Жаңалықтар

Егемен елдің еңсесі

     Бұдан былай Алаш даласына Астананың өзі бір архив, тарихтың көмбесі болып қала бермек. Бұрын жұрт құнды құжаттар мен дүниелерді көріп-білу үшін Алматыға сабылғанындай, ендігі жоқшылар Астанаға жөнелетін болады. Өйткені, Қазақстандағы мемлекеттік, халықаралық маңызы бар қандайда бір оқиғаның көбі Астанада өтеді. Есесіне мемлекеттік архив, ұлттық музейдің де үлкені осында. Сондықтан, Астана Қазақ қоғамының мақтанышы, мерейі ғана емес, болашақта алтын тамырға да айналады.


Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатында Астана қаласы мемлекеттік архивінің ұжымы мен қарағандының атқарушы биліктегі және мәдениет саласындағы өкілдерінің қатысуымен өткен «Астана – Еуразияның жүрегі» атты тарихи-деректі көрмесін көргенде, жоғарыдағыдай ойға қалдық. Сондай-ақ, Президент Н.Назарбаев «Төртінші индустрия­лық революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында «Біздің қоғамның мінсіз адамы өз тарихын, тілін, мәдениетін білетін, қазіргі заманғы шет тілдерін меңгерген, озық және жаһандық көзқарастарға ие қазақ болуы керек» деп көрсеткеніндей, «Астана – Еуразия жүрегі» көрмесінде Астананы құру, салу, нығайту, қалыптастыру және гүлдену тарихындағы құжаттарының куәсі болдық. Астананың даму тарихы бүкіл мемлекеттің тарихымен байланысты. Алашты – Астана, Астананы – Алаш танытады әлемге. Бүгінде біздің елді танып-білгісі келетін басқа мемлекеттер Қазақстанды Астанамыз арқылы бағалайды. Оның мәдениет пен дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудағы түр-сипаты жаһандағы жаңа Қазақстанның келбеті деген ұғымға саяды. Елімізде жаһандану дәуіріндегі аймақтық, экономикалық шекаралардың тоғысуы, ұлттық қарым-қатынастардың ымыралық жолда сәйкесуі – бәрі-бәрі елордамыз­дың ерекшелігін әйгілеп тұр. Астана қаласы мен Қарағанды облысының мемлекеттік архивтерінің қай-қайсы болмасын, осы құндылықтарды сақтап, қазақстандықтар мен шетелдіктерге туған еліміздің тарихын архивтік құжаттар арқылы танып, білімдерін толықтыруға мүмкіндік беріп отыр. Соның бірден-бір көрінісіндей осы көрме аясында Астананың құрылысы, дамуы мен өркендеуі жайлы, қазіргі демократиялық мемлекет ретінде еліміздің іргеленуі жолындағы рөлі туралы құжаттар қойылып, фильмдер мен слайдтар көрсетілді. Көрме барысында дөңгелек үстел үстінде сөз сөйлеген Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Балқия Баймағамбетова, Қарағанды облысы мемлекеттік архивінің басшысы Жаңагүл Тұрсынова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыс әкімінің кеңесшісі Рымбала Омарбекова және облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқарма басшысы Еркебұлан Ағымбаев Астананың 20 жылда бағындырған белестері туралы ой қозғап, пайымды пікірлер айтты.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button