Жаңалықтар

Дунайды кесіп өткен десантшы

Екінші дүниежүзілік соғыста толарсақтан саз кешіп, оқ пен оттың ортасынан аман қайтқан есіл ердің бірі һәм бірегейі – Күлмағанбет СМАҒҰЛОВ. Қаламын – қаруға, ұстаздығын – ұлт қорғауға айырбастаған азамат бір кездері Будапешт көгін торлаған қаралы бұлтты ысырып, фашистерден Венаны қайтарған батыл десантшы болып еді-ау. Әріден бастайық…

Бірде, қартаң әжейден журналист жігіт «Қай ауданнан боласыз?» деп сұраса керек. Сөйтсе, әжеміз «шырағым, мен туған ауданның атауы картада жоқ» деген көрінеді. Сондағы қарияның картада жоқ деп отырғаны бертін Егіндібұлақ болып өзгеріп, оның өзі бір кездері Қарқаралы ауданына қосылған Қу ауданы-тұғын. Сол сықылды, сонау 1913 жылы ақпанда Күлмағамбет әкей шыр етіп дүние есігін ашқан Тоқырауын болысын да осы күні дүниежүзі саяси картасынан таппайсыз. Тіпті, болыс бағынышты болған уездің өзі қалаға, кейін барып ауданға айналып, әлгінде айтқан Қарқаралы болып қайта түлеп отырған жоқ па? Міне, ер дүниеге келген жер тарихы – осы

Тағдырдың тар маңдайға жазғаны сол – Тоқырауында туған ұлдың топшысы қатаямын дегенше қазақ қынадай қырылудың қарсы алдында тұрған болатын. Қазан төңкерісі деп қанымыз судай ақты. Қызылдар – қырды, ақтар – атты. Атылмай аман қалғанын кейін Кеңес өкіметінің керзі етігі таптап, итжеккенге айдады. Сорпамыз сұйылып, айранымыз азайды. Азалы жұрттың тартқан азабы аздай «асыра сілтеу болмасын деп, аша тұяқ қалмасын деп» аштық алқымнан алды. Құдайдың көзі түзу болмағанда қазақ біржолата жер үстінен жойылып, құйрықты жұлдыздай құрып тынар ма еді? Ол бізге белгісіз. Белгілісі – бала Күлмағанбеттің 32-нің отынан, 37-нің сотынан аман қалғаны.

Аумалы-төкпелі 1925-1932 жылдары ол Қоңырат ауданы орталығындағы мектепте тәлім алып, кейін 1933 жылдан 1942 жылға дейін “Каганович” және “Ленин” колхоздарында мұғалім болды. Десе де, Әлихандар қамалып, Әлімхандар таланып жатқан тар заманда 9 жыл ұстаздық етіп, ұлт қамын ойлаған Күлмағанбеттің бір-ақ күнде белгісіз бағытқа кете барарын ол кезде ешкім де болжап-білмегені анық. Алдымен, колхозда жүрген жерінен Шет аудандық әскери комиссариатқа шақырылса, іле-шала Украина майданына жіберілді. Әне-міне дегенше атқыштар дивизиясына да алынады.

Дереккөздерге сенсек, 1418 күн мен түнге созылған Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам бары тіркеліпті. Соғысқа соның 1196300-і аттанса, оның 59935-і қарағандылық жауынгерлер-тұғын. Өз кезеңінде, облыста 72-ші Красноград, 387-ші Перекоп және 310-шы Новгород атқыштар дивизиялары жасақталды. Алайда, Мәскеу түбіндегі шайқаста – 1267, Ленинград үшін шайқаста – 1949, Сталинград түбінде – 2187, Курск иінінде – 1405, Украинаны азат етуде – 6869, Белоруссияда – 688, Балтық бойында – 823, Шығыс Еуропа халықтарын азат етуде – 934, Берлинді алуда – 375, жапон милитаристеріне қарсы соғыста – 39 жерлесіміз жер жастанып, майданға аттанған әрбір төртінші қарағандылық туған топырағына қайтып оралмады. Сөйтіп, қарағандылықтардың 33-і Кеңес Одағының Батыры атағын алса, жеті адам «Данқ» орденінің толық иегері танылды.

Бұл ретте, көненің көзіндей, қан майдандағы куәгердің өзіндей болып, қолымызға батыр бабаның әскери билеті, анығы – оның көшірмесі түспесі бар ма? Қарап отырып, қайран қалдық. Темірдей тәртіпке таң қалыстық. Мәселе – мынада! Әскери билет беттерінің бірінде тас-түйін жабдықталған жауынгердің асай-мүсейі – басынан бақайшығына дейінгі қысқы һәм жазғы киімінің, қажет десеңіз көрпе жастығының ұстаған қаруының, оқшантайының, оқ-дәрісінің саны мен түріне дейін тәптіштеліп жазылған. Тап мұндай тәртіпті осы күні кездестіріп көріңіз. Бұған қарап, қанды 42-нің оқ борап тұрған тұсында бір жауынгердің жабдығы бүкіл майданның тағдырын шешіп кетер ме еді дейсің? Анығын Алла біледі.

Бұл кезде кейіпкеріміз де жарты жылға жуық жаумен айқасып жүрген болатын. Сөйте жүріп, 1943 жылдың қаңтар-ақпан айларында Свердловск қаласындағы жаяу әскер (атқышпулеметші) училищесіне қабылданып, онда әуе-десант әскерінің (воздушно-десантные войска) офицерлер құрамын жетілдіру