Ел бесігі еңселене ме?

Ауылдың берекесін алған тоқсаныншы жылдардан кейін алтын бесіктің ажары сүзектен тұрғандай солғындағаны әмбеге аян. Ауылға қонған ырыс қалаға жөңкілген жұртпен бірге көшіп кетті. Сол құтты қайтаруға қанша қарекет еттік. Там-тұмдап келді, бірақ құтаймады. Сондықтан, да «Нұр Отан» партиясының ХҮІІІ съезінде Мемлекет басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру үшін Үкіметке ұсыныстар дайындауды тапсырды. Оны қаржыландыру үшін 90 миллиард теңге бөлінбек. Осы қомақты қаржыға ауыл еңсесін 2019-2021 жылда тіктеуі тиіс. Ауылдың басына тұрақтамай жүрген бақ бұдан кейін үркіп-қорқып ұшпауы керек.

ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Негізі, бұл жоба Елбасының халыққа арнаған былтырғы қазандағы Жолдауында да атап айтылған-ды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл – ел бесігі» жобасының басталғанын жариялаған еді. Алайда, бірқатар өңірлер болмаса, бұған бүтін аймақ әп-сәтте жұдырықтай жұмыла қойғаны шамалы. Енді, міне, арада ұзақ уақыт өтпестен жаңа Үкіметке нар көтерер жүкке тең тапсырмаларды тізіп берді. Жаңа Үкімет бұл жүкті жығып алмауы тиіс…
– Бізде 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту үшін мүмкіндік бар.
Ең алдымен, Үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп келешегі зор ауылдарды таңдап, әлеу¬¬меттік саланы дамытсын. Біз ауылдың әл-ауқатын өсіріп және дамыған ортаға айналдыруымыз керек. Халықтың ауылда еңбек етіп, өмір сүруге әлеуеті жетеді.
Осыған орай, Үкіметке 2019-2021 жылдары «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру үшін ұсыныс әзірлеуді және қаржыландыруды тапсырамын. Жоба 90 млрд. теңгемен қамтамасыз етілуі керек, – деді Елбасы. Президент бұл жобаның жастарды ауылда тұрақтандыруға септігін тигізетіндігін және атады. Ауылдардың өсу мен тұрақты дамудың нүктесіне айналуы қажеттігін баса айтты. Яғни, «Ауылдарда тұрғын үй, жол, коммуникация, әлеуметтік нысандар салынып, шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Сонда ғана бұл ауылға келешегі жоқ ауылдардан тұрғындар көшіп келуге ұмтылады» – деді Елбасы.
Демек, бағдарлама – ауқымды, бір саланы ғана емес, біраз құрылымды қамтиды. Бақсақ, ауыл шаруашылық саласындағы құзырлы орындардың ғана «еншісі» емес. Бұл арада құрылыс, энергетика, инфрақұрылым, кәсіпкерлік бағытындағы ұйымдарға да терлеп-тепшуге тура келеді. Бұған дейін былтырғы жылы айтқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің сөзі бекер емес-тін. Вице-министр көпшіліктің «Ауыл – ел бесігі» жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысы дейтінін айтып қалған-ды.
«Яғни, жобаның бірінші атауы «ауыл» ма, демек, көп адам бұл шаруаны Ауыл шаруашылығы министрлігі іске асыруы керек деп ойлайды ғой деймін. Ал, шын мәнінде ауыл жобасы туралы идеяның мәні тереңде жатыр» – деген вице-министрдің сөзінің жаны бар. Жалпы, елімізде 6651 ауыл бар екен. Евниевтің айтуынша, 1500 ауылды іріктеп шағын қалаға айналдыруға әбден болады. Ал, ендігі мәселе – Евниевтің арманы енді орындала ма?

АУЫЛ КЕЛЕШЕГІ – ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУДА

Әлбетте, ауылдың дамуының зәкірі – оның шаруашылығы, кәсіпорны. Сол арқылы әлеуметтік нысандардың, құрылыстың, коммуникацияның, инфрақұрылымның жолға қойылуы. Соның ішінде, ұқсатушы, өңдеуші өнеркәсіптердің көптеп ашылуы. Бірақ, оның барлығын ашып тастап, әлеуметтік нысан, тұрмысқа қажетті қызметтерсіз құр алақан отыру да мүмкін емес. Ондайда – даму жоқ. Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың пікірі – бұл.
– Біздің сала – ауыл шаруашылығы болғандықтан, біз өз тарапамызыдан ірі елді мекендерде өңдеуші кәсіпорындардың кооперациясын дамытуды көздеп отырмыз. Яғни, ірі өңдеуші өнеркәсіп маңайына ұсақ шаруашылықтарды топтастыру арқылы жандандыру. Мысалы, бұрыннан жұмыс істейтін Осакаров ауданындағы бие сүтін өңдейтін «Еуразия инвест ЛТД» зауыты бар. Оған күніне 75 тонна бие сүті қажет. Ал, ол дегеніңіз – ауқымды сұраныс. Әрі кетсе, бір бие күніне 5 литр ғана сүт бере алады. 75 тоннаны қамту үшін көптеген шаруашылықтар жұмылдырылады. Міне, осылайша ауылдағы өңдеуші өнеркәсіптерді дамытамыз. Бірақ, ондай кәсіпорындарды салып тастап, тағы қарап отыра алмаймыз ғой. Осы орайда әлеуметтік ортаны қалыптастыру қажеттілігі туады. Ал, ол салалық ұйымдарға байланысты, – дейді Сырым Бейсебайұлы.
Мемлекет басшысының айтатыны да – осы. Ауылда тіршілікке қолайлы жағдай жасау. Әлеуметтік ортаны қалыптастыру. Сөйтіп, кері кеткен ауылдан коммуникациясы жетілген ауылға айналуы керек.
Өнім дегеннен шығады. Мәселен, облыстағы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымында айтарлықтай үлесті мал шаруашылығы алады. Мұндағы негізгі өндіруші – жұртшылық шаруашылығы. Оларға жалпы шығарылымның 44,3%-ы тиесілі. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үлес салмағы – 18,2%, шаруа немесе фермер қожалықтарының үлесі – 37,5% шамасында. Осындайда басқарма айтқан кооперацияның пайдасы зор болмақ.
Бағдарлама туралы әлі кесіппішіп айту мүмкін емес. Өйткені, Елбасы Үкіметке арнайы тапсырма берді. 90 миллиард теңгенің шектеулі мерзімде қалай игеріліп, қайтып жұмсалатыны қазір пысықталуда. Бірақ, мақсат – айқын. Қайткен күнде ауыл өркениеттің игіліктерін көруі тиіс. Өткен ғасырдың тозығынан жеріп, осы ғасырдың озығына қол созуы қажет. Ол – жаңа технология, жаңа кәсіпорын, цифрландыру, инфрақұрылым, ақылды тұрғын үй, ақылды ауыл. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағылар да қала тұрғындары сияқты білімге, медицинаға, балабақша мен ауруханаларға, мәдени орталықтарға, интернетке, баспанаға қол жеткізе алуы керек.
Жалпы, біздің облыс 9 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік аудандарға бөлінеді. 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар. Облыс тұрғындарының құрамында қала тұрғындарының үлесі үнемі өсуде, ауыл тұрғындарының үлес салмағы, керісінше, азаюда. Қарағанды облыстық статистика департаментінің деректерінше, қалалықтар 79,6 пайызды құрайды. Ауылдықтар – 20,4 пайыз. Нақтыласақ, қала тұрғындарының саны – 1097,4 мың. Ауылдық жерде – 281,1 мың адам тірлік кешуде.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»