Еңбек нарығында — техникалық маман қат

      «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты – Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Мұндағы міндет — еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер, дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Облыста аталған міндеттерді іске асыру үшін өңірлерде комиссиялар құрылған.

Қарағанды облысы білім басқармасы техникалық және кәсіптік техникалық білім беру бөлімінің басшысы Гүлбақыт Жүнісова Бағдарлама бойынша оқуға ниет білдірушілерді анықтау үшін әкімдіктердің жанынан 207 дербес топ құрылғанын айтады. Бұл дербес топтар бұқара арасында ақпараттық жұмыстармен қатар, кәсіби бейімделуге қатысты шараларды ұйымдастырады.

«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 9,11 сынып түлектерінің арасынан, біліктілігі жоқ, аз қамтамасыз етілген отбасылар және өмірдің күрделі жағдайына тап болған өзге де азаматтар арасынан үміткерлер тізімі жасалады.

Бағдарлама аясында 2017-2018 оқу жылына мемлекеттік оқу грантына республикалық бюджеттен 700 орын бөлу жоспарлануда. Бөлінген орындардың жобасы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен, кәсіпкер­лер палатасы және өңірлердің әкім­діктерімен келісілген» дейді Гүлбақыт Серікжанқызы.

Гүлбақыт Серікжанқызының айтуынша, бүгінгі таңда сұранысқа ие және басымдық берілген 17 мамандыққа облыстың 25 колледжінде дәріс беріледі. Бұл мамандықтар мен оқу орындары Бағдарламаның бірінші бағытын жүзеге асыруды үйлестіру бойынша аймақтық комиссияның отырысында нақтыланған екен.

Жалпы, бұл міндетті жүзеге асыруға 138,831 млн.теңге бөлінсе, оқуға оның 65,333 млн. теңгесі тиесілі екен. Оқу 10 айдан 3 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Оқу 2017 жылдың 1 қыркүйегінен басталады.

Ал, қысқа мерзімді кәсіби оқытуды колледждер және оқу орталықтары базасында қолға алынған. Мұнда оқудың ұзақтығы бір айдан алты ай аралығында, мамандықтың ерекшелігіне байланысты. Осы мерзім ішінде нарықтың сұранысына сай мамандық игеріп шығуға мүмкіндік зор. Бағдарламаның талабына сәйкес Халықты жұмыспен қамту орталықтары 29 жасқа дейінгі жастар, жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасынан қатысушыларды іріктейді.

Деректерге сүйенсек, қысқа мерзімді кәсіби оқуға 43 мамандық, 110 біліктілікке дайындайтын 34 колледж сақадай сай бүгінде. Оқытып, мамандық, белгілі бір біліктілік беруде. Үміткерлер еңбек нарығының сұранысына орай техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы ма­мандықтарын меңгеріп шығады. Бұдан бөлек, қызмет көрсету саласы да бар. Сонымен қатар, сандық сауаттылық дағдысына, ағылшын тілі және кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың курстары да бұл тізімді толықтыра түсуде.

Гүлбақыт ЖҮНІСОВА, облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы:

Бүгінгі таңда колледждер және оқу орталықтарымен бірлесе, кәсіпорындармен, кәсіпкерлер палатасымен келісе отырып, дуальдық оқыту элементтерін пайдалану арқылы оқу жоспарларын дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Кәсіпкерлер палатасының жанындағы 18 жеке меншік оқу орталықтарында оқытудың құны білім басқармасымен қарастырылуда. Бір оқушыға жылына берілетін орташа шығын 29 290 теңге. Шәкіртақы, жеңілдетілген жолақы және тамақтануы бұдан бөлек.

Гүлбақыт Серікжанқызы бұл ба­ғытта шешімін таппаған мәселе әзірге жоқ,– дейді. Жұмыс жоспарға сай жүргізіліп отырса керек.

Балқаш қаласының тұрғыны Дима Якубовский Бағдарламаның біріші бағытына қатысушысы. Дима Балқаш қаласының Жұмыспен қамту орталығы арқылы дәнекерлеуші мамандығына қысқа мерзімді жолдама алып, қазір дәнекерлеу ісін меңгеруде. Ал, санаулы күндерден кейін өңірлердегі дербес топтардың жұмысының нәтижесінде белгілі бір мамандықты меңгеруге жолдама алған жастар дәріс алуын бастайды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Сурет ғаламтордан алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.