Жаңалықтар

Еңбектері еленді

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі – ел ырысын еселеген жандар үшін шуақты күндердің бірі. Атаулы күні Жаңаарқа ауданында осы сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.

Маңызды сала үздіктеріне арналып, сәулеті келіскен мейрамханада мерекелік дастархан жайылды. Жер-Ананы идіріп, қырманды қызыл дәнге толтырғандар мен төрт түлікті төлдетіп, қораны малға толтырған өз ісінің майталман мамандарын аудан әкімі Юржан Бекқожин салтанатты жағдайда құттықтады.

Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Тірліктегі нәпақасын ауыл шаруашылығымен сабақтастырып, саналы ғұмырын осы салаға арнаған, оның дамуына айтарлықтай үлес қосып келген ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіп, шынайы ризашылығымды білдіргім келеді, – деді аудан басшысы.

Облыстың ірі аудандарының бірі саналатын жазиралы Жаңаарқада бір өндірістік кооператив ұжымы, жеті ауыл шаруашылық кооперативі ұжымдары мен 750-ге тарта шаруа қожалықтары бар. Мерекелік шарада еселі еңбегімен ел экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қосқаны үшін бірқатар еңбек озаттары лайықты марапаттарға ие болды. Атап айтатын болсақ, Ералиев ауылдық округінің «Аралқұм» шаруа қожалығының иесі Нұрша Игенбаев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, С.Сейфуллин ауылдық округі «Сенім» шаруа қожалығының басшысы Қабдығали Сүлейменов Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты «Орда» шаруа қожалығының иесі Жасұлан Абайділдин облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал Қараағаш ауылдық округі «Жанболат» шаруа қожалығының иесі Раушан Арфилова «Мал басын асылдандыру бойынша көшбасшы шаруашылық» номинациясының жеңімпазы атанып, Қарағанды облысы әкімінің дипломына ие болды. Сонымен қатар, аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ, түрлі номинациялар бойынша дипломдармен бірқатар озат шаруа қожалықтарының иегерлері марапатталды. Олардың қатарында І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісілерінің иегерлері де болды. Мәселен, Қарағаш және Ақтүбек ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарының иегерлері Санат Түсіпов пен Ерболат Әлтаев – аталған санаттағы үздіктер. Сондай-ақ, Қарағаш ауылдық округіндегі «Ислам» шаруа қожалығының иесі Ноян Жаманов Тұрар Рысқұлов атындағы қоғамдық қордың «Ауыл еңбегі үшін» медалін иеленді.

Мерекелік шара барысында ауданның құрметті ақсақалдары – Жаролла Шайхин, Хамзе Сәтжанов, Ғалым Төтеев және аудандық мәслихат хатшысы Қуат Имантүсіпов ауыл шаруашылығын дамытуға еңбек сіңірген азаматтарға құттықтау лебіздерін жеткізіп, толағай табыс тіледі. Аудан әкімінің орынбасарлары Бауыржан Серіков пен Қанат Қожықаев ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еселі еңбегін тілге тиек етіп, бірқатар шаруа қожалықтарының иелері мен еңбеккерлеріне бағалы сыйлықтар мен марапаттарын тапсырды. Сонымен қатар, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Дүйсенбек Ахметов пен қазіргі басшысы Сәрсенбек Баязитов те әріптестерін мерекемен құттықтап, бірқатар еңбегімен ерекшеленген жандарды марапаттады.

Мерекелік кеш барысында әннен шашу шашылып, жылы лебіздер легі толассыз ағылып жатты. Жылдың төрт мезгілінде тынбай еңбек етіп, құрмет көрсету рәсіміне құр келмеген ауыл еңбеккерлері осылайша ұлықталды.

Индира РАХЫМБАЕВА,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

ЖАҢААРҚА ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button