Екі жарты — бір бүтін

Әйел заты өзгеріп, өзінің әуел баста Алла жаратқан міндетінен айырылды дейді қазіргі қоғамда. Ерлермен қатар кез келген жұмысқа білек сыбана кіріседі дейді біреулері. «Әлемге сұлулық сыйлайтын нәзік жандыларымыз өзімізбен текетірес тұрар болса, біздің алпауыт күшіміз кімге керек», – дейді арқа сүйер қорғандары. Бірақ, қоғам өзгерсе де, табиғат өзгермек емес. Тіршіліктің қамымен бір сәтке осалдық танытса да, әйелдің аты – әйел. Жүрегі – махабатты, жаны – жылулықты аңсауды тоқтатпақ емес. Мықты шығар, мейлі, тек, өзінің әлсіздігін сезінгісі келетіні анық. Олай болса, жылына бір айналып соғатын мерекеде отбасының бақытын аялап, ұрпағын өрбітіп, ерінің қайратына қайрат қосып, жігерлендіретін баға жетпес жақұттарыңызды басқа қырынан тағы бір мәрте көріп, жүрегіне өздеріңізге деген сенім ұялатсаңыздар қалай болады екен!? Өскеменнен хат жолдаған оқырманымыз Айдана Дайырованың мына бір шағын ойлары да соны меңзейтіндей…

Редакциядан.

Тірліктің қамытын киіп жүрмін. Қамыт деймін ау… мүмкін тым әсірелеп отырған болармын. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлігім бар. Тәубе! Бала-шаға – аман, бауырым – бүтін.
Десем де, көңілім – жабырқау… Тіршілік біткенге бей-жай қараймын. Соңғы уақыттары жаным жадырап, жүрегіммен қуанған кезім болды ма осы менің… Айта алмаймын, айтқым келмегеннен емес, есіме түспей тұрғаны… Мүмкін бақыттың дәмін көбірек татып, қайғының кермек дәмін сезбегеннен болар… Мүмкін мен тәубамды ұмыттым!? Бұл жағы өзіме де беймәлім…
Әйел туралы жырламаған ақын, жазбаған жазушы жоқ. Бәрі де Әйел тек жақсылық үшін жаралған дейді. Таласым жоқ… Бірақ, осы бір нәзік жаратылыс иесі өзіне тән құрметті, жақсылықты көріп жүр ме? Өзгені білмеймін, өзім көп тосыламын осы сұраққа.

 

Өзім туралы…

Көп әйелдің бірімін. Көп құрбыларым сияқты, тұрмысқа шығу, бала сүю, отбасының берекесін келтіру – менің де өмірдегі басты міндетім. Қайтсем күн көремнің қамытын киген заман ғой қазір. Қысқа жіп күрмеуге келмейтін сәттер көп. Бірақ, жағдай болмай тұр деп жабығуға мұршаң келмейді. Таң атса, күн батады, күн батса, таң атады. Сол күн мен түнді ғана ажыратуға шамаң кеп, өзіңнің кім екеніңді, мақсатыңның не екенін де ойлауға мүмкіндігің келмей, тырбың тірлікке күмп беріп, жоқ боласың.

Махаббат туралы…

Осы бір сезімге кейбір жан немқұрайлы қараса, кейбірі оның бар екеніне имандай сенеді. Отбасы ошақ қасының тірлігіне араласқан соң, махаббатты ойлаудың өзі әбестік сияқты көрінеді. Бірақ, ет пен сүйектен жаралған адамның жұдырықтай жүрегі кеудесінде тұрғанда махаббат деген сезімді керек қылмауы мүмкін бе!? Мүмкін емес-ау осы… Бірақ, тағы да сол күйбең тірліктің қамытын киіп, сезімнің ауылынан алыстап, бала-шаға қамы үшін жүргендер қаншама… Еңбекақы, тамақ, киім, несие… Алғашқы махаббат деген сезімді көміп тастап, күйбең тірлікке көшесің. Бірақ сол күйбең тірліктің көлеңкесінде қалған сезімнің саңылауынан сәуле болып, өзінің бар екенінен хабар беріп, анда-санда махаббат жылт етеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.