Жаңалықтар

Екінші деңгейлі банктерге зейнетақы қорынан 300 млрд теңге бөлінеді

Қазақстан президенті екінші деңгейлі банктерге бөлуді тапсырған 600 миллиард теңгенің жартысы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынады. Бұл туралы бүгін қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Қазақстан президенті 5 қазанда жасаған жолдауында басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырған болатын. Бүгін мәжілісте 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы таныстырылғаннан кейін, қаржы министрі 600 миллиард теңгенің қайдан алынатынын айтты.

“Бұл сұрақты Ұлттық банкке қойған дұрыс болар еді. Бірақ қаржы министрі ретінде, менің қолымда Ұлттық банк қаржының жартысын БЖЗҚ-дан, қалған жартысын Ұлттық банктің өз қаржысынан бөлуді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат бар. Ол ақша екінші деңгейлі банктерге коммерциялық, нарықтық мөлшерлеме бойынша қайтарымды негізде беріледі. Мемлекет басшысы айтқандай,  бұл қаражат экономика үшін басымдыққа ие жобаларға бөлінеді. Қазір біз қаржының мақсатты орындалуын, экономикамыз үшін басым бағыттар мен жобаларға бағытталғанын бақылау тетіктерін әзірлеуіміз керек”,-деді Смайылов мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, зейнетақы қорындағы ақша БЖЗҚ активтерінің өсуі үшін инвестицияланып, табыс әкелуі керек. 

“Сондықтан оларды бір жаққа инвестициялау керек. Бұл тұста нарықтық мөлшерлеме бойынша ел экономикасына инвестициялау туралы сөз болып отыр. Сондықтан бұл қалыпты жағдай. Мұндай практика барлық әлем елінде қолданылады”, — деді министр.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button