Бас тақырыпТарих

Ел тарихына айналған тағдыр

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай мақала әзірлеуге Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығына қарай беттедік. Фототілші Руслан Қалиев бар. «Теміртау – тарихи қала. Нағыз өндіріс ошағы. Елбасының қанат қаққан шаһары. Мұражайының біздің облыста болуы – үлкен олжа ғой» деп әңгіме өрбітіп келе жатып, діттеген жерімізге де жетіп қалыппыз. Расымен, Елбасының өзіндік тұлғасын ғана емес, елдігіміздің тұғырын биік етеді бұл орталық. Ұлт көшбасшысының өндіріс ошағындағы қажырлы еңбек дәуірін тұтастай суреттеген. Бала шағынан бүгінгі күнге дейінгі ғұмыры жайлы есті естеліктерде есеп жоқ. Қысқасы, бұған дейін де талай сүйіншілеп жазылған болатын. Ал, бүгінгі мақсат – кейінгі түскен жәдігерлерді ойып-ойып назарларыңызға ұсыну. Естеріңізде болса, былтырғы Тәуелсіздік мерекесінде облыстың бұрынғы әкімі, қазіргі Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановтың ықпалымен орталықтың қорына 17 жәдігер келіп түскен-ді. Сол турасында…

“Мерседес Бенц S600 L” автокөлігі

Тұңғыш Президенттің қызметтік машиналар паркінен алынған. Елбасының Астана мен ел өңірлеріне жұмыс сапарлары үшін пайдаланылды. Түсі – қара. Қозғалтқыш көлемі – 5513 см. куб. Шанақ түрі – седан. Көліктің алдыңғы шанағының бөлігінде байрақ бекітілген. Көліктің салмағы – 5,5 тонна. Жылы – 2005. Елбасы қауіпсіздігін сақтау мақсатында автокөліктің терезелеріне оқ өтпейтін әйнектер орнатылған және қауіпсіздік жүйесімен толықтай жабдықталған.

«Түйе» кәдесыйы

ҚР Тұңғыш Президентіне ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннен сыйлық. Күміс түсті жылтыр және ойылған өрнектері бар. Бір бүйірінде «Жібек жолының» сызбасы салынған. Түйе – қасиетті жануар. Ал, Ұлы Жібек Жолы арқылы тек сауда жүйесі дамып қана қоймай, Шығыс пен Батыс өркениеті тоғысып, мәдениет және дипломатиялық қарым-қатынас орнады. VI-VII ғасырларда Қытайдан бастау алған керуен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан даласын кесіп өткен. Соны негізге алған Си Цзиньпиннің бұл тартуды сыйлауында үлкен мән жатыр.

“Орыс ауыл шаруашылығының толық энциклопедиясы”

Владимир Путиннің тартуы. 12 томдық кітап қоңыр түсті былғарымен түптелген (кітаптың атауы, томның нөмірі және бірінші және соңғы мақалалардың атауы көрсетілген). Бұл кітаптар 1900-1905- ші жылдары басып шығарылған. Энциклопедиялар арнайы былғары сауытта сақталған.

“Конституция” кітабы

ҚР Тұңғыш Президентіне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің тарту еткен сыйлығы. Көк түсті былғары мұқабасына Елбасының суреті бар алтыннан құйылған пластина бекітілген. Жиектемелері жасыл түсті асыл тастармен көмкерілген. Суреттің үстінде және астында сопақша күміс әріптермен «Назарбаевтың Конституциясы» және «Назарбаевская Конституция» жапсырма жазуы бар. Мұқабаның төрт бұрышында ҚР Елтаңбасы бейнеленген.

“Куч-Биримдике” кәдесыйы

 Елбасыға Қырғызстанның экс-президенті Алмаз Атамбаевтың сыйлығы. Мүсіндік миниатюра. Қоладан құйылған. Киіз үйде алқа құрып отырған үш ақсақалдың бейнесі. Композиция үш құлпы бар тік бұрышты ағаш негізге бекітілген. Негізге алтын қаңқасы бар шыны қорап бекітілген.

Сонымен қатар, Елбасының жеке заттарынан «BLXKhamshinFive» атты теннис ракеткасы мен теннис ойынына арналған киім жиынтығын кездестіруге болады. Жәдігерлер қатарынан «Waterman» қауырсын қаламы мен қорабы бар оптикалық көзілдірігін де көзіңіз шалады. Ал, кәдесыйлар қатарында Қырғызстанның экс-президенті Алмаз Атамбаевтың «Шабандоз найзамен» сыйлығы бар. Сыйлық салт аттылардың қола коллекциясынан (Қырғыз қағанаты IX-X ғғ.). Қытай Халық Республикасының экс-төрағасы Цзянь Цземиньнің, Иордания Королі II Абдалланыңда тарту-таралғылары және бар.

 Нұрсұлтан Назарбаевтың 12 атаға дейінгі туыстық ататегі бейнеленген шежірені де атап кеткен жөн. Шежіре тұнық жасыл барқытқа Үндістанда шығарылған алтын жіппен тоқылған. Жеке портреттері де кейінгі келген экспонаттар қатарында.

P.S: Міне, орталыққа кейінгі келген жәдігерлер – осылар. Бүгінгі таңда жалпы саны 3434 экспонат бар. Қор жыл сайын қала тұрғындары мен өзге де мекемелер ұсақ жәдігерлермен толықтырып отырады. Елбасының атқарған ерен еңбектері мен қайраткер ретінде қалыптасу кезеңінен мол мағлұмат беретін мекемеге Сіз де ат басын бұрыңыз…

Қасымхан ҒАЛЫМ,

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button