Жаңалықтар

Еңбегі ерен Елбасы

      «Елбасы туған ауылдан – Астананың ең биік ғимаратына дейін…». «Ең сүйікті әнінен – саяси мәлімдемелер мәтініне дейін…». Мұның барлығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арнайы өткізілген медиа-жобада ұйымдастырылған сауалнамалар тақырыптары. Қарағанды қаласындағы Серік Cәпиев атындағы бокс орталығында «Бір Ел, бір Тағдыр, бір Көшбасшы» тақырыбында өткен шараға қарағандылық белсенді жастар қатысты.

– Бүгінгі мереке – халықтың Елбасына ыстық ықыласы мен құрметінің шынайы айғағы. Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясаты нәтижесінде Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Бұл мерекенің маңыздылығы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аумалы-төкпелі кезеңдегі тағдыршешті еңбегімен анықталады. Еліміздің экономикасы түзеліп қана қоймай, әлем елдері алдында бәсекеге қабілеттілігімізді таныттық, саяси тұрақты елге айналдық. Біз, қарағандылықтар, елімізді дамудың жаңа сатысына көтеруге үлесімізді қосамыз деген сенімдемін» – деп, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров медиа-жобаға қатысушыларға өз лебізін білдірді.

Жоғары оқу орындары, Т.Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектеп-интернаты, Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдерінен құралған тоғыз команда Тұңғыш Президенттің биографиясына қатысты зияткерлік викторинада сайысқа түсті. Сұрақтар да әр алуан. Елбасының бала кезінен бастап, бағдарламалық мақалаларының мәтіндері де бар. Барлығы – Елбасы тағдыры ғана емес, ел тағдырына қатысты сұрақтар. «Нұрсұлтан Назарбаев жас кезінде спорттың қандай түрімен айналысты?» деген сұрақ қатысушыларды шынымен тығырыққа тіреді. Залдан теннис, гольф, ат спорты тәрізді жауаптар айтылғанымен, Елбасының еркін күреспен айналысқаны туралы мәліметтің сирек кездесетіні рас екен.

Шараның құрметті қонағы, Украинаның және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Н.Назарбаевтың грек-рим күресінен бірінші жаттықтырушысы Лев Ежевский қарағандылықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Жастарды спортпен айналысуға шақырып, өзінің әйгілі оқушысы туралы пікірін айтты:

–       Қазақ отбасында дүниеге келген ұл – тумасынан күрескер. Нұрсұлтан Назарбаев та жас кезінде сондай еді. Егер, ол менің алдымдағы жаттығуын әрі қарай жалғастырар болса, Президент емес, Олимпиада чемпионы болар еді! Маған жаттығуға келген кезде 18 жаста болатын. Ол ұқыпты, ақылды, елгезек оқушы ғана емес, тамаша жолдас та бола білді.

Сонымен бірге, 1958 және 1960 жылдары №8 кәсіби-техникалық училищеде Нұрсұлтан Назарбаевпен көрікші мамандығына оқыған, Каменск (бұрынғы Днепродзержинск) әкімшілігінің басшысы Андрей Белоусов, ардагерлер және Елбасының серіктестері шараға құрметті қонақтар ретінде қатысты.

Жастар Елбасының серіктестерімен бірге «Весна на заречной улице», «Үш Қоңыр» әндерін орындап, «Волшебная страна» балалар ансамблі халықтар достығы биін орындады.

Кезінде Елбасының өзі білім алған Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті викторина жеңімпазы атанды. Барлық қатысушы командаларға Қарағанды қаласы әкімінің атынан естелік сыйлықтар тапсырылды. Ал, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы мен М.Әуезов атындағы кітапхана көрме ұйымдастырды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Суретті түсірген: Д.КУЗМИЧЕВ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button