Нұра

Еңбегінен ел таныр

«Әлемнің әміршісі еңбек,  еңбек бәрін де жеңбек» демекші, дөңгеленген жер шарында жұмырбасты пенденің бір-бірінен  абыройын асырып, маңдайын жарқырататын жалғыз құдірет – еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда да сыйлы. Өйткені, адал іс пен төгілген тер түбі жемісін беріп, еңбекқор  адам өз ортасында мойындалған. Әңгімеміздің арқауы Мұстафа Оспанов та – нағыз еңбек адамы.

Мұстафа аға еңбекпен есейген. Әкесі Әбу көпбалалы орданың қорғаны. Балаларын жастайынан еңбекке баулыған. Бауырларымен бірге Мұсекең де 10 жасынан қолына таяқ ұстап, шопан ата төлдерін төске өргізген. «Әке көрген оқ жонар» демекші, – күні бүгінге дейін ен далада мал соңында жүріп кәсібінің нәсібін көріп отырған жан.

– Әкем оқытпады демеймін, 4 жыл Ресейдің Қорған қаласында  білім алдым, дене шынықтыру институтында. Әскер қатарында да болдым. Содан  1985 жылы 26 жасымда елге оралдым. Бірден ауылға келіп, жылқы бақтым. Қамалып отырғым келмейтін. Кең далада емін-еркін жүргенді ұнаттым. Еркіндікті қаладым, – дейді     Нұра ауданының  шалғайда орналасқан Теңіз өңірінен орын тепкен Шұбаркөл қожалығының басшысы.

Өмір бір орында тұрған ба?! Кеңес үкіметі тарих қойнауына кетіп, егемендік алған шақта Мұстафа Әбуұлы «Шұбаркөл» қосалқы шаруашылығында еңбек еткен. Малшаруашылығының дүрілдеп тұрған шағы. Ет те, сүт те, қымыз да осы шаруашылықта өндірілген. Негізгі бағыты – жаңа ашылған Шұбаркөл кенті тұрғындары мен кен орнында жұмыс атқаратын еңбеккерлерді азық-түлік шикізатымен қамту. Жекешелендіру кезі келген кезде 1997 жылы, әркім өз үлесін алып, жеке-жеке кеткен шақта,  төрт жігіт бірігіп, үлестерінің басын құрап, қазіргі шаруа қожалығын құрады.

Бүгінде қожалықта 250 қара мал, 300 қой, 600 жылқы бар. Күні бүгінге дейін, жаз жайлауы, қыс қыстауы  осы төрт түліктің бабы Мұстафа ағаның мойнында. Бұл тірлікті еті тірі, еңбекке бейім жан бауыры Әділбек Әбуов, балдызы Дәулет Жантасовпен бірлесе дөңгелетуде. Сонымен қатар, 7 жұмыскерді жұмыспен қамтып отыр. Малдың азығын дайындау да шаруашылық мойнында. Оған қажетті ауыл шаруашылық техникасын қожалық соңғы жылдары жаңалап алған.

Малдың жайылымы, жер-су атауларының қазіргі атауы мен ескі атауын алақанында көзге көрінбейтін географиялық картасы бардай атайды. Қай қырдың қай жерінен ұялы байланыс қанша қашықтыққа дейін ұстайтынын дөп басып айтып беріп отыр. Теңіз өңірінде бір-бірінен 80-100  шақырымнан алыс болмаса, кем емес 7 елді мекен орналасқан. Оның бірі – Шұбаркөл кенті. Осы кент басында болмаса, ұялы байланыс басқа жерде мүлдем ұстамайды. Мұстафа ағайдың шаруа қожалығы осы Шұбаркөл кен орнына таяу орналасқандықтан, жайылымның кей жерлерінде, төбешіктерінде өркениет тіршілігі білінеді.

Шаруа қожалығының негізгі бағыты мал шаруашылығы саласы болғандықтан, негізгі табыс көзі әзірге мал етін нарыққа шығарудан түсуде. Ағымдағы жылға дейін «Шұбаркөл Көмір» АҚ  2,5 тоннаға дейін мал етін бар құжатымен, арнайы келісімшарт арқылы өткізген. Қазір басшысы өзгеріп, отандық тауар сұраныссыз қалыпты.  Бүгінгі күні кен орындарынан “Шұбаркөл Премиум”  АҚ-ға айына 1 тонна қара мал етін өткізуде. Сонымен қатар, жылқы етін пұлдайтын қожалықтың 20 жылдық тарихында Астана, Жезқазған қалаларында 40-тан астам сенімді орны бар. Бұған қоса, қысқы соғым кезіндегі сұранысты қосыңыз.

Мал шаруашылығының ішінде қой етіне сұраныс ерекше артып келе жатқан көрінеді. Осы жылдың өзінде 1000 қойды пұлдап отырғанын айтып, тура осылай сұраныс арта беретін болса қой болашақта «Қызыл кітапқа» кіріп кетпесе деп қалжыңдап қояды. Жалпы,  кейіпкеріміздің қалжыңға бір табан жақын екенін әңгіме барысында байқадық.

Мал сою алаңы, ветеринар дәрігер бәрі де қожалықта қарастырылған. Енді, мал басын көбейтіп, мал бордақылау алаңын ашуды көздеуде.   Болашаққа қойған мақсат бұл ғана емес, бірінші мақсат мал басын асылдандыру. Сол кезде мемлекеттен төленер субсидия тағы бар. Әзірге қожалық субсидияны жылқы етіне ғана алып отыр. 20 тоннадан кем емес жылқы етін өткізсе, әр келісіне 92 теңгеден  субсидия төленуде.  Сонымен қатар, сүт, қымыз өндіріп, нарыққа шығаруды қолға алмақшы. Бүгінде жұмыстың алғышарттары жүргізілуде.

Мұстафа ағайдың жұбайы Бибігүл  Балтабайқызы – отбасының береке-бірлігінің ұйытқысы, ардақты ана. Мамандығы бухгалтер. Тұрмыс құрғалы балалардың тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасы, ошақ қасынының тыныштығын күзеткен. Бүгінде үйдің үлкені Аяулым Қазақ технология және бизнес университетінің экономика және бизнес бөлімінің студенті. Сонымен қатар, хареограф. Биден дәріс береді. 2017 жылғы «Биле, Қазақстан» байқауының жеңімпазы.  Шаңырақтың иесі Жан  мектеп қабырғасында, 8 сынып оқушысы.

Дүйім елдің алдында түзу де жарқын жол көрсетіп, ілкімді іс бастауға шақыратын ел ағасы 2012 жылы төртінші шақырылымында аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған шақта, депутаттық  мандатын  «мен мұндалаған» Теңіз өңірінің мұқтаждықтарына жиі пайдалануы да халықтың тыныс-тіршілігімен біте қайнаса жүруінің дәлелі болса керек. Сол жылдары атқарылған ең үлкен іс-баршын ауылынан ашылған «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай құю бекеті мен Бекат пен Баршын ауылы аралығындағы 100 шақырымға таяу жолдың жөндеу жұмыстары. Аудан орталығынан 200 км. қашықтықта орналасқан Теңіз өңірінің 7 ауылы да бұл  бекет тұрғызылғанға дейін жанар-жағармайды Астанадан, не болмаса аудан орталығынан тасып жүрген болатын.

Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың еңселі саласы. Осы жолда буыны бекіместен еңбекке араласқан, еңбекпен піскен азамат, бүгінде елуді еңсерген  Мұстафа аға еңбегі еленіп, біраз құрметке де ие болған. Соның ішінде, ең салмақтысы – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мырзаның қолы қойылған  «Құрмет грамотасына» шаңырағының төрінен орын берген.

Тазагүл Пішенбаева.

Нұра ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button