Ел дамуының дара жолы

Бүгінгідей алмағайып уақытта жер жаһанның қай мемлекетінде де біз күтпеген жағдайлар орын алып жатқанда, елді ұйыстырып, бет алысы мен даму бағытын анықтап отыратын нұсқау әбден керек. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев республика халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздегі индустрия, технология, өнеркәсіп кешені, көлік-логистика, инфрақұрылым, коммуналдық құрылыс, заманауи технология, адами капитал, тиімді мемлекеттік басқару және «ақылды қалалар» «ақылды ұлт үшін» деген өте құнды он басым бағытты атап көрсеткен. Осы он міндеттің ішінде көшбасшы болып тұрған, мен үшін ерекше – ол жетінші міндет «Адами капитал – жаңғыру негізі», яғни, білім секторын дамыту.
Ең алдымен, Президент білім беру, маман даярлау жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттігін алға тартады. «Барлық азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет», деп атап көрсетеді. Бұл елімізде соңғы жылдары жүзеге асырыла бастаған оқытудың жаңартылған мазмұндық жүйесін, жаңа бағдарламалар мен оқулықтар дайындауды, ұтымды технологияларға негізделген өзге де тың бастамаларды неғұрлым қарқынды жүргізіп, нақты нәтижелерге жетуіміз қажет дегенді білдіреді. Білікті білім мен саналы тәрбие болған жерде он бағыттың өз шешімін табарына кәміл сенемін. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке де толастамайды. Қазақ халқының «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін ескере отырып, бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман екенін аңғару қиын емес.
Елбасының Жолдауда педагог мамандарға, жас ғалымдарға жағдай жасау, олардың материалдық, тұрмыстық жағдайын жақсарту туралы сөз қозғауы білім беру саласындағы еңбек нәтижесінің сапасын жақсартуға бағытталған игі қамқорлық деп ұғынамыз. Білім беру, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға жуық көбейту, зейнетақы көлемін арттыру қоғамның әлеуетін көтере түсетіні анық.
Жолдауда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттер одан ары нақтыланып, жалғасын тапқан. Білім беру жүйесіндегі көптілділік, «цифрлы Қазақстан», ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері Жолдауда жеке-жеке салалар бойынша талданып көрсетілген.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Мәңгілік Ел идеясы», «Рухани жаңғыруымыз бен латын әрпіндегі сауаттылығымыз», «Ұлттық кодымыздың сақталуы», «Үш тұғырлы тіл саясаты» барлығы біздің болашағымыз білімді жастардың қолында демекпін. Елбасы жастар саясатын қолдауды естен бір сәтке де шығарған емес. Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған жас. Көптеген білімді жастарымыз «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алуда және «Дипломмен ауылға!» жастарды жұмыспен қамту бағдарламасыда өз нәтижесін беруде.
Бүгінде, 3D-принтер секілді жаңа технологиялар мен салалар, онлайн сатылымдар, мобильді банкинг, сандық қызметтер прогрессивті жастардың арқасында кеңінен дамуда. Себебі, жастар жаңашылдыққа ұмтылады, өзіндік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тырысады. Жастар жаңа заманның сұранысына жылдам бейімделеді.
Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты деп білемін. Ал, біздің міндетіміз бүгінгі және ертеңгі биік талаптарға толық жауап бере алатын, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуға ұмтылған, Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан қазақ елінің парасатты, білімді, әлемдік жаңа технологиялармен қаруланған, бірнеше тілді меңгерген жан-жақты азаматтар мен азаматшалар қалыптастыру болып табылады.
Елбасының Жолдауындағы алға қойылған биік мұрат пен мақсат та осы деп білемін.

Серікбол СЫЗДЫҚОВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық
университетінің
аға оқытушысы,
PhD докторанты.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.