Руханият

«Еңбекші жас қалам…»

Қарағанды қаласының туған күніне арналып, тарихи-өлкетану музейінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Өлке тұлғалары» кітапханалық тележобасы өз жұмысын бастады. Аталмыш тележоба ай сайын М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада өткізіліп тұрады.

Мерекелік шараға белгілі ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері құрметті қонақ ретінде шақырылды. Кітапхана қызметкерлері Қарағанды туралы слайд-тізбек ұсынып, кітап көрмесіне шолу жасады. Қатысушыларды қала әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов Қала күнімен жылы құттықтады. Шара қонақтары қала тарихы, оның өміріндегі елеулі белестер туралы қызықты әңгіме, естеліктер айтты.

Мәселен, экономика ғылымдарының докторы Әбілда Әлімбаев – көміршілер қаласының құрдасы. Оның көз алдында кешегі жерке пе үйлердің орнына зәулім ғимараттар пайда болды. Қарағанды еліміздің индустриалдық жүрегі болып қана қоймай, ірі мәдениет және білім, ғылым ошағына айналды.

Ардагер-журналист, өлкетанушы Аман Жанғожин өзінің жеке архивінен Қарағандының ең алғашқы баспа органы – «За уголь Караганды» көшпелі редакция газетін көрсетіп, көрермендер ризашылығына бөленді. 1931 жылғы шілде-тамыз айларында шыққан бұл газет музейлер мен кітапханаларға таптырмас жәдігер болатыны даусыз.

Келесі мезетте зал іші ән мен күйге бөленді. Шығармашылық орта өкілдері болғандықтан, шақырылған қонақтар өздері дүниеге әкелген, сүйікті мекені – Қарағандыға арнаған өнер туындылары туралы ойларын ортаға салды. Экраннан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы мен ақын-сазгер Есжан Әміровтің «Қарағанды вальсі» шырқалып, келесі кезекте Мейрам Қарасартовтың жақында ғана өмірге келген «Мәңгі жырым – Қарағанды» бейнеклипі назарға ұсынылды. Әнді орындаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов. Ал, Қарағандының әнұраны іспеттес болып кеткен сазгер Марат Бекішевтің танымал «Қарағанды» әнін бүкіл зал қосылып әуелетті. «Еңбекші жас қалам, Жасай бер көркейіп. Шалқысын бұл әнім, Сен үшін, Қарағандым!» деген әуен құлағымыздан көпке дейін кетпей қойды.

Махаббат СӘМЕНОВА,

кітапханашы.

Басқа материалдар

Back to top button