Бас тақырыпТарих

Ел тарихындағы елеулі тұлға

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 12 сәуірді Ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесі етіп белгілеуі тегін емес. Себебі, бұл күн – академик Қаныш СӘТБАЕВТЫҢ туған күні һәм Ғарышкерлер күніне дөп келіп тұр. Аталған екі оқиғаның да ел тарихына тікелей қатысы бар.

Орыстың ұлы ғалымы Илья Мечников ғылымның дамуы үшін күшті тұлға қажет екендігін айтқан болатын. Қазақстан ғылымы үшін осындай тұлға – еңбек жолын Орталық Қазақстанда бастаған ірі ғалым Қаныш Сәтбаев.

Осы өлкеде көп мөлшерде көмір қоры шоғырланған. Сондай-ақ, мыс, алтын, уран мен полиметалдар енетін Д.Менделеев кестесіндегі элементтер толық кездеседі десе де болады. Орталық Қазақстанның халық шаруашылығы міндеттерін жүзеге асыру мақсатында академик Қ.Сәтбаевтың бастамасымен 1958 жылы Қарағандыдағы алғашқы академиялық мекеме – Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия-металлургия институтын құру туралы шешім қабылданды.

Қ.Сәтбаевтың идеясы бойынша бұл ғылыми мекеме дамыған сайын, одан жаңа ғылымизерттеу институттары бөліне беруі керек еді. Уақыт өте келе, бұл идея жүзеге асты. Оның базасында құрылған жаңа академиялық институттар осы күнге дейін облыс орталығында қызмет етіп келе жатыр.

Мемлекеттегі, соның ішінде Орталық Қазақстандағы білім мен ғылыми көзқарастардың пайда болуы һәм дамуы көне дәуірлерден тамыр тартады. Ерте ғасырлардың өзінде-ақ Ұлы Дала төсінде әлемдік өркениеттің мәдениеті мен ғылымына маңызды үлес қосқан көрнекі ойшылдар, дүниежүзіне танымал ғалымдар өмір сүрген.

Орталық Қазақстандағы іргелі және қолданбалы ғылым салаларының қазіргі заманғы дамуы Кеңес одағы дәуірінде басталды. Яғни, осы өлкенің табиғи қорын, оның ішінде, Қарағанды көмір кен орнын, Балқаш пен Жезқазған мыс кен орындарын зерттеуден, оларды игерудің кешенді және мақсатты жобаларын жасаудан, шахталар мен рудниктерді, заводтар мен фабрикаларды жобалаудан, халықтың тұрмыстық дәстүрі, оның құрамы мен халықтың орналасу ерекшеліктерін, ауыл шаруашылығы қорлары мен аймағының географиясын, геоморфологиясын, гидрогеологиясын кешенді зерттеуден бастау алды. XX ғасырда Орталық Қазақстанда ғылым мен жоғары білімнің дамуы үшін көп жағдайлар жасалды.

уы үшін көп жағдайлар жасалды. Өңірдің жер қойнауында көмірдің, мыстың, күмістің, қорғасынның және тағы да басқа пайдалы қазбалардың бар екендігі ертеденақ белгілі болған. ХІХ ғасырдың соңына қарай бұл аймақта рудалық шикізат пен көмірдің 560 көрінісі байқалып, 166 шағын рудниктер мен көмір кеніштері, 24 шағын зауыттар жұмыс жасаған.

Қарағандыдағы геологтардың көмір барлау жұмысын ірі геолог-ғалым А.Гапеевтің басшылығымен болған экспедиция жүзеге асырды. Зерттеу барысында өңірде жоғары дәрежелі тас көмірдің ауқымды қоры бар екендігі анықталып, оның жалпыодақтық қана емес, әлемдік маңызы бар екендігін дәлелдеді. Осы жерде КСРО-ның үшінші Бүкілодақтық көмір базасы – Қарағанды көмір бассейні құрылды. Қарағанды, Саран, Абай және Шахтинск қалалары пайда болды.

