Бас тақырыпРесми

Екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады

Аумағы 60 гектар жерді алып жатқан Қарағандыдағы «Global Сity» ЖШС көтерме-тарату орталығын биыл 1 наурызда пайдалануға беру жоспарланған. Орта Азиядағы ең ірі орталықтың бірі – 2 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтымақ. Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісі депутаттары – Нұрлан Әбдіров, Нұрлан Дулатбеков және Гүлнар Бижанова орталықтың тынысымен һәм тың мүмкіндіктерімен танысты.

 

Алып орталық бірнеше көлемді ғимаратты қамтиды. 24 млрд. теңгеге жоспарланған құрылыстың 18 млрд. теңгелік жұмысы атқарылған. Бұл соманың белгілі мөлшерін құрылтайшылар құйса, қалғанына несие рәсімдепті. Орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Қазір алып қоймалар, кросс-доктар дайын және сауда павильондарындағы жұмыстар аяқталған. Жылына 300 000 тоннаға дейінгі түрлі өнімдерді көтерме-таратуға қауқарлы. Депутаттар орталықтың жұмысымен толық танысып, сұрақтарына жауап алды.

  • Кросс-доктарда бір мезетте 164 фура сауда жасай алады. Ол үшін қажетті барлық жағдай бар. Қоймалар жемістер мен көкөністерді, сондай-ақ ет, балық және сүт өнімдерін арнайы бокстарда сақтауға мүмкіндік береді. Қоймалардың температурасын 24 градусқа дейін төмендетуге болады. Орынды жалдау құны 1-ші күні қалыпты баға болса, қалған 2 күнге жеңілдік қарастырылған. Ал, 4-ші күні қайтадан бастапқы қалыпқа оралады. Нысан соңғы үлгіде халықаралық стандарттарға сай тұрғызылды, – дейді «Global Сity» ЖШС коммерциялық директоры Наиль Мунасипов.

Аталған орталықтың құрылысы жоспарланғанда – Испания, Франция, АҚШ сияқты дамыған елдердің практикасы мұқият зерттеліп, еліміздің экологиялық жағдайы ескерілуімен қатар, жан-жақты қолайлы түрде жасалған. Бүгінде Болгария, Венгрия сияқты Еуропа елдерімен қоса, көршілес елдер және республиканың барша аймақтары өз өнімдерін осы орталық арқылы көтерме-таратуға қызығушылық танытып отыр.

Депутаттар орталықтың құрылысы тұтынушыға арналған тауарлардың қорытынды бағасына қалай әсер ететінін сұрағанда, Наиль Мунасипов:

  • Логистиканы оңайлату есебінен баға шамамен 17-40%-ға төмендеуі тиіс, – деп жауап берді.

Ал, орталықтағы теміржол рельстері арқылы жан-жақтан әкелінген түрлі өнімдердің арнайы крандар арқылы оңай түсіріліп, құжаттарын рәсімдеу, сапасын бақылау және қолайлы қоймаларда белгіленген уақытқа дейін сақтап, кез келген өңірге еркін көтерметарату қызметтері көрсетілетініне риза болды. Заңнамалық тұрғыдан қолдап, көмектесетіндерін айтты.

Жалпы, Мәжіліс депутаттары 10 күннен бері Қарағанды облысын аралап жүр. Мектептерде, колледждерде және кәсіпорындарда болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндірумен қатар, жұртшылық ұсыныстарына назар аударды.

  • Аймақ тұрғындары түрлі сұрақтар қойды. Халық аманатының дені мемлекеттік сатып алу, тұрғын үй-коммуналдық сала, зейнетақы заңнамасы, денсаулық сақтау жүйесіне қатысты болды. Әрине, біз осы мәселелердің барлығын үкімет қарауына жеткізіп, ешкімнің сауалын назардан тыс қалдырмауға тырысамыз, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков.

Бұған дейін делегация Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесіп, аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылаған еді.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button