Жаңалықтар

Еңбегі ерен Елбасы

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақ елінің бағына туған оғылан. Олай емес деп айта аласыз ба? Жоқ. Өйткені бұл кісінің көрегендігі мен парасат-пайымы мол саясаткерлігі Қазақ елін дағдарыстан алып шығып, заманауи дамудың жолына салды. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында. Жердің үсті ғана емес, қойнауы да қазынаға толы. Әйтсе де сол байлықтың қызығын қарапайым халық көре алмай отыр. Неге? Бұл биліктің кінәсі ме? Егер солай ойласаңыз – оңбай қателескеніңіз. Сенбесеңіз, тарихқа көз жүгіртіп шығыңыз.

Қазақ жерінің шығысынан Жоңғар, одан әріректе Қытай, батысынан қалмақ, оңтүстіктен Қоқан мен Хиуа, солтүстіктен ақ аюдай ақырған Ресей тәрізді алпауыт елдер қыспаққа алды. Көп кешікпей ақ патшаға ант беріп, Ресей империясының қоластына өттік. Сол бодандық жиырмасыншы ғасырдың соңына дейін жалғасты. Ел басынан небір нәубет заманалар өтті. Бәрін жеңіп шықтық.

Жоғарыда жеріміздің бай екенін келтірдік. Алайда ол байлықтың халыққа жетпей отыруының үлкен бір себебі – ғасырларға созылған отарлық кезеңде біз шикізат өндіруші мемлекет болып қана қалдық. Яғни байлықты өзгеге арзанға сатып, дайын өнімді қымбатқа сатып алуға мәжбүрміз.

Олай болса, сол өнімді неге өзіміз шығармаймыз дейтін боларсыз? Расымен де, білмейсіз бе? Өнеркәсіпті ұйымдастыруға қыруар қаржы мен уақыт керек емес пе? Кей адам алпауыт кәсіпорын тұрмақ, шағын кәсіп бастай алмай жүрген жоқ па? Сондықтан сабыр сақтау керек. Елбасымыз ұсынған даму стратегиясының арқасында біз әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапынан орын аламыз. Бұған сеніміңіз кәміл болсын.

Тағы да әлем тарихына зер салып көріңізші. Ғасырлар бойы бодандық қамытын киген елдер азаттық алған соң дамуға қанша уақыт жұмсады? Елбасы саясатын сынаушылардың бір уәжі: «Неге АҚШ, Англия, Германия тәрізді шалқып өмір сүрмейміз?». Ал ол елдер бодан болып көріп пе еді? Қазір дамыған елдердің барлығы дерлік бұрынғы отарлаушы империалистердің мұрагерлері емес пе? Қайта бодандық қамытын сыпырып тастаған Қазақстанның ширек ғасырда соларға қарап бой түзеп, қатар шаппаса да, қарасына жетуі үлкен жетістік емес пе?

Мәселен, Американы алып қараңыз. Орта ғасырларда еуропалық отаршылдар басып алып, ұзақ уақыт бойы бар байлығын сорып келді. Джордж Вашингтон бастаған америкалықтар бұған көнбей, азаттық жолында күресті, тәуелсіздік алды. Бұл сонау 1776 жыл еді. Сөйткен Американың экономикасы тек өткен ғасырда ғана қарқын алды емес пе? Әрі бұған Еуразияда өткен екі бірдей дүниежүзілік соғыстың ықпалы үлкен болды. Еуропалықтар қирап қалған қалаларды қайта тұрғызумен әуре болып жүргенде, Американың экономикасы шаң қаптырып кетті.

Алысқа бармай, іргедегі Қытайды қарастырайық. Оларда да солай. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста империалистердің қыспағынан толық құтылып, Кеңес үкіметінің қолдауының арқасында аяғына тұрды. Соның өзінде көптеген дағдарысты бастан өткеріп, экономикасын зордың күшімен өрістетті. Бұл жолда қытайлық саясаткерлер өз халқын аямай құрбандыққа шалды.

Айта берсек, мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Әрі олардың барлығы Елбасымыз қолданған саясаттың жемісті болғанын дәлелдей түседі.

Өзіңіз қараңызшы, Қазақстанның тәуелсіздік алғанына небәрі жиырма алты жылдың жүзі ғана болды. Ал бодандықта үш ғасырға жуық уақыт өткіздік. Тарихи һәм мәдени талай мұрамыз ұлт жадынан аяусыз өшірілді. Тіліміз тәлкекке түсіп, салтымыз ұмытыла бастады. Сол отаршылдар жойған дүниенің бәрін болмаса да, басым бөлігін ширек ғасырда қайтарып алдық емес пе?

Қазақстанда екінші орынға ысырылған қазақ тілінің ахуалы бүгінде анағұрлым жақсарған. Әріге бармай, 2007 жылғы жағдаймен қазіргі халді салыстырып көріңіз. Даму бар, солай емес пе?

Халқының саны бізден анағұрлым басым түсетін, өздерінің салтын сақтай білді деген Үндістанға да бір көз салайық. Олар тәуелсіздігін 1947 жылы жариялады. Бізден тұп-тура 44 жыл бұрын азат ел атанды. Бірақ ол жақта күні бүгінге дейін ағылшын тілі басым. Қалалы жерлерде тұратын үндістердің көпшілігі ана тілін ұмытқан. Ал оның қасында біздің ана тіліміздің даму көрсеткіші анағұрлым жоғары. Бәлкім, Өзбекстан, Түрікменстан тәрізді көрші елдерде мемлекеттік тілдің мәртебесі биік дерсіз? Оған да жауап бере кетейік.

Ақ патшаның тұсында да, Кеңес үкіметінің кезінде де Қазақстан ұлттардың ұлы зертханасына айналды. Орталықтың қолайына жақпағандар қазақ даласына жер аударылды. Бертінде тың игеру, индустрализация ұранымен тағы да мыңдаған, тіпті, миллиондаған өзге ұлт өкілі әкелінді. Олардың басым бөлігі сол күйі Қазақстанда қалып, ұрпақ өрбітті. Мемлекет құраушы ұлттың үлес салмағы азайды әрі кеңес билігі тарапынан қазақ тіліне жасалған қысастық күшейді. Ал жоғарыда аталған елдерде өзге ұлттардың саны мұндай басым болған жоқ. Тоқсаныншы жылдарда барлығы дерлік тарихи отандарына оралып, олар тіл саясатын жеңіл жүргізді. Ал бізде бәрі басқаша еді.

Қазақстанда тұрып жатқан 130 ұлт өкілдерінің барлығы – осы елдің азаматы. Біз бір қайықта отырмыз. Сондықтан ұлттық даму эволюциялық жолмен өрбуі тиіс. Достық пен ынтымақты сақтай отырып бірге дамимыз. Бұл ретте Елбасы бастамасымен құрылған, әлемде аналогі жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ерекше атап өтуге тиіспіз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек. Елбасымыз – ел үшін туған азамат. Ал оның саясатына күмәнмен қарап, қауесет таратушылар – елдің ынтымағын жойып, ырысын шайқауды мақсат тұтқан жандар. Арандап қалмайық. Қайта Елбасы саясатын қолдап, ол кісінің арқа сүйер тылына айналайық. Сол кезде ғана даму қарқыны үдей түспек.

Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақ еліне басшы болуы – бізге Тәңірден түскен үлкен сый. Ол кісінің кемеңгерлігін әлемнің алпауыт елдерінің өзі мойындап, бас иіп отыр. Ал өзіміз қатарлы дамушы елдер дәл осындай басшымыз болса деп арман етеді. Қолда бар алтынның қадірін білген абзал.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button