Қарағанды

Еңбек маусымы мәреге жетті

Жуырда облыс орталығындағы «Достар Әлем» қонақ үй кешенінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының ХІV еңбек маусымының салтанатты жабылу рәсімі өткізілді.

Елбасының бастамасымен алғаш рет 2005 жылы құрылған «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары оқушы жастарды уақытша жұмыспен қамту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қазақстандық патриотизмді насихаттау және дамытуды басты мұраты ретінде ұстанатыны белгілі. Содан бергі кезеңде үздіксіз әрекет үстіндегі жастар жасақтары біршама айтулы істердің басы-қасында жүріп, қоғамның ілгері басу үрдісі мен елді мекендердің ажар-көркі шырайлы болуы жолында айтарлықтай тиянақты жұмыстар атқарып үлгерді.

Биылғы жылғы еңбек маусымында «Жасыл Ел» жасақтары қатарында студенттердің құрылыс жасақтарымен қоса алғанда 1505 адам еңбек етті. Облыс аумағындағы аудандар мен қалалардағы саябақтар мен демалыс орындарын көгалдандыру, су қоймаларын тазарту жұмыстарымен шұғылданған жастар жасақтары сарбаздарының айлық еңбекақысы 60 мың теңге көлемінде болды. Олардың нәтижелі іс-қимылымен қамтылған аймақтың жалпы көлемі 455 гектарды құрады. Маусым барысында экологиялық жасақтар құрылып, олардың күшімен 5 мың тал көшеттері егілді, сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғауға қатысты 35 іс-шара ұйымдастырылды.

Аудандар мен қалалардан делегаттар қатысқан еңбек маусымының жабылу рәсімінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбай атқарылған істер ауқымына кең сипатты шолу жасап, сарбаздарды маусымның аяқталуымен құттықтады. Белсенді жұмысымен көзге түскен сарбаздарды арнайы дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button