Жаңалықтар

Ел мүддесі – келер шақтың кемелдігі

БИЫЛҒЫ ЖЫЛ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ОРАСАН МАҢЫЗЫ БАР ОҚИҒАЛАРМЕН ЕРЕКШЕЛЕНДІ. ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІМІЗ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ПРЕЗИДЕНТТІК ӨКІЛЕТТІЛІГІН МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТОҚТАТАТЫНЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕДІ. 19 НАУРЫЗДА ЕЛБАСЫ ЕЛІНЕ, ҮКІМЕТКЕ АЛҒЫСЫН БІЛДІРІП, ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ИГІЛІКТЕР ТІЛЕДІ.

Елбасы және елдік жолы

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының талабына сәйкес, Президенттің міндетін уақытша атқаруға кірісті. Елбасының өзі: «Екеуміз Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бірге жұмыс істеп келеміз. Жақсы білемін. Адал, жауапкершілігі зор және ықтиятты адам. Ел ішіндегі және елден тысқары жүргізілетін саясатты толық қолдайды. Елімізді өркендетуге бағытталған бағдарламалардың барлығы оның қатысуымен әзірленген және қабылданған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды басқаруды сеніп тапсыруға болатын адам екеніне сенемін» – деді. Осы сөздерден-ақ халық бір демде есін жиып, атқарылған істің бәрі хаттамаға ғана жазылатын дүние емес, Елбасының биліктен кетіп бара жатқанын жан-тәнімен түйсінді. Онымен бірге өткен ғасырдағы билеушілердің де дәуірі қоса кетті. Тарих тақтасында ізі қалған адал, ержүрек әрі ақкөңіл басқарушы… Күндердің күнінде осылай боларын сезсек де, жүрек сенгісі келмей бұлқынды. Көз алдымызда бір сәтке ақ-қара түсті кино таспасындай 30 жыл жүгіріп өтті. Санамыз Елбасының билікте болғаны ерекше тарихи кезең екенін түйсініп, ол кезеңнің келмеске кеткенін сезінгенде ішкі ойымыз бұлқанталқан күй кешіп, қарсылық танытқысы келгендей болғанын да жасыра алмаймыз.

Өткенді кері қайтару адамзаттың қолынан келген бе?! Бір ай өтпестен ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстанда мерзімінен бұрын сайлау өткізілетіні туралы мәлімдемесімен тағы бір оқиға бастау алды.

…Болжам, жорамал, алып-қашпа сөз бен ойтолғаулар. «Сайлау жоспарланғандай 2020 жылдың желтоқсанында өтер болса, еліміз биліксіз отырар болса, жағдайымыз қалай болар екен?» деген ойға мен де қалдым. Шынымен де, бұл кезең қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігі алдымыздағы жылдың сәуір айында аяқталатындықтан, сегіз ай бойы жалғаспақ екен. Ал, одан кейін не болмақ? – деймін тағы. Президентсіз сегіз ай!..

Айтуға оңай, әрине. Басшысы жоқ елдің беделі биік болмайды, әлеуметтік шиеленістер туындауы да бек мүмкін. Сондықтан, Мемлекет басшысы өз орнында болуы тиіс.

Шүкіршілік, Қазақстандағы жағдай үнемі тұрақты. Елімізді басқару тізгіні 30 жыл халқын бейбітшілік пен тұрақтылыққа шақырып, саяси және экономикалық қадамын қатесіз басқан парасатты саясаткер, тәжірибелі стратег, үздік көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығында болды. Жыл сайынғы Жолдаулар, бағдарламалық хаттар мен мақалалар… Осы жылдарда Қазақстанның беделі артып, экономикасы өркендеді. Ендеше, Елбасы нұсқаған елдік жолынан таймау – ұлы міндет.

Астананың тағдыры – Елбасының ерлігі

Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру Тұңғыш Президент үшін басты бәйгеге тігумен тең болды. Бас қаланы көшіру жас мемлекетті дамыту символына айналуы керек болатын, сондықтан, қателесуге болмайтын еді. Күмән келтіргендер де көп. Елдегі проблема да ұлғая берді. Оның үстіне елдегі экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, саяси жүйедегі қайта құру, бұқара санасын өзгерткен тоқсаныншы жылдар болатын. Елбасының көзсіз ерлігі, жігері, саяси көрегендігі мен кемеңгерлігі Астананың тағдырын шешті. Сол кездегі Ұлт Көшбасшысының беделі болмағанда, бүкіл әлемнен мамандар шақырып, қаражат тарту мүмкін емес еді. Астанадағы көптеген нысандардың құрылысы орасан гранттар мен қайтарымсыз инвестиция құйған Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері, Кувейт, Катар, АҚШ сияқты мемлекеттер мен жеке фирмалар есебінен салынды. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы кейін «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазды. Астананың көркеюі Қазақстанның өркендеуіне әкелді, халықаралық саяси, мәдени және спорттық шаралар өтетін алаңға айналуы еліміздің оң имиджін қалыптастырды. Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының бірінші және кейінгі съездері, 28 мемлекет басшылары қатысқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Қысқы Азия ойындары, Жастардың IV бүкіләлемдік экономикалық форумы, әйелдер арасындағы бокстан әлем біріншілігі, Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөздер, Бүкіләлемдік қысқы универсиада, ЕХРО-2017 – жер-жаһан көз тіккен оқиғалар санатында болды. Бұның барлығы – Қазақстанның оң имиджінің, оның әлемдік және өңірлік процестердегі мүмкіндіктері туралы оң пікірдің қалыптасуына алып келді. Ал, оларсыз бірде бір мемлекеттің өмір сүре алмайтыны анық.

Бүгін бізді әлем таныды, Елбасымыздың беделі мен Қазақстан атты Ұлы Дала елінің маңыздылығын жаһан мойындады. Енді осындай қалыптасқан жүйе мен орасан жетістіктерге жеткенде алдағы күнге үміт артып, қол қусырып отыра беру қалай болмақ? Жоқ, бүгінгі жетістікке жету жолында орасан көп күш жұмсалды. Сегіз ай биліксіз отыруға кез келген мемлекеттің жол бермесі анық, оның құны да жоғары! Әрине, болғанын көреміз деп отыруға да болар еді, бірақ, біздің жағдайымыз басқа. Біз – дамыған ел болуға бет бұрғанбыз!

Мемлекет – біздің өзіміз!

Бірнеше жыл бұрын интернеттен Швейцария 2015 жылы «ең бақытты елдердің» рейтингі көшін бастағаны туралы оқығаным бар. Бұл туралы Швейцариядағы халықаралық ақпараттық ұлттық «SRG SSR» телерадиокомпаниясының «SWI SWISSINFO» порталы орыс редакциясының басшысы Игорь Петров жазған екен. Пайдалы қазбалары жоқ, индустрияландыру процесінің өзі енді қарқын алып келе жатқан, негізгі кәсібі тамақ өнеркәсібі, оның ішінде ірімшік өндірісі болып саналатын мемлекетке мұндай жетістік қайдан келді деген ой пайда болды. Жан-жақты әрі көлемді жазылған ақпаратты мұқият оқып шыққанда ғана мен олардың табысқа жетуінің кілтін тапқандай болдым. Швейцариядағы әр адам – мемлекеттің өзі. Яғни, әр адамы «Мемлекет – менің өзім!» деп айтуға құқылы еркін ел. Ол дұрыс та. Шынымен де бақытты ел болу – еркіндікке ұмтылу!

Президентті сайлау – тағдырыңды таңдау!

Мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу Елбасының алға қойған мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыра отырып, ел дамуының болашағын айқындау үшін де маңызды. Ал, олар аз емес, әсіресе, тұрғындарды әлеуметтік қорғау бөлігін ерекше айтуға болады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, қариялардың жағдайына алаңдаушылықтан туындаған зейнетақы жүйесі, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығы, балабақша орындарының жетіспеушілігі… Сондай-ақ, тартымдылығы мемлекеттік тұрақтылық пен ішкі ахуалға байланысты болатын Қазақстанның инвестициялық қызметін дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың пәрменділігінен айырылып қалу қаупі басым. Инвесторлар жобаларын жүзеге асыру үшін, бизнестерін жүргізу үшін таңдаған елде соғыстың болмайтынына, көтерілістің туындамайтынына, қатерлі саяси сәттердің болмайтынына сенімді болулары керек. Экономист болмағандықтан, аталған салаға талдау жасаудан аулақпын. Ол – кәсіби мамандардың еншісіндегі іс. Бірақ, олар да тұрақтылық, ашықтық, бизнес-ортаның дұрыс ахуалы сияқты факторларды басшылыққа алатыныны анық.

Бұл тізімде тұрақтылықтың үнемі бірінші орынға қойылатынына назар аудардыңыз ба? Транзиттік билік табысты елдің көрсеткіші бола алмайтыны тәрізді, тұрақтылық та аса маңызды!

Сондықтан, үйіміздегі, еліміздегі, жүрегіміздегі нәзік әлемімізді қандай жағдай болсын, көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек!

Зинаида ЧУМАКОВА,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button