Жаңалықтар

Ел чемпионаты – Қарағандыда

Кеше Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде үстел теннисінен ел чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Спортшылардың шеберлігін шыңдауды мақсат еткен шараға облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс 18 қаңтарға дейін жекелей және командалық есепте өтетін болады.

 

– Бұл спорт түрінен ел чемпионатының Қарағандыда өтуі маңызға ие. Біздің облыста үстел теннисінен топжарған спортшылар жетерлік. Олар сонау алпысыншы жылдардан бері өз нәтижелерімен танылып келеді. Мысалға, Флера Хасанова мен Татьяна Медведева Қазақстан намысын қорғап, Еуропа мен КСРО біріншіліктерінің чемпиондары атанды. Содан бері кейінгі буын спортшыларымыз жеңіс жалауын жиі желбіретіп келеді. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Расымен, Қарағандыда үстел теннисінің өзіндік мектебі қалыптасты. 1980 жылдардағы КСРО шеберлері Дмитрий Абраменко мен Анжелика Тян, Элмира Алиевалар сан додаларда топ жарды. Кейіннен шәкірттер тәрбиелеп, олар да халықаралық жарыстар мен ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары болды.

Жақында Оралда өткен чемпионатта да қарағандылықтар жүлделі болған еді. Жеке біріншілікте алтын медальды спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі Зәуреш Ақашева, қола медальді Александра Смирнова жеңіп алды.

Аралас жұптық разрядта Алан Құрманғалиев пен Зәуреш Ақашева жеңіске жеткен болатын. Сөйтіп, Қарағанды облысы құрамасының ең жас мүшесі Алан спорт шебері нормативін орындады. Мұндай жетістік Қазақстан үстел теннисінің тарихында алғаш рет орын алды.

 ITTF Халықаралық федерациясы құрлықтық, әлемдік Hopes Week турнирлерінің қорытындысы бойынша Алан Құрманғалиевті 2019 жылғы үздік жас теннисші деп атады. Бұл – үлкен мерей.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің айтуынша, үстел теннисі спорты жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Біздің спортшылар басқа да облыстардың спортшыларына лайықты қарсылас. Көп жылдан бері республиканың әйелдер ұлттық құрамасының негізін қарағандылықтар құрайды.

Жарыстың бас төрешісі – ұлттық дәрежедегі төреші Эльмира Алиева. Спорттық шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және өзге де облыстардың командалары қатысуда.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button