Жаңалықтар

Еңбек майталманымен кездесті

Жақында Қарағандыдағы №23 мектеп мұражайында қой шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан майталман шопандар Сайлау және Кенжебек БІЛӘЛОВТАРМЕН кездесу өтті. Аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылды.

Атақты шопан ағамыз жайлы қазақ журналистикасының алыбы Мағауия Сембай ұстазымыз «Орталық Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 21 тамыздағы №141 санына берген «Сабырлы Сайлау, көрегенді Коркин» атты мақаласында толғап жазыпты. Үзінді келтірейік. «Шын мәнінде Сайлау ағамыздың ат жалын тартып мінген шағынан күні бүгінге дейінгі елге сіңірген еңбегін кірге тартып, кіреге салып, өлшесе ғой деп ойлаймын. Бір анығы – Сәкең өсірген мал Ленинградтай алып қаланың мыңдаған халқының аузынан ақ май ағызғаны аян. Өйткені, кеңес дәуірінде Қарағандының қой еті эшелон-эшелонмен тікелей Нева жағасындағы шаһарға жөнелтіліп тұрғанын білетін едік. Тәуелсіздік алғаннан бері де тарлан тартса да Сәкең ел игілігі үшін әлі де еңбектен қалған емес. Сол сабырлы қалпын әлі сақтаған» деп түйіндеген екен Мағаш ағамыз. Расымен, Сайлау ағамыздың сабырлы қалпын орамды ойы мен әсерлі әңгімесінен байқадық. Оқушыларға өзінің көрген бейнетін, Кеңес дәуірі тұсындағы тірліктен сыр шертті. Кенжеболат ағамызда атадан қалған асыл өнер – ат баптау турасында да толғамды ойларын ортаға салды. Өзінің қолынан шыққан ат әбзелдерін көрермендер назарына ұсынды. Ағамыздың бұл бір қыры болса керек-ті. Осы шеберлігінің арқасында 1992 жылы өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайында да туындылары ел назарына іліккен. Қысқасы, оқушыларды ұлттық өнерді дәріптеуге шақырды.

Құрметті қонақтар қатарында ардагер журналист Нәзипа Асқар апамыз да табылды. Оқушыларға қазақ салт-дәстүрінің мәні мен маңызын түсіндірді.

Мектеп директоры Нұркен Жеңісұлы қонақтарға алғыс білдіріп, сый табыстады. Ел арасында құрметке бөленіп, ғұмыр жастарының ұзақ болуына тілектестік білдірді.

«Бүгінгі мектебіміздегі кездесу – «Өнегелі өмір» жобасы аясында өтті. Еңбек майталмандары Сайлау мен Кенжебек Біләлов ағаларымыздың өнегелі өмірін тілге тиек еттік. Келешек ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды. Оқушыларымыз рухани байып қалды десек те болады», – дейді шараны ұйымдастырушы Айжан Кенжебекқызы.

Тағылымды шара соңы концертпен түйінделді.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button