Жезқазған кен орнын 1925-1927 жылдары ірі ғалым-геолог И.Яговкин бастаған геологтар тобы зерттеген. 1929-1941 жылдар аралығында Жезқазған аймағындағы зерттеу жұмыстарын Қ.Сәтбаев басқарды. Жезқазған кен орнындағы мыс қорын толық ашудағы және осы байлықты игерудегі еңбек – Қ.Сәтбаевтың үлесінде. 1932 жылы ол Жезқазған кен орнында мыстың ауқымды қоры бар екендігін және оның базасында түсті металдардың ірі тау-металлургиялық кешенін салудың қонымдылығын ғылыми түрде негіздеді. Нәтижесінде, Жезқазған кенметаллургия комбинаты салынды. Жезқазған және Сәтбаев қалалары бой көтерді.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы геологиялық жұмыстар мен зерттеулер Орталық Қазақстандағы пайдалы қазбалардың барлық түрлері мен олардың қор көздерін кеңінен зерттеуге жол ашты. Одан кейінгі жылдары да зерттеу қарқыны бәсеңдеген жоқ. Нәтижесінде, Орталық Қазақстанда Қарағандының көмірі, Балқаш пен Жезқазғанның мысынан бөлек, Атасу-Қаражал, Жәйрем, Өспен-Қайрақты, Қарқаралы-Қарағайлы сынды елді мекендерде темір мен өзге де пайдалы қазбалар бар екендігі анықталды.

1940 жылы академик Қ.Сәтбаев КСРО мен Қазақ КСР-ның басшы органдарына жазған қызметтік хаттарында қара металлургия комбинатын ашу мәселесін қозғады. Хатта Қарсақбай, Атасу, Қарқаралы кен орындарында өндірістік темір рудасының ауқымы 200 млн. тонналық қоры барлығын, Қарағандының кокстелген көмірінің миллиардтаған тонна қорын, едәуір су қорларын, марганец рудаларын, әктас, доломит, қышқақ шикізаты мен жергілікті құрылыс материалдарының жеткілікті екендігін есептеп, дәлелдеп-ақ бақты. Осының арқасында Қарағанды металлургия комбинаты бой ірге қалап, Теміртау қаласы бой көтерді.

Одақтық, республикалық және жергілікті билік пен басқару органдарының, еңбек ұжымдарының біріккен орасан зор жұмысының арқасында «Қарағандыкөмір» бірлестігі, Балқаш және Жезқазған кен-металлургия комбинаттары Орталық Қазақстанның көпсалалы өндірісі мен экономикасының барлық салалары үшін, қалалар мен селолардың, әлеуметтік саланың, білімнің, ғылым мен мәдениеттің жасалуы мен дамуы үшін негізгі тірек, базалық өнеркәсіптік кәсіпорындар болды.

Пайдалы қазбалары бар кен орындарын барлау жұмыстарының жылдамдығы мен ауқымын жандандыру және жалпы Орталық Қазақстанның индустриялдық дамуы үшін өткен ғасыр бойындағы Қазақстан геологтарының жүргізген белсенді және жемісті зерттеулерінің маңызы зор болды. Отандас геологтар 1930-1980 жылдары қатты пайдалы қазбалардың 90 өндірістік кен орындарын ашып, барлау жасады. Бұрын ашылған 55 өндірістік кен орны да қайта барланып, жаңа тыныс алды. 80 орта және ірі жерасты су көздерін, 5 емдік минералдық су орнын, сонымен қатар, құрылыс заттарының 350 кен орнын ашты. Барлық зерттелген кен орындары ғылыми және мемлекеттік тұрғыда мойындалды.

Ғылыми зерттеулер нәтижесінде өңір Қазақстанның бірегей темір-марганецтік, баритполиметалдық, сирек металдық және көмірлі провинциясы екендігі анықталды. Облыс аумағында республиканың марганец баланстық қорының 100%-ы, вольфрам үш тотығының – 80%-дан астамы, молибденнің – 63,9%-ы, қорғасынның – 54,2%-ы, мырыштың – 38,8%- ы, мыстың – 36%-ы, көмірдің – 31,9%-ы, оның ішінде, коксталған көмір қорының 100%-ы, волластонит пен родусит-асбесттің – 100%-ы, бариттің – 70,5%-дан астам қоры шоғырланған. Облыс бейметалл пайдалы қазбалар түрлерінің едәуір барланған қорына ие.

