Бас тақырып

ЕҢБЕГІНЕ ҚАРАЙ ӨНБЕГІ: зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер қандай?

Еңбектің жемісін жеп, бейнеттің зейнетін көру – әркімнің арманы. Нәпақасын әртүрлі жерден тауып жүрген барша қазақстандықтарды зейнетақы мәселесі біріктіреді. Былтырдан бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай төлене бастағанынан көпшілік хабардар. Әйел адамдардың зейнетке шығу жасы да әр жыл сайын жарты жылға ұзартылатыны да айтылған еді өткен жылы. Биыл да зейнетақы жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер зейнетке шығу процедураларын анағұрлым жеңілдетеді екен. Енгізілген өзгерістер мен ерекшеліктерді халыққа түсіндіру үшін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Қарағанды облыстық филиалы ашық есік күнін ұйымдастырды.

Жаңа жылдағы жаңа мүмкіндіктер

2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоты автоматты ашылатын болды. Шот ашу үшін бұрынғыдай қорға барудың қажеті жоқ. Алғашқы жарна түскен күні өздігінен ашылатын болады. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарнасын жіберушінің барлық мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынатынын айту керек. Зейнетақы жинақтарының жайкүйін SMS хабарлама арқылы алу мүмкін болды. Азаматтардың mGov ұялы базасына тіркелген кез келген салымшы электрондық цифрлық қолтаңбасыз сұраным жасай алады. Мұндай ақпаратты салымшы бұрынғыдай өзі келіп, пошта арқылы, электрондық пошта, электронды үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы да ала беруіне болады.

Зейнетке бір өтініш жазып шығу мүмкіндігі де биылдан бастап қарастырылған. «Бір терезе» қағидатына негізінде зейнет жасына толған адам өзіне тиісті барлық төлемдерді алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына ғана бірыңғай өтінішпен жүгінеді. Алғашқы төлем өтініш жазылған күннен бастап 10 күн ішінде жасалатын болады.

 «Е-нотариат» жүйесін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақпараттық жүйесімен біріктірілуі де берілген тың мүмкіндіктердің бірі. Соның негізінде нотариустар қайтыс болған салымшылардың қорда жеке зейнетақы шотының бар екендігі және ондағы ақша қалдығы мен оның қозғалысы туралы сұранысты онлайн ала алады. Қор да өз кезегінде салымшылар ұсынған құжаттардың растығын «Е-нотариат» жүйесінен біле алады. Онсыз да қара жамылып отырған отбасының әр құжатқа бола табаны тозбайды.

Бірыңғай жиынтық төлем бірқатар қазақстандықтар үшін үлкен артықшылықтар береді. Бірыңғай жиынтық төлемге жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік аударымдар және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлетін әлеуметтік жарна жатады. Оның көлемі – бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері. Бұл – биылғы жылы 2525 теңге. Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары осы соманы толығымен төлесе, басқа елді мекендердегілер оның жартысын төлейді. Аталмыш төлемді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызмет жасайтын адамдар төлейді. Бұл қатарға кірудің де өз талаптары бар. Олар жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбауы тиіс және жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсетуі керек.

Көкейдегі көп сұрақ

Болат МУСИН, «БЖЗҚ» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары:

Зейнетақы жүйесіне қатысты халықты толғандырған мәселелер көп, өзгерістер де жасалуда. Бұрынырақта зейнетке шығушылар өз жинақтарының белгілі бір мөлшерін тоқсанына, жылына бір ала алатын. Қазір Үкіметтің №1042 қаулысына сәйкес жинақ кесте бойынша, яғни, ай сайын ғана беріледі. Адамның зейнетақы жинағы орташа есеппен 10 жылдан астам уақытқа есептеліп, бөлінеді. Оған ынтымақты зейнетақы мөлшерін, инфляцияны есепке алып жасалатын мемлекеттік кепілдік сомасы қосылады. Жалпы, зейнетақы аударымдары туралы толық база бізде және халыққа қызмет көрсету орталықтарында бар. Адамның өмір бойғы жиған-тергені ешқайда кетпейді. Егер адамның өзі ала алмаса да ол отбасы мүшелеріне беріледі.

Төлемдердің барлығын есептейтін осы қор екенін айта кеткен жөн. Себебі, халыққа қызмет көрсету орталықтарында берілетін зейнетақы жиынтығының көлемі нақты аударымдарды білдіреді. Ал мұнда қосылған барлық пайыздарымен бірге есептеп береді және осы мәлімет негізіндегі зейнетақы көлемі төленеді. Мамандардың айтуынша, екі мекемеде екі түрлі сома шыққанда, түсініспеушілік туындайды екен.

– Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы – 70 жас. Мен 63 жасымда зейнетке шықсам, өзімнің маңдай термен жинаған зейнетімді толық көре алмай кетуім мүмкін ғой. Бұл қалай сонда? – деп сұрады шараға қатысқан Владимир Бойко.

Бұл мәселеде қордың тек атқарушы ұйым ғана екендіктерін алға тартты мамандар.

 – Адами тұрғыдан алаңдайтын мәселе. Дегенмен, бұл сұрақты біз шешпейміз, біз қабылданған заң аясында ғана жұмыс жасаймыз. Бұл ретте аннуитеттік компанияларға жүгінуге болады, – деді Болат Мусин.

Ыңғайы келгенде айта кетейік, зейнетақы аннуитетін 55 жастан ер адамдар, 50 жастан асқан әйелдер пайдалана алады. Ол зейнетақыны зейнет жасына жетпей-ақ алуға мүмкіндік береді. Бірақ, ол үшін ер адамдарда 10 млн. теңгеден астам, әйелдерде 13 млн. теңгеден астам зейнетақы жинағы болуы шарт. Мұнда да зейнетақы төлемі ай сайын жасалады.

 Ашық есік күнінде барлық келушілер қажетті ақпараттарын ала алды. Кейбірі сол жерде зейнетақы жинағын есептетіп, болашақ зейнетақысының мөлшерін біліп қайтты. Осындай шаралар барынша жиірек және барлық ұйымдарда ұйымдастырылғаны аса қажет. Халық арасындағы сауаттылықты арттыру осындай шаралардан басталады. Әйтпегенде «ақымақ бас екі аяққа дамыл бермейдінің» күйін кешіп, әр мекеме табалдырығын тоздырумен уақыт өтеді.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button