Ғибрат

Ел ертеңіне қамқорлық

    Менің танысым араб елдерінің біріне саяхаттап барыпты. Сонда көргенін айтып, мені таңғалдырды.

Қазақстаннан барған саяхатшылар тобы өздері орналасқан қонақүйдің жанындағы кішігірім дәмханадан үнемі түскі астарын ішеді екен. Бірде әлгі дәмхананың иесі туристерді есік алдынан қарсы алып, дәмханаға сәл асықпай кірулерін өтініпті. Сонда топ арасындағы бір адам шыдамсыздық танытып: «Мұнысы несі? Бұлар бізге қызмет көрсетуі керек қой», – деп ашуын бірдірсе керек. Жолбасшының аудармасын мұқият тыңдап алған дәмхана қожайыны «Мен Сіздерден кешірім сұраймын. Егер, асығыс болсаңыздар, көрші дәмханадан тамақтаныңыздар. Ол дәмхананың да тамақтары дәмді, бағасы да қолжетімді», – депті. Мұны естіген туристер тобынан тағы бір адам суырылып шығады. «Топталған туристер түскі асты бұл жерден тегін ішпейді ғой. Дәмхана иесі өзінің қалтасына түсетін қаражаттан неге безеді?», – деп таңданады. Дәмхана иесі тағы да жолбасшының аудармасына жүгінеді. Сөйтіп, қонақтардан қайта кешірім сұрайды. «Әлгінде дәмханаға әкесі мен баласы келіп тамақтанып еді. Бала дастарқан басында ұйықтап қалды. Баланың ұйқысын бөлгім келмейді. Сондықтан, дәмхана есігін күзетіп тұрған жайым бар», – дегенді айтыпты.

Бұл сөзді жолбасшының аудармасы арқылы түсінген жұрттың бірі таңғалып, бірі үнсіз қалса, біреулері ойға батады. Арада 15-20 минут өткен соң дәмханадан төрт-бес жастағы баласын жетектеген адам шығады. Дәмхана иесі болса, әлгі баланың арқасынан қағып, ишарат білдіреді. Сыртта тұрған қонақтарды жайдары көңілімен дәмханаға шақырып, өзі бас болып түскі астарын бергізген екен.

Осы жайтты естігенде мен де бір ой түйдім. Дәмхананың иесі өз басының қамын емес, төл халқының болашағын жас жеткіншектің ұйқысын қорғаудан бастағаны емес пе?!

Жақсылық ҚАЙЫРБЕКОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button