Жаңалықтар

Еңбек нарығы: маман даярлаудағы маңызды қадам

Қарағандыдағы Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ қатысуымен «Индустрия 4.0: қазақстандық кәсіпорындар үшін мамандар даярлаудағы STEАMтехнологиялар» атты халықаралық форум өтті.

Форум жұмысына Нұр-Сұлтан қаласындағы «WorldSkills» академиясының директоры Манен Омаров, «Synergy» ғылыми-зерттеу қорының жетекшісі Әділ Нысанов, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнын дамыту басқармасының басшысы Жанат Далабаев қатысты. Сондайақ, халықаралық шараға қатысушылар қатарында қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары, жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің педагогикалық қоғамдастығының, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Айта кету керек, форум жұмысы басталмас бұрын облыс орталығындағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында тұңғыш рет «Индустрия 4.0 – STEM білім беру» облыстық фестивалі өткізілді. Онда дарынды балаларға арналған мектептер Экология, Гидропоника, IT, модельдеу, CLIL, Packet Tracer және PBL негіздері сынды түрлі бағыттар бойынша мектеп оқушыларына шеберлік-сыныптар ұйымдастырылды.

– Бүгінгі басты мәселе – техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, мазмұнын жаңарту. Ол Үкімет, Мәжіліс, Сенат деңгейінде де қаралып жатқаны белгілі. Десе де, әлі де шешімін таппай жатқан тұстар жетіп артылады. Оны бір ғана білім беру саласына жүктеп қоюға болмас. Сондықтан, бизнес-серіктестерімізбен де тығыз қарымқатынас орнатып, жұмыс жасау қажет. Яғни, түлектердің еңбек нарығы сұранысына сай келмеу мәселесі туындап отыр. Жұмыс берушілер бұл сынды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына ғана емес, жоғары оқу орны түлектеріне де артады, – деді Асхат Аймағамбетов.

Қатысушылардың пікірінше, әлеуметтік серіктестікті дамыту, “Мектеп – колледж – ЖОО – жұмыс беруші” одағын құру қажет. Осы күні өңірде 7 аймақтық құзырет орталығы және екі өңіраралық орталық жұмыс жасап тұр. Колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әрекеттестіктің бұл түрі өз тиімділігін танытуда.

Форумда кадрларды даярлаудың кластерлік моделін енгізу, өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан сертификаттау орталығын құру, мектептер жанындағы оқу-өндірістік комбинаттарды жаңғырту ұсынылды. Кәсіптік бағдар беру тәжірибесімен Шахтинск қаласының білім беру бөлімінің басшысы Николай Онсович бөлісіп, мектеп пен колледж – бәсекелестер емес, серіктестер екенін айрықша атап өтті. Өз кезегінде, «Synergy» ғылыми-зерттеу қорының жетекшісі Әділ Нысанов салалық стандарттарды әзірлеу мәселесіне қатысты ой өрбітіп, қатысушылармен пікір алмасты.

Бұл ретте, “WorldSkills” академиясының ректоры Манен Омаров “AgroSkills” агроқұзыреттер бойынша алғашқы ұлттық чемпионатты осы облыста өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлағанын айта кету қажет. Оның сөзінше, өңірде айтулы ауыл шаруашылық колледждері жеткілікті. Студенттер де түрлі мамандық бойынша жарысқа қатысуға, келешекте халықаралық чемпионаттарда ел намысын қорғауға дайын екенін тілге тиек етті.

Облыс әкімінің орынбасары кәсіби білім беру сапасын арттыруға, пилоттық жобаларды жүзеге асыруға, жастарды жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Алдағы уақытта өңірде қажетті мамандықтардың атласы құрылып, колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу жұмысы жалғасатын болады.

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button