың осы іріктеуге  қатысуға ниет білдіруі. Жаңаша форматта ұйымдастырылған іріктеу таза, әрі әділ өтуде. Оған қоса барлық ақпараттың қолжетімді екендігін атап өту қажет. Облысымыз бойынша іріктеуге қатысуға бел буған жерлестеріміздің 9-ы ғана келесі кезеңге өткен. Менің ойымша, жоғары басқарушылық лауазымдарға тағайындалатын үміткерлер сайдың тасындай таңдап алынуы қажет, – деген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талант Медет мықтылардың мықтысы ғана бұдан сүрінбей өтеріне сенімді. Сондайақ, жобаның ақылды, бәсекеге қабілетті жастардың ғана ерекшеленіп, көзге түсуі үшін жасалған мүмкіндік екенін айтады.

Үшінші, «Әлеуетті бағалау» кезеңіне қатысқан 530 үміткер Нұр-Сұлтан қаласында жобаларын қорғап, эссе жазды және құзыреттіліктері бағаланды. Үміткерлердің құзыреттерін сарапшылар «Aссecмент Орталық» (Assesment Center) әдісі бойынша құзыреттерді жаппай бағалау құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырды.

Іріктеудің келесі кезеңі – үміткерлердің Сарапшылық комиссиямен әңгімелесуі 27 қараша – 13 желтоқсан аралығында өтеді. Осы кезеңге іріктеудің алдыңғы кезеңдеріндегі балдардың жиынтығы бойынша ең жақсы нәтижелерді көрсеткен жалпы саны 400-ден аспайтын үміткер жіберіледі деп күтілуде.

Сараптама комиссиясы сұхбаттасудың және үміткерлер туралы мәліметтерді талдаудың қорытындылары бойынша Президент жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына ұсынылатын үміткерлердің тізімі қалыптастырылады.

Жалпы, іріктеуге қатысу үшін www. pkrezerv.kz сайтында 7312 адам тіркелген. Айта кетерлігі, Қазақстанның шетелде жүрген 46 азаматы да іріктеуге қатысу үшін ниет білдірген. Іріктеудің шарттарына сәйкес, оған қатысу үшін Қазақстан азаматының жасы 35-тен аспауы, білімі және жалпы жұмыс тәжірибесі 5 жыл болуы қажет.

Тестілеу кезеңдері ашық түрде өтті. Оның қорытындысына ықпал етуге мүмкіндік жоқ және тестілеудің сұрақтары мен жауаптары өзгертілмейтін арнайы платформада өткенін айтады қатысушылар.

Қазіргі таңда www.pkrezerv.kz сайтында екінші кезеңнің қорытындысы бойынша ақпарат орналастырылған, онда үміткерлердің аты-жөнімен қатар, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында алған баллдары да көрсетілген.

Біраз үміткерлер тестілеу кезеңдерінен өте алмауына қарамастан, олар шектелген уақыт арасында сандық және мәтіндік материалдарды талдау бойынша үлкен тәжірибе жинақтады. Бұл іріктеуге қатысу көп үміткерлерге өзінөзі дамытуға ықпал етеді. Ал, келесі кезеңге өткендер өздерінің жетістіктерін, дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алады дейді мамандар.

Мәселен, Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткер Оразбай Мұрат «Резервке іріктеу барысындағы тестілеу өте жақсы тәжірибе болды, себебі, ірі компанияларға жұмысқа орналасу кезінде осындай тестілеуден өтесің. Ұйымдастырушыларға өзімізді тексеруге мүмкіндік бергеніне үлкен алғыс айтамын» дейді.

Салтанат ІЛИЯШ