Ел назары — экологияда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйекте облысымызға жасаған жұмыс сапары кезінде аймақ дамуын алға бастыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берген еді. Соның бірі – өңір экологиясын жақсарту. Осыған орай, сәрсенбі күні облыс әкімдігінде ҚР Энергетика вицеминистрі Сәбит Нұрлыбай мен аймақ басшысының орынбасары Серік Шайдаров қатысқан жиын өтті.

«Ауруын жасырған арам өледі» дейді. Биылғы қыс айларында Теміртау қаласының тұрғындары қара түсті қар жауғанын айтып, дабыл қаққан еді. Елміздегі ең ірі өнеркәсіп өңірі болған соң, облысымызда мұндай жайттың орын алуы тұрғындар назарынан тыс қалмауы заңды. Бұл ретте, жедел жұмыс тобы құрылып, мәселенің анық-қанығына жету үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиісті компаниялар жауапқа тартылып, ірі көлемде айыппұл да салынған еді. Соның бірі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Аталған компанияға қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 1 млрд. 300 млн. теңгеден астам айыппұл тағайындалды. Қазіргі күні бұл мәселеге қатысты әлі де сот процесі жүруде.

Облыста 7,2 млрд. тоннадан астам қалдық түзілген. Жыл сайын 600 мың тонна шығарындылар және 1,3 млрд. шаршы метр ағынды су төгіледі.

Табиғат қорғау шараларына миллиардтаған ақшалай қаражат бөліп отырғанына қарамастан, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС сияқты ірі табиғат пайдаланушылары қоршаған ортаның ластануына айтарлықтай себепкер болып отырғанын да жасырмауымыз керек.

 – Өздеріңіз білетіндей, Елбасы осы өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде экологияны жақсартуға қатысты бірнеше тапсырма берген болатын. Біздің бүгінгі жұмыс та соған бағытталмақ. Яғни, Үкімет пен облыс әкімдігі бірлесе отырып, облыстың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша кешенді іс-шаралар қабылдайды. Осыған орай, ірі мекемелер мен кәсіпорындардың, компаниялардың басшылары да шақырылды. Аталған кешенді шаралар қыркүйек айының соңына дейін қолданысқа енгізілуі тиіс. Бұл ретте, Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларының экологиялық жағдайы сөз болады. Себебі, өңірдегі ірі өндіріс орындарының басым бөлігі осы қалаларда шоғырланған, – деді Сәбит Нұрлыбай.

Сөйтіп, жиын барысында өңірдің қазіргі экологиялық жағдайы туралы облыстың экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы 1-ші жартыжылдықта облыстың экология департаментіне қарасты мемлекеттік экологиялық реттестіру бөлімі 163 жобалық материал қарастырды. Әлі де 25 материал қаралу үстінде. Бұл ретте, мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты ҚР заңнамаларын бұзушылық фактісі тіркелмегенін айта кету керек.

Сөйтіп, бюджет қаражатын үнемдеу нәтижесінде «ЭРА» бағдарламалық кешені белгіленген. Өз кезегінде, мемлекеттік экологиялық реттестіру бөлімі биылғы 1-ші жартыжылдықта қоршаған ортаға эмиссиялауға қатысы 100 ұсынысты қараса, соның 49-ына рұқсаттама беріліп, 51-і кері қайтарылған. Ал, осы жылы кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен табиғатты қорғау шараларына 20,1 млрд. теңге қарастырылса (2017 жылы – 14,7 млрд. теңге), алғашқы жартыжылдықта соның 2,4 млрд. теңгеден астамы игерілген. Қоршаған ортаға эмиссиялау төлемі 2018 жылы 14 млрд. теңгені құрауда. Сөйтіп, жиын барысында өңірдегі экология мәселесін жақсартудың жүйелі жолдары тілге тиек етілді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС сынды компаниялардың атқарушы және техникалық директорлары баяндама жасап, қоршаған орта мәселесін жақсартуға қатысты компания жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, аймағымыздағы жылу электр орталықтары жұмысын жүйелендіру мен жаңғырту бойынша да бірқатар мәселелер қаралды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.