Ел мақтаны – Таймас батыр

Биыл жергілікті халық қастер тұтып, құрметтейтін Таймас батырдың кесенесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңғыртылып, маңызды тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына өтуі керек деген хабарды естіп қуанып қалдық. Сөйтіп, мемлекет қамқорлығының арқасында Арқа төсінде тағы да бір тарихи ескерткіш жаңғыруы тиіс.

Кенесары ханның сенімді сардары

ХіХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының ұлт азаттығы жолындағы күрестерінің ең іргелісі Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс еді. Ежелгі атақонысы Көкшетау өңіріне отарлаушылар түбегейлі енген соң, Кенесары әкесі мен төрт ағасына: «Абылай ханның Русиямен жасасқан шартын бұзғандарына көніп отыру – бізге ұят. Құдай қаласа, барлық қазақтың басын қосып, Абылай хан дәуренін қайта орнатуымыз керек. Алла Тағала өзі бізге жар болғай!» – дейді. Бұл шешімге олар берік тоқтасып, отаршылыққа қарсы күрес ашады. Он жылға созылған (1837-1847) бұл көтеріліс қазақ бұқарасы тарапынан нақты қолдауға ие болып, қазақтың әлеуметтік тарихынан зор орын алады.

Қазақ елінің соңғы ханы Кенесары өз төңірегіне әмірін бұлжытпай орындайтын жасауылдар жинады. Олардың ішінде Кенесарының қолына өз еркімен келіп қосылған Таймас, Ағыбай, Бұқарбай, Иман, Шәкір, Жәуке, Мәнжі сияқты батырлар болады. Кенесары Есіл, Ұлытау, Торғай, Жыланшық, Ырғыз, Мұғалжар бойларында жорық жасап, патша үкіметі орнатқан әскери бекіністерді шапты. Мәселен, Ақмола, Ақтау, Адырлы, Ембі және тағы басқа бекіністерді.

Кене хан тобындағы батырлар өз бастарының тіршілігін күйттемеген, ел қамын жеген ерлер болған. Осылардың көш басында Кенесарының оң қолы болып, Таймас Бектасұлы жүрген. Таймас батырдың тарихи тұлғасын және Кенесары көтерілісінің жай-жапсарын терең баяндаған шоқтығы биік екі еңбекті айрықша атап айтуымыз керек. Оның бірі –тарлан тарихшы Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясы. Бұл кітаптың ұлтшылдықты уағыздайтын антикеңестік, компартия саясатына жат үгіт құрамы деп танылғаны, авторының 25 жылға сотталып, тек Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана ақталғаны белгілі. Екіншісі – заңғар жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы. Көркем шығарма болғанымен, Е.Бекмахановтың еңбегі «қамауда жатқан» кезде бұл романның талай жанның көкірегіне «осындай да бабаларымыз болыпты-ау» деген сезім сәулесін себезгілеп, тұтас бір ұрпақтың көзін ашып, көңілін оятқаны – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Арғын-Қуандық тайпасы, Қареке руының Тоқбура тармағынан шыққан Таймас Бектасұлы Кенесары хан жасағының сапында қол бастап, өшпес даңққа бөленген. Ол 1795 жылдар шамасында Арқа өңірінде дүниеге келген. 1837 жылы осы өңірдегі Арғын тайпасының алтай, қарпық, бөрші, темеш, сүйіндік, қозған, қақсал руларының жігіттерін жинап, Кенесары жасағына қосылған. Кенесары небір қиын тапсырмаларға жұмсағанда оларды мүлтіксіз орындап, ханның ақылшысы, сенімді серігінің бірі саналған. Бұл жөнінде І.Есенберлиннің тарихи «Көшпенділер» трилогиясында нақты айтылады: «Бір төбе басындағы тас обаның жанында үш адам отыр. Бірі – Кенесары. Қасындағылары – Таймас пен Әбілғазы». Қасым хан дәуірінен бастап, қазақта тақ төңірегіне орналасудың өзіндік ерекше дәстүрі болған. Тақта отырған ханның оң жағындағы адамды Маймене, сол жағындағыны Майсара деп атаған. Маймене мен Майсараны ең беделді рулардан, ханның оң қолы мен сол қолы тәрізді сенімді адамдардан сайлаған. Қасым ханнан бастап, Абылайға дейін қазақ хандарының Маймене орнына Арғын, Майсара орнына Қыпшақтан шыққан беделді би, бекзадалары отырып келген.

