Руханият

ЕЛ ІШІ – ЕҢБЕК РЕСУРСЫ

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Бұл бағыт бойынша жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру көзделеді. Облыстың қала, аудандарында аталған бағытта да жұмыс бұл күні жандандырылған.

Балқаш қаласында бағдарламаның үшінші бағыты негізінде 3 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Балқаш қаласының психоневрологиялық диспансерін, инфекциялық бөлімшені күрделі жөндеу және Балқаш қаласы орталық ауруханасын абаттандыру. Жобаларға бөлінген жобаларды іске асыру барысында 69 жұмыс орны құрылыпты. Соның ішінде, осы құрылыс-жөндеу алаңында 36 бағдарлама қатысушысы Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке тартылған екен. Мердігер компания – «Балқаш Жібек жолы» ЖШС. Компанияның жөндеу жұмыстары жергілікті тұрғындардың жұмысқа тартылуына мұрындық болды. Мысалы, Балқаш қаласының тұрғыны Мәди Ыбырайкенов Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келгенге дейін “екі қолға – бір күрек” таппай қиналыпты. Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш білдірген Мәди Жанатұлы орталық арқылы «Балқаш Жібек жолы» ЖШС-інде жұмыспен қамтылды. Бүгінде «Балқаш Жібек жолы» ЖШС-інде слесарь болып еңбек етеді. «Мәди өз жұмысына жауапты, тыңғылықты» дейді компания басшылығы.

Облыс орталығы – Қарағанды қаласында да бұл бағытта жұмыс қауырт. Бүгінгі таңда түрлі инфрақұрылымдарды ағымдағы және күрделі жөндеуде түрлі жұмыс орындары құрылған. Нақтыласақ, 2017 жылы Қарағанды қаласында бағдарлама негізінде 11 әлеуметтік нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын қолға алу жоспарланған.

1 жобада 325 жұмыс орны ашылса, оның 167-сі жұмыссыз Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы Бағдарлама қатысушыларын жолдамақ. Қазіргі уақытта орталықтың дерегінше 86 бағдарлама қатысушылары аталған жобаларда еңбек етуде.

Тарқатсақ, «Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы» КМК-ге  жөндеу жүргізіп отырған «Арман құрылыс» ЖШС компаниясының тарапынан пайда болған 6 жұмыс орнының 3-іне Бағдарлама қатысушылары Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, аталған құрылыс ұйымы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алған «№3 емхана» КМК-дегі 17 жұмыс орнында орталықтың жолдамасымен 7 жұмыссыз жұмыс тапты.

Облыстық клиникалық ауруханаға жөндеуді мойнына алған құрылыс фирмасы «Компакт и К» ЖШС болса, 104 жұмыс орнын ұсыныпты. Оған орталық 52 бағдарлама қатысушысын жолдауды межелеген. Бүгінде осы құрылыс алаңында орталық арқылы 15 адам нәпақасын айырып отырса керек.  Денсаулық сақтау саласындағы жөндеу көретін нысанның тағы біреуі – ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрестің облыстық орталығы. Мұнда мердігер компания – «Тангали» ТП. Компания 6 жұмыс орнын құрып, 3 жұмыссызды орталық арқылы жұмыспен қамтуда. Бұдан бөлек, мәдениеттің 2 нысанында, әлеуметтік медициналық мекемелерінің 2 нысанында, спорт саласының 1 нысанында, білім берудің 2 нысанында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аталған нысандарда жұмыс жүргізуші компаниялардың барлығы Қарағанды қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның нәтижесінде, орталыққа жұмыс іздеп келіп, өтініш берген тұрғындар жұмысқа тартылуда. Мердігер компаниялардың да үлесі бар екенін атап өткен жөн.

Амангелді Нұров Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы арқылы «Арман құрылыс» ЖШС-не сылақшы-әрлеуші ретінде маусым айында жолданған. Бұл күні Амангелді Ақласұлы құрылыс компаниясында еңбек етіп жүр. Халықты жұмыспен қамту орталығына мамырда жұмыс іздей келіп, өтініш беріпті.

Нұра ауданының орталық аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтуде. Мердігер компания – Астана қаласының «Аст-Билдинг компани» ЖШС.  Компания жөндеу жұмысына 11 жұмыс орнын құрса, оның 9-ына Халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен ауданның жұмыссыз тұрғындары жұмысқа орналасқан.

Түрлі құрылыс компанияларымен тұрғындарды жұмыспен қамтуда  жергілікті Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы жүйелі. Бұған мердігер компаниялар да ықыласты екенін бүгінгі мысалдар және бір растайды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button