Басты тақырып

Ел келешегі – жастардың қолында

    Сейсенбі күні Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВТІҢ қатысуымен қалалық жастар ресурстық орталығы «Ради будущего» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып өткізген «Жастардың өзін-өзі басқару күні» қалалық акциясы қортындыланды.

Жас азаматтардың қоғамдық мәселелерді талқылауға қатысуы және жастар арасында жергілікті атқарушы органдарының беделін көтеру – заман талабы. Бүгінгі таңда жастар арасындағы саяси мәдениетті дамыту, азаматтық және қоғамдық белсенділікті ынталандыру туралы аз айтылмайды. Міне, сондықтан да, жастардың өзін-өзі басқаруы мәселесінің мәнін арттыру, жастардың қоғамдық мәселелерге белсенді ат салысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында биылғы 8-21 қараша күндері «Жастардың өзін-өзі басқару күні» қалалық акциясы өткізілді.

Кейінгі жылдары облыс орталығында жастардың өзін-өзі басқару институтына үлкен көңіл бөлінуде. Жыл сайын өзін-өзі басқару органдарының форумы өткізіледі. Былтыр жастардың өзін-өзі басқару қауымдастығы құрылды. Сонымен қатар, «Жастардың өзін-өзі басқару күні» қалалық акциясын ұйымдастыру да дәстүрге айналды. Мемлекеттік билік органдарына кез келген қоғамдық институттардағыдай өзге салалардың да тәжірибесін ескеріп, қолданысқа енгізу қажет. Соның ішінде, тиімді коммуникация да бар. Оқушылар мен студенттердің өздігінен шешім қабылдау қабілетін дамыту мақсатында «Жастардың өзін-өзі басқару күні» өткізіледі. Бұл дегеніміз – білім беру жүйесіндегі тәлім алушылар мен мекеме әкімшілігі арасындағы қарым-қатынас сенімділігін орнату мақсатындағы бірегей жұмыс тәжірибесі деп түсінемін. Жоғарыда аталған акция аясында өзін-өзі басқару белсенділері тың идея, жаңа ұсыныстар жасай отырып, түрлі мәселелерді талқылауға қатыса алды. Бұл тәжірибе жастарға әкімшілік, басқару мәселелеріндегі шешім қабылдаудың қиындығы мен жауапкершілігін түсінуге сеп болады деп сенемін, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Аталған акция осымен үшінші мәрте ұйымдастырылуда. Биылғы ерекшелік ретінде қатысушылардың құрамын қалыптастыруды айтуға болады. Акцияға қатысуға өтініш білдіргендердің саны шамамен 63 адамды құрады. Соның тек он үші ғана іріктеу кезеңінен өтіп, қатысуға жолдама алды.

Құрметті қатысушылар, сөз бастамас бұрын алдымен, қалалық акцияны өткізуге көмек көрсеткендеріңіз үшін жастар ресурстық орталығы атынан алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Бұл шараның негізгі бағыттарының бірі – жастарды мемлекеттік мекемелердің жұмысы туралы хабардар ету. Сонымен бірге, өскелең ұрпақтың жастардың өзін-өзі басқару органдарына деген жоғары қызығушылығын арттыру болып табылады. Әкімдік қабырғасында өткізген шамалы уақыттың өзінде қатысушылар белгілі мөлшерде тәжірибе жинақтап үлгерді. Мұның барлығы жастардың болашақта мамандық таңдауына таптырмас көмек болады деп сенемін, – деді Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Бақтияр Бекмұрзаев.

Акцияның алғашқы күнін қатысушылар мемлекеттік мекемелердің басшыларымен, келесі күнді әкім орынбасарларымен өткізді. Акция белсенділері шешім қабылдаудың шебірлігін үйреніп, қабілеттерін сынап, тәжірибелерін шыңдады. Бұл туралы ацияға қатысушылар да ақтарылып айтты.

Ең бірінші кезеңде мен ветеринария бөліміне түстім. Алғашында біраз қорықтым. Себебі, менің мемлекеттік қызметші, басшы, тіпті ветеринария саласы туралы білетінім аз еді. Бірақ, сол ветеринария бөлімінде өткізген бір күннің ішінде осы салаға қатысты барлық мағлұматты меңгеруге тырыстым. Басшының әр сөзін тыңдап, оның өзін-өзі ұстауына, қызметшілермен қарым-қатынасына қарап, бойыма барлық жақсы қасиеттерді жинауға тырыстым. Соның нәтижесінде баяндамамды жақсы қорғап, келесі кезеңге өттім. Өзімді басшы ретінде сынауға барынша көмектескен, сол саланың қыр-сырын үйреткен, түсіндірген ветеринария бөлімі мен бөлім басшысына үлкен алғыс білдіремін. Келесі кезекте мен әкімнің орынбасары Лиза Нүкеевамен жұмыс жасадым. Шын мәнінде, алған әсерімді ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің билік, әкімшілік, мемлекеттік қызметші туралы көзқарасым өзгерді. Бұған дейін биліктегілер ештеме бітірмейді деген пікірде болған көптің бірі едім. Алайда, қателескеніме көзім жетті. Лиза Темірбайқызымен өткізген бір күннің ішінде мемлекеттік қызметші өз жұмысына адал, сыпайы, кез келген адаммен тіл табыса алатын, кез келген жерде көмек қолын соза алатын және ең бастысы адамгершілігі мен қарапайымдылығы мол жан екенін түсіндім. Оның халық мүддесі үшін жұмыс істейтін адам екенін ұғындым. Ең бастысы – өзіме деген сенімділігім артты. Өзімді жақсы жағымнан көрсетуге тырыстым. Қабілетімді басшы, мемлекеттік қызметші ретінде сынап көрдім. Бұл қызметтер менің қолымнан келеді деп ойлаймын. Сондықтан, келешекте мемлекеттік қызметші боламын деп шешім қабылдадым, – деді №86 орта білім беру мектебінің 11 сынып оқушысы Тоғжан Бақбергенова.

Жас та болса бас болып, жауапты жұмысты барынша абыройлы атқаруға тырысқан жастарды көріп біз де қуандық.

Осы акцияға қатысу барысында мен көптеген білімді де білікті мамандармен таныстым. Олардың айтқан ақылдарын, берген кеңестерін болашақта да жүзеге асыруға тырысамын. Жұмыстың қалай атқарылатынын өз көзіммен көріп, қаншалықты күрделі екендігіне көзім жетті. Шараға қатысу кезінде өзіме деген сенімділігім артып, жұмыс жасаудың орасан жауапкершілікті талап ететінін түсіндім. Сондықтан, мемлекеттік қызметші болу – менің мақсатым. Болашақта елдің үмітін ақтаймын. Халықтың сенімінен шығатын азамат болуға тырысамын, – деді «Жастардың өзін-өзі басқару күні» қалалық акциясының жеңімпазы Юрий Михуля.

Шара соңында акцияға қатысушылар қала әкімінің қолынан дипломдар алып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button