Геологтардың жемісті жұмысында Қ.Сәтбаевтың басшылығымен қазақстандық ғалымдар жасаған, металл пайдалы қазбалардың профильді типтері мен рудаға бай барлық аумақтардың мекен-жайы көрсетілген Орталық Қазақстанның металлогендік болжам картасы үлкен маңызға ие болды. Картада пайдалы қазбалардың кен орындары кешенді орналасқандығы көрсетілгендіктен, оларды барлау және игеру жұмыстары айтарлықтай жеңілдеді.

1954 жылы жарияланған бұл картаның кешенділігі, егжей-тегжейлігі мен ғылыми негізділігі бойынша сол кездегі әлемдік тәжірибеде баламасы болған емес. Сол үшін де Қ.Сәтбаев пен картаны құрастырушы ғалымдар Ленин сыйлығына ие болды. Орталық Қазақстанның табиғи ресурстары әлі күнге дейін зерттелуде.

Міне, осылай, геология ғылымы, табиғи байлық пен жер қойнауын зерттеу бойынша геологиялық барлау жұмыстары іс жүзінде ХХ ғасырдағы Орталық Қазақстанның өнеркәсіптік, әлеуметтік-экономикалық дамуының басы болды. Оның экономикасының, әлеуметтік саласының, ғылым мен білімінің барлық саларының өрлеуіне жағдай жасалды.

Орталық Қазақстан ғылымының дамуы үшін 1949 жылы Қарағандыда өткен академик Қ.Сәтбаев басқарған және академик И.Бардин және КСРО-ның басқа да ірі академиктері қатысқан Қазақ КСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы түрткі болды. Бұл сессияда Орталық Қазақстандағы өндірістік күштердің негізгі даму жолдары талқыланды. Бұл мәселелер кейін, 1958 жылы Қарағандыда академик Қ.Сәтбаевтың басшылығымен өткен Қазақ КСР Ғылым академиясының Қарағанды халық шаруашылығы кеңесі, республиканың Министрлер кеңесінің Ғылыми-техникалық комитеті мен республиканың Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бірлескен ғылыми сессиясында жалғасын тапты.

Сессияда жасалған ұсыныстар Орталық Қазақстанның 1950, 1960, 1970 жылдардағы өндірістік күшін дамыту мәселелерін ғылыми жобалауда маңызды үлес болды.

Көмір өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, химия өнеркәсібі, машина құрастыру, күрделі құрылыс, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала және оны ұйымдастырудың даму барысында Қарағандыда көптеген ірі бейіндік, арнайы ғылыми мекемелер ашылып, қызмет атқарды. Мәселен, тау-кен саласында 1945 жылдан бастап Бүкілодақтық тау-кен геомеханикалық және маркшейдерлік іс ғылымизерттеу институтының филиалы, 1946 жылдан бастап Шығыс жұмыс қауіпсіздігі ғылымизерттеу институтының филиалы, 1947 жылдан бастап Бүкілодақтық көмір ғылыми-зерттеу институтының филиалы, 1951 жылдан бастап «Карагандагипрошахт» институты, 1958 жылдан бастап «Гипроуглегормаш» ғылыми-зерттеу жобалық-конструкторлық және эксперименталдық институты жұмыс жасады.

Бұдан бөлек, химия және металлургия өнеркәсібі саласында 1958 жылдан бастап Химия-металлургия институты, 1983 жылдан бастап Органикалық синтез және көмір химиясы институты, 1991 жылдан бастап Жер қойнауын зерттеу мәселелері институты қызмет етті.

Өз кезегінде, күрделі құрылыс саласында 1961 жылдан бастап «Қарагандагорсельпроект» институты, 1964 жылдан бастап «КарГИИЗ», 1972 жылдан бастап «Центргипроводхоз» институты табанды тер төкті.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында 1938 жылдан бастап облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы, 1956 жылдан бастап Ботаникалық бақ, 1993 жылдан бастап Жер өңдеу ғылыми-зерттеу институты жұмыс жасап жатты.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында 1958 жылдан бастап Еңбек және кәсіби аурулар институты, 1995 жылдан бастап Фитохимия институты жұмыс істеді.

Жоғарыда аталған ғылыми мекемелердің ғылыми ұжымдары маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстардың нәтижелері Орталық Қазақстанның, жалпы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының тиісті салаларында тәжірибеде қолданыс тапты. Оған мемлекеттік құжаттар мен әр жылдардағы жарияланымдар дәлел бола алады. Жоғарыда аталған ғылыми және жобалық-конструкторлық ұжымдар аймақ пен бүкіл республиканың экономикасы мен әлеуметтік саласы дамуының ғылыми мәселелерін жобалаумен айналысты.

Орталық Қазақстанда техникалық және жаратылыстану, химия мен металлургия, биология мен медицина, қоғамдық пәндер мен басқа да салалардың ғылыми мекемелері пайда болып, дамыды. Тәуелсіз Қазақстанның өндірістік әлеуетінде, экономикасы мен мәдениетінде жетістіктерге жетуінде аймақтың ғылыми ұжымдары мен ғалымдарының үлесі зор.

Республиканың Ғылым академиясының алғашқы президенті Қ.Сәтбаев өзінің «Ғылым мен білімсіз Қазақстанның, жалпы кез келген елдің болашағы жоқ» деген ойын барлық замандастарымен салыстырғанда іс жүзінде кеңінен жүзеге асырды. Еліміздің ғылым саласындағы жетістіктері Қ.Сәтбаевтың ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің нақты нәтижесіне негізделеді.

1958 жылы Қарағандыда ғылыми-техникалық саясаттың міндеттерін шешуге, өндірістің алдыңғы қатарлы әдістерін енгізуді жылдамдатуға, химия және металлургия өнеркәсібі үшін жоғары білікті ғылыми кадрларды көбейтуге арналған Химия-металлургия институты (ҚазКСР Министрлер Кеңесінің №843 Қаулысы, 23 қыркүйек, 1958 ж.) құрылды.

Орталық Қазақстандағы ғылым мен білім дамуындағы ірі оқиға – 1983 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан бөлімінің ашылуы болды. Бөлімнің алдында ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО ғылыми жұмыстарын, ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен Орталық және Солтүстік Қазақстан аумақтарындағы ғылыми зерттеулерді үйлестіру міндеті қойылды. Одақтық, республикалық және облыстық деңгейлерде қабылданған бұл мемлекеттік шешім өзін-өзі ақтады.

Орталық Қазақстанның экономикалық тұрғыда елдің маңызды аймағына айналуына және отандық ғылымның дамуына қарағандылық ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары қомақты үлес қосты. Табиғи байлықтарды игеруді жылдамдату мен адами факторды белсенділендіруде аймақта ғылымның маңызды салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Сөйтіп, Қ.Сәтбаевтың ізбасарлары А.Сағынов, Е.Бөкетов, М.Жұрынов, Д.Әбішев, Қ.Құлқыбаев сынды академиктер зор үлес қосты.

1942 жылы өнеркәсіптік молибденнің концентратын алғаны үшін Қ.Сәтбаев пен Е.Антоновский КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атанған болатын. Сондай-ақ, ғылым мен техника саласындағы айтарлықтай жетістіктері үшін төменде аты аталған ғалымдар да осы сыйлыққа ие болды:

  • С.Макаров, П.Денисов пен Л.Егоров 1948 жылы Макаров жүйесі бойынша ұзақ кеңжардағы транспортерге бір мезеттегі көмірді шабу, қопару және артуға арналған жоғары өнімді комбайнды жобалап, өндіріске енгізгені үшін;
  • А.Гапеев, Г.Кушев, Г.Медоев және З.Семёнова 1948 жылы Қарағанды көмір бассейніндегі кокс көмірінің жаңа учаскелерін ашуға мүмкіндік берген геологиялық зерттеулері үшін;
  • П.Бурдюков, Ю.Победоносцев, П.Лобанов және Б.Ранский 1948 жылы байытылған мыс рудасының қалдығынан рение өнімдерін алудың жаңа технологиясын енгізгені үшін;
  • Е.Шевцов, Г.Кущанов, В.Бреннер, А.Шманев және Н.Юдин 1967 жылы («ПК» және «Қарағанды» типтес) ұңғылаушы комбайндерді жасап және олардың өнеркәсіптік өндірілуін игергені үшін;
  • Ю.Победоносцев, П.Александров, Г.Голивец, А.Егизаров, В.Нагибин, П.Матюшин, Б.Исмағұлов және Е.Бөкетов 1969 жылы оттегі қосып мыс қорытуды жылдамдатудың жаңа прогрессивті технологиялық үдерістерін жасап енгізгені және Балқаш кен-байыту комбинатының конверторларында рениялық өнімдер мен шығарылған газдардан күкірт қышқылын алуда шикізатты кешенді пайдаланғаны үшін;
  • В.Гурба, Т.Урумов, Д.Ешпанов, М.Бөпежанов және Г.Омаров 1970 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинаты мен Ащысай полиметалл комбинаты шахталарында кен жұмыстарын кешенді механизациялау үдерісін өзі жүретін қондырғыларды пайдалану арқылы руда өндірудің жаңа технологиясын жасап енгізгені үшін;
  • П.Гарухин, Ш.Тоқмағамбетов, П.Матонин, В.Богданов, Н.Гуленицкий, Н.Дрижд, А.Кан, К.Карженов, Я.Мартынов, Х.Хальфин, Ю.Худин және М.Мукушев 1972 жылы Қарағанды көмір бассейнінде механизациялаудың кешенді құралдарын қолдану негізінде өндірісті шоғырландыру мен көмір өндірудің жоғары тиімді технологияларын тауып енгізгені үшін;
  • М.Ақбиев, В.Емушинцев, В.Мирко, В.Бургов, Г.Цымбал және Н.Енин 1984 жылы металлургия өнеркәсібіне фосфорлы темір рудалы шикізатты өңдеу технологиясын өндіріске енгізгені үшін. Соның нәтижесінде тиімділігі жоғары жалпақ прокаттар шығарылып және осы шикізаттың бұрын барланбаған кен орындарын қолданысқа енгізуге мүмкіндік берді.

Қазақ КСР-ның және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты атақтарына келесі ғалымдар ие болды:

  • Ш.Есенов, Г.Бекежанов, А.Ситько, Г.Щерба – «Өспен тектоникалық зонасының геологиясы мен металлогениясы» жұмысы үшін 1972 жылы;
  • А.Сағынов, Ю.Векслер – «Жер асты құрылыстарының тұрақтылығы мен беріктігін есептеу мақсатындағы тау жыныстарының бұзылғыштығы мен сырғығыштығын зерттеу» жұмысы үшін 1974 жылы;
  • Н.Бойко, П.Сельский – «Қазақстан құрылыстарында прогрессивті қадалық іргетастарды енгізу» жұмысы үшін 1976 жылы;
  • Э.Меликов, Н.Блищенко, С.Мордвинцев, М.Жандәулетов, А.Пятрин, А.Жигайло – Қарағанды қаласының орталық бөлігінің жоспары мен құрылысын жасағандары үшін 1978 жылы;
  • О.Тищенко, М.Ақбиев, В.Марков – «Үлкен жүк артатын КамАЗ автомобильдері рамаларына қажет беріктігі жоғары болатты өндіруді игеру» жұмысы үшін 1979 жылы;
  • Д.Мұқанов, Л.Максакова, А.Першин, А.Стройковский, Э.Мининес – қара металлургиядағы техникалық үдерістерді басқару жүйесі мен агрегаттардағы шахта материалдарының ылғалдылығын автоматты түрде бақылау құралдар кешенің үлкен бірліктік әлеуетін арттырғаны үшін 1984 жылы;
  • А.Сағынов, А.Лазуткин, Д.Ешуткин, И.Янцен –«Қазақ КСР өнеркәсібінің кен өңдеу мен құрылыс салалары үшін қуатты гидравликалық машиналарды жасау теориясы мен құрастыру» атты жұмысы үшін 1987 жылы;
  • Ж.Әбішев, А.Жарменов, С.Байсанов, С.Дүйсембаева, М.Толымбеков, Б.Хасен – 1983-2000 жылдарда «Ферросиликоалюминийдің әлемдік деңгейіне сай өнімі мен күкірт қышқылының таза сұрыптарын шығара отырып, техногенді шикізатты қайта өңдеудің технологиясын жасау және өндірісін ұйымдастыру» жұмыстарының топтамасы үшін 2001 жылы;
  • А.Ақбердин, В.Ким, А.Ким, К.Сарекенов, Ж.Сүлейменов – «Сапасы әлемдік деңгейге сай қазақстандық ферроқоспалардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін арнайы мақсаттағы материалдарды: флюс пен арнайы кокс түрлерінің өндірісін ұйымдастыру және технологиясын жобалау» жұмысы үшін 2003 жылы;
  • М.Жұрынов, А.Ғазалиев, А.Баешов, А.Баешова, С.Фазылов – «Қазақстанның табиғи шикізаттары негізінде жаңа биологиялық белсенді заттарды, металдар қосылысы мен ультрадисперсті ұнтақ алудың электрохимиялық әдістері мен технологиясы» атты жұмыс топтамасы үшін 2003 жылы;
  • В.Малышев, Н.Бектұрғанов, А.Нұрмағамбетова, Т.Сүлейменов – «Қатты, сұйық және газ қалпына арналған хаосты бөліктердің ортақ теориясын жасау және технологияны жетілдіру үшін оның қолданылуы, тазартылмаған мыс пен мыс сымның сапасы мен өндірісін арттыру» атты жұмыс үшін 2005 жылы;
  • Т.Намазбаев, Д.Мұқанов – «Қазақстанның жоғары технологиялық әлемдік өнім нарығы – тұрақты изотоптар нарығына шығуын қамтамасыз ететін ғылыми-техникалық және ақпараттық-сараптамалық жұмыстар кешені» жұмысы үшін 2005 жылы;
  • С.Әдекенов, Х.Итжанова, А.Кагарлицкий, М.Мұхамеджанов, К.Мұсылманбеков, К.Рахимов, В.Сирота, К.Тұрдыбеков – Қазақстанда химия бойынша табиғи сесквитерпенді лактондарды зерттеуді дамыту, олардың негізінде жаңа емдік заттарды іздеу мен шығару, отандық бірегей фитопрепараттарды өнеркәсіптік деңгейде өндіруді ұйымдастыру жұмыстары үшін 2007 жылы;
  • А.Жарменов, Л.Болотова, С.Исабаев, Х.Күзгібекова, И.Старцев, Н.Ушаков, С.Шалғымбаев, В.Шумской «Технологиялардың әлемдік нарығында Қазақстанның мәртебесін көтерген және елдің инновациялық дамуына маңызды үлес қосқан қорғасын мен алтын металлургиясы саласындағы зерттеулерді өнеркәсіптік жүзеге асыру» жұмысының топтамасы үшін 2015 жылы;
  • А.Ахметов, В.Басин, М.Витущенко, А.Мұхтар, А.Рау, Б.Сәтбаев, В.Яблонский – «Болатты өндірудің бәсекеге қабілеттілігі мен оның коммерциялылығын арттыратын төмен сапалы әрі техногенді шикізатты қайта өңдеуді іске қосудың әлемдік деңгейдегі технологиясын жасау» жұмысы үшін 2017 жылы.

Жоғарыда келтірілген материалдардың барлығы Қ.Сәтбаевтың Орталық Қазақстан аймағының дамуына қосқан үлесінің айғағы болып табылады. Оны дәлелдеу артық деп ойлаймын. Осы көрнекті ғалым алдында біз басымызды иіп, оның таланты мен еңбегіне тағзым етеміз!

Зейнолла МОЛДАХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА академигі.

Басқа материалдар

Back to top button