Кенесары тек Абылайдың ала туын өзінің жасыл туына айырбастағаны болмаса, ата дәстүрін берік ұстауға тырысқан. Сондықтан, Маймене мен Майсараны хан ісі мен соғыстағы ең жақын, ең сенімді серіктері Таймас пен Әбілғазыға берген. Таймас Арғын руынан болғандықтан, оны Маймене, сұлтан тұқымынан шыққан өзінің немере інісі Әбілғазыны нағашы жағынан Қыпшақ болғандықтан Майсара еткен. Бұл екеуі қай жерде жүрмесін, осы тәртіпті бұзбайтын. Міне, қазір де Таймас ханның оң жағында, Әбілғазы сол жағында отыр» (Есенберлин І. Он томдық шығармалар жинағы. 7-ші том, 3-ші кітап. Алматы: «Жазушы», 1986, 301302 беттер).

Таймас Бектасұлы Кенесары бастаған халықтың Ұлт-азаттық көтерілісіне басынан аяғына дейін қатысып, неше қилы ерлік күрестерді бастан кешкен. Ұлт-азаттық қозғалысы ыдырағанша Кене ханмен бірге болған. Ол туралы «Қаһар» романында былай деп жазылған: «Кенесары соңынан қуғыншы шықпасын деп отырған жерінен қыс түсе көшті. Кенесарының соңынан мың қаралы үй ерді. Қалған қалың бұқара қаны қарайған ханнан іргесін аулақ салып, өз қоныстарына тарады.

Көш алды қарақұрымданып ылдиға түсіп кеткенде, Кенесарымен бірге төбе басында тұрған Досқожа ақын шыдай алмай, домбырасын қағып-қағып жіберіп, көзіндегі жасын іркіп алды да, қарлыққан дауыспен жыр тоғытып қоя берді:

«Қалдың деп қайран елім, кең қонысым,

Қамығып тұрды Кене жұртын ойлап,

Кене хан енді көшті «Я, Құдайлап!».

Тұрған соң хан қамығып, ел жабығып,

Досқожа толғай берді кегін қайрап…».

Көш ұзаған сайын, жыр да ұзай берді. Шыдай алмаған Кенесары алға қарай асыға шаба жөнелді.

Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Иман, Құдайменді, Наурызбай, Бопай, Таймас, Әбілғазы, тағы бір топ кісі аттарын борбайлай қамшылап, соңынан ерді. Осыдан жеті жыл бұрын, көтеріліс басталған сәтте-ақ Кенесарыға қосылған бұл батырлардың ішінде, ел билігін қайтадан қолына алған Жоламан сұлтан ғана жоқ еді» (Есенберлин І. Он томдық шығармалар жинағы. 7-ші том, 3-ші кітап. Алматы: “Жазушы”, 1986, 323-324 беттер).

Хан Кененің сәтсіз жорығынан соң оңтүстіктен еліне оралған Таймас батырдың бағы, басы басқа жақта қалмай, өзінің туған жеріне аман-есен оралып, ағайын-туғандарының ортасында өз ажалынан көз жұмуы Құдай берген ерекше қасиетінен болса керек.

Кенесарының батырды аса жоғары бағалауы

Батырды батыр, ер атандыратын қасиет – оның ел тәуелсіздігі, халық бостандығы, ұлт азаттығы жолындағы батырлық, ерлік істері. Мұндай үлкен атақты беретін де, ердің ерлігін, батырдың батырлығын бағалайтын да, ардақтайтын да – халықтың өзі. Халық Таймастың батырлығын, ақылын, тапқырлығын, көрегендігін жоғары бағалаған. Ел аузында оның көзі өткір, жітілігі, жершілдігі, сапарда жолы болғыш, тындырымдылығы аңыз түрінде көп айтылған.

Таймас Бектасұлының ел аузында аңызға айналуының негіздеріне сүйенсек:

— тәуелсіздік үшін күресте елдің тұтастығын, бір қазақты алаламай, бөлмей, ұлты үшін күрескендігі;

— мал, олжа, бас пайдасы үшін арын сатпайтындығымен ерекшеленуі;

— билік үшін таласып, шенқұмарлық, атақ үшін өмір сүру сияқты кеселден аулақ болуы;

— қасына ерген майдандас жолдастарына қамқорлығымен, оларға сый-құрмет көрсету үлгісімен дараланған.

Осы аталған қасиеттердің бәрі, сайып келгенде, Таймас батырдың зерек ақылдылығының белгісі. Батырдың бойындағы осынау ерекшеліктері ол қатысқан жорықтардың сәтті аяқталуына, тапсырылған істің тиянақты орындалуына дәнекерлік еткен.

Кене хан осы қасиеттері үшін Таймас Бектасұлын аса жоғары бағалаған. Қиын-қыстау, тар жол, тайғақ кешуде үнемі Таймастың ақылына сүйенген. Онымен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас жасаған. Бұл туралы Е.Бекмаханов былай деп жазған: «Баянауыл округтік приказындағы Төрткүл болысының көтеріліске шыққан қазақтарын Таймас Бектасов басқарды. Кейіннен Кенесарының жанында елеулі рөл атқарды және оның әскери мәселелері бойынша ең жақын кеңесшілерінің бірі болды. Таймас Бектасовты Кенесары қатты сыйлап, жақсы көрді. Сол уақыттағы ресми үкімет құжаттарында Таймас Бектасов туралы былай делінген: «Ол Кенесарыдан бір елі қалмайтын және орыс отрядтарына шабуыл жасаған сайын істің басы-қасында болып, орыстарға қалай қарсы тұру керек екенін айтып, Кенесарыға көбінесе жөн-жоба көрсетіп отырды, сонысы үшін Кенесары оны жақсы көретін және онымен бір табақтағы тамақты бөліп жейтін» (Бекмаханов Е. «Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында»: Оқу құралы. Алматы: «санат», 1994, 233 бет).

Ақылдылық, намыс, арлылық, тазалық пен ерлік ұғымдары бойында табиғи үйлесім тапқан Таймас батырдың өмірі – қазіргі қазақ ұлдарын тәрбиелеу үшін пайдаланатын үлгі.

Қареке-Алтай болысын басқаруы

1822 жылы шыққан «Сібір қырғыздарының Жарғысы» бойынша хандық жүйе жойылды. Осы Жарғыдан бір ай бұрын Сібір губернияларының басқармасы құрылып, Шығыс және Батыс деп, Сібір екіге бөлінген болатын. Батыс Сібірдің құрамына Тобыл, Том және Омбы облыстары кірді. Орта жүз қазақтары осы Омбы облысына қарады және басқа қазақтардан айырмашылығы – Сібір қазақтары деп атала бастады. Омбы облысы сыртқы және ішкі округтерге бөлінді. Арқа өңірінде сол уақытта өмір сүрген ру-тайпалар сыртқы округтерге бағынды. Округтер 10-15 ауылдан тұратын болыстарға, болыстар 50-70 шаңырақтан құрылған ауылдарға бөлінді. Болыстарды қазақ «болыс» атап кеткен басқарушылары («волостной управитель»), ауылдарды старшындар басқарды. Округтерді сұлтандардың өздері үш жылға сайлаған аға сұлтандар биледі. Әрбір округте әкімшілік, сот және полицияны біріктірген приказ деген басқару органы жұмыс істеді.

1832 жылдың 22 тамызында Ақмола округі ашылды, оған қарасты бірнеше болыстар пайда болды. 1834 жылы Қареке-Алтай болысы басқарушылығына елге танымал Таймас Бектасұлы сайланды. Жоғарыда айтқанымыздай, Таймас батыр Кенесары көтерілісінің мәні мен мақсатын жан-тәнімен түсініп, одан қолдау-көмегін аямаған адам ретінде белгілі. 1837-1847 жылдары Кенесары ханның жасағында бастан-аяқ болғандығының өзі оның туған елінің азаттығы мен дербестігін аңсаған дара тұлғалардың бірегейі екендігін аңғартады.

Кенесары көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін, патша үкіметі тарапынан кешірімге ие болған Таймас батыр бұрынғы атақонысына оралып, қазақы шаруашылықпен айналысқан. Орта Азия мен Кавказ елдерінде Ақ патшаның отаршылдығына қарсы соғысқандардан Шәміл имамға, Ағыбай және Таймас батырларға ғана бостандық берілген. Демек, Ресей императорының өзі олардың соғысының әділетті екендігін мойындады деген сөз! Ендеше, қаншама рет сол кезде Ресей мойындамағанмен, Кенесары Қасымұлы бастаған бостандық үшін қан төгудің тарихи ақиқатын Таймас пен Ағыбай батырлар адамзат алдында дәлелдеп кеткен.

Орыстар сайланатын болыстарға, төбебилерге сайлау алдында «донесение»-мінездеме түсіріп отырған. 1850 жылғы «донесениеде» жергілікті халықтың қалауымен Қареке-Алтай болысының басқарушысы 55 жастағы («донесениеде» 65 жаста деп қате көрсетілген) Таймас Бектасов сайланған делінген.

Архивте сақталған Таймас бектасовтың 1860 жылы толтырылған қызмет тізбесінде (формулярный список), генерал-губернатордың бұйрығымен сайлау қортындысына сәйкес, оның Қареке-Алтай болысының басқарушысы болып қайтадан бекігендігі және бұл қызметті атқаруға қабілеті мен беделі сай келетіндігі атап көрсетілген: «По выбору народа Қареке-Алтаевской волости избран в эту волость волостным управителем и утвержден в этой должности – 1860 г., января 14… (Заседатель смольский). секретарь Аталыков. ИГА РК.Ф.И – 345. Оп. 1. Д. 1610. Л. 260 об. – 261. Подлинник».

Таймас Бектасұлы әулет дәстүрі, отбасы тәрбиесі, өскен ортасы, көрген-білгеніне қарай, ел қамын ойлаған текті азамат ретінде танылған. Адамгершілігі мол, билігі әділ болған. Таймас 25 жылдай (1834-1836 және 1850-1870 жылдары) болыстық қызметте жүріп, Орта жүз бен Кіші жүздің небір бетке ұстар жақсылары мен жайсаңдары қатысқан жиындарда белсенділік көрсетіп, ел намысын қолдан бермеген. Шен-шекпенге сатылудан, жағымпаздықтан бойын аулақ ұстаған.

1855-1881 жылдары Ресей империясын билеген Александр ІІ патша 1868 жылы 21 қазанда «Далалық облыстарды басқару туралы уақытша ережеге» қол қойғаны белгілі. Бұл құжат қазақ даласындағы аға сұлтандар билігін біржола жойып, қазақтың барлық жерін Ресей меншігі етіп жариялады. Таратылған дуандар (округтер) орнына орыс әкімдері басқаратын ояздар (уезд) құрылды. Әрбір оязда қазақы дауларды қарайтын билер тағайындалып, оларға мойынға тағатын белгі берілді.

Қазақ жері үкімет меншігі деп жарияланған соң әрбір болысқа көші-қон жолдары мен тұрақтары белгіленіп берілді. Мәселен, Қареке-Алтай (1875 жылдан бастап Шерубай-нұра) болысының шекарасы есен өзенінің Нұраға құйған тұсының жоғарғы жағымен, Қозыбақтың бастауымен және Нарбақтың ескі арнасының бөлінген жерімен, Қужал өзенінің Сарысуға құйған жерімен, Үңірек, Өртеңжал шоқыларымен, Сарыадыр, Сарыкөл, Қойтас, Айнабұлақ, Қуөзек, Нұра өзенінің жанындағы Қонақбай бейітімен өтетін болды. Қыстаулары болып Шерубай-Нұра өзені бойындағы бұғылы, Таматау, Тектұрмас, Сарытау, Тілен жалы, Құмадыр, Топар, Жалайыр, Айтбай-Опаны, Шойынды, Қойынды, Сасықкөл белгіленді. Қыстаудан жазғы жайлауға өтетін жері ретінде Нұра өзені, Сұңқар, Қарасу, Арықты көлі, Ошағанды, Сабырқожа, Сағындық, Апан, Бүйректал, Тоқсымақ, Анар, Байдалы көлі, Қарғалы, Борлы және Жаманкөл белгіленді.

Қазақстанның кең байтақ жері Ресейдің меншігіне өткеніне наразылық білдірген Таймас Бектасұлы 1870 жылы болыс басқарушысы қызметін атқарудан бас тартты.

Сөз соңы

Көзінің тірісінде-ақ Арқа өңірінің, Қуандық-Алтай руының «бозжорғасы» атанған Таймас батыр 1870 жылы қайтыс болған. Бейіті өзінің ата қонысында (қазіргі Шерубай-Нұра станциясының маңында, теміржол бойында) – кезең мұрасынан қалған жұқана ғана. Мүлдем құлап, үйіндіге айналмай тұрғаны баршаға мәлім.

Түйіндей келе  айтарымыз – Таймас батырдың өмірі мен қызметі жайлы кейінгі жылдарда архив құжаттары арқылы анықталған дерек мол. Ел аузында сақталған көптеген әңгімелер бұл сөзімізді жандандыра түседі. Сондықтан да, Таймас Бектасұлы сынды аса күрделі тұлғаның күрескерлік, азаматтық кескін-келбеті уақыт өткен сайын айқындала, ашыла түсері сөзсіз. Өйткені, шынайы тарихымызды жаңа танып, жаңа тауып жатырмыз.

Рашит КАРЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,

ҚарМУ-дің еңбек сіңірген қызметкері.