Жаңалықтар

“Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін”

Ұлттың ертеңіне сенуі – ерте ме, кеш пе, оның тәуелсіздікке жетуінің кепілі екенін алғаш Ахаң айтқан болатын. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң айтқан Ана тілі, «Қырық мысал», «Маса» секілді қазақтың ой санасының дамуындағы барлық саяси қозғалыс Ахаңның есімімен байланысты. Қазаққа қазақты сүюді үйреткен ұлтжанды ұл сондығымен – қастерлі. Ұстаздардың мерекесінде Ұлт ұстазы, қазақтан шыққан ағартушы-ғалым Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ жайлы айтпақпыз. Кеше ғана Алаш зиялысының есімі берілген Қарағандыдағы қазақ мектебі жайында…

  • Жадыра Сабырқызы, қуаныштарыңыз құтты болсын! Еңбек еленіп, ел газеті «Егемен Қазақстаннан» №500 бұйрықты оқығанда қандай күйде болдыңыз?Рахмет! Тарихи сәтті толқымай айту мүмкін емес. Сол күні алғаш осы мектепке нағыз басшы болып тағайындалғандай күй кештім. 1964 жылы ашылған мектебіміз жарты ғасырдан астам уақыт жүйелі білім беріп келе жатқан білім ошағына айналды. Қазақ тілінде сабақ беретін мектеп болып ауысуы 1996 жылға сәйкес келеді. Білім ошағына Алаш ардақтысының есімін беру ҚР Үкіметінің 11 тамыз 2018 жылғы №500 қаулысымен бекітілді. Сонымен қатар, биыл жалпы білім беретін мектеп-гимназия атауын алды. Екі бірдей үлкен өзгеріс мектеп тарихының еншісіне бұйырды. Енді Ахаң армандаған ұлттың оқушыларын тәрбиелеп, бағыт бере алсақ, мақсаттың орындалғаны ғой.

    А. Байтұрсыновтың есімін алу жөніндегі ойлар қашан келді?

    2011 жылы №41 мектепке директор болып келдім. Оқушылар «қаламызда Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаевтың есімдері берілген мектептер бар. Біз де Алаш арыстарының атындағы мектеп болуға лайықпыз» деген ұсыныстарын айтты. Сөйтіп, ойды ой қозғады. 2013 жылы алғашқы қадамды бастадық.

    Неге Ахмет Байтұрсынов?

    Жалпы еліміздің білім беру саласын Ахмет Байтұрсыновтан бөліп қарауға болмайды. Алаш арыстарының сол кездегі арман, мұрат, мақсаттарының барлығы елдің Тәуелсіздігі, мемлекет болуы, сонымен қатар, ұлттың болашағымен байланысты болды. Ахаң «елді түзетем десең, оны баланы оқыту ісінен баста» деді. Қазақ халқы Ахаңа «Ұлт ұстазы» деген ат берді. Бұл есім мектептің әрбір оқушысына тәуелсіздіктің еңбектен келгенін түйсінуге өзіндік әсерін тигізеді. Ахаңның атына Қарағандыда әлі де бір аудан, университет беріліп жатса, оның еш артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Әлемдік деңгейде құрметтелетін Алаш зиялысымен өскелең ұрпақ мақтануы тиіс.

    Алаш зиялысының тың тарихына тереңнен үңіліп, есімін ардақтап ұстауға мектеп қаншалықты дайын?

    Мектебіміз қазақы тәлім-тәрбие беруден бөлек, 2013 жылдан бері қалалық мектептер арасында жалпы пәндер олимпиадасында І орынды иеленіп келе жатыр. Жалпы білім беретін мектептер арасындағы рейтингте (тәрбие, оқу барысы, ұстаздар, оқушылардың жұмысы) көрсеткіштер жоғары. Бұл үрдістер 2013 жылдан бері дәстүрге айналған. Оқушылар, ата-аналарымыз мектеп ұстаздарының есімін мақтанышпен айтады. Өйткені, нәтиже белгілі.

  • Мәселен, оқулықтарда Алаш зиялылары жөнінде зерттелген деректер көп емес. Мектеп мұражайында ұлт зиялысымен байланысты не бар?Біз Алаш зиялысының есімін алу үшін 5 жыл қатарынан жұмыс істедік. Алдымен, 2013 жылы «Алаштың Ахметі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. 250-ге жуық ғылыми мақала жарық көрді. Үш тілде өтіп, мектепті, өңірді, елді дамыту бағытындағы пікірлер, ұсыныстар айтылды. Ахметтанушы ғалымдар, Алматы қаласынан Ахмет мұражайының директоры, «Ахмет үйінің шырақшысы» атанған Райхан Имаханбет келді. Ахмет Байтұрсынұлының 6 томдық кітабын әкеліп, конференцияда тұсауын кесті. Сол кезде мектепке А.Байтұрсынов есімін беру ғалымдар тарапынан қолдау тапты. «Алаштану» марафоны қалалық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Мұражайға Ахаң туған жердің жусанын алдыртпақпыз. Ол – Ахаңның бір арманы еді…
  • Жусан демекші, Ахмет есімін Арқамен байланыстыратын тарихи оқиғалар көп. Оқушыларыңыз осыдан қаншалықты хабардар?

    Ақтеректе өзі ашқан мектебі бар. Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесіндегі Петицияның авторы ретінде біледі оқушыларымыз. Қудаланып Семей түрмесіне жіберілгенде Қарқаралыдан ұсталып кеткендігі жөнінде тарихи деректер бар. 1967 жылы Нью Иоркте жарық көрген «Орталық Азия орыс билеуінде» атты кітапта Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш зиялылары жөнінде айтылған. Осындай деректерді оқушыларымыз үшін қолға түсірсек дейміз. Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттың болашағы дейді қазіргі ғалымдарымыз. Оқушыларымызға бағыт берсек, олар зерттеп әкетер еді.

    Меценаттар мектептің мәртебесін көтеруде деп естідік. Толығырақ тоқталып өтсеңіз?

    Ахмет Байтұрсыновтың есімін алуда меценаттар Бекзат Алтынбеков, Ерлан Әшімов мырзалармен қатар, Ерғазы Қадашұлының тікелей ықпалы болғанын атап өткім келеді. Белгілі меценат Ерлан Әшім мырза мектептің тәрбие ісі жөніндегі маманы Толғанай Мұсақызы, Жанат Тілеубаевтың шақыртуымен мектеп оқушыларын тәрбиелеу, кәсіптік бағдар беру бойынша сабақ өткізеді. Өзіне берілген облыс әкімінің биылғы «Мемлекеттік тіл – бизнесте» жүлдесін мектептің қанжығасына байлап кетті. Оған Ахаңа арналған мемориалдық тақта жасалды. Ал, Ахмет Байтұрсынов атындағы залдың ашылуы, мектептің безендірілуі де аталған азаматтардың демеушілігімен жүзеге асты. Кезінде Ахаң қолы жетпейтін жастарды оқытсам, жүрегінде оты бар азаматтарға қолдау жасасам деп арман еткен еді. Соның бейнесін осындай азаматтардан көруге болады.

    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлылар есімін ұлықтаған мектептің үш тілде безендірілгенін байқадық. Бәрі ұжым болып атқарылған істің нәтижесі ғой?

    Мектебімізге Ұлт зиялысының есімін беру Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Г и м н а з и я с т а т у с ы н а көшкен мектеп ұжымы үш тілде білім беріп, бағыттарын айқындауға кірісті. Оған қоса, Ахаңның атындағы мектеп үшін атқарылатын жұмыстар алдағы уақытта бұрынғыдан екі-үш есе ауырлайды деп ойлаймын. Тірек болатын оқушылар, ұстаздар қауымы бәріміз – Ұлт зиялысының атына нұқсан келтірмеу жолында жанымызбен жұмыс жасаймыз. Ұлтым деген ұлылардың есімі жаңғырып, тарихымызға алтын әріппен жазылса, бұл – Алаш ардақтыларына ұрпақтардың құрметі деп білген жөн.

    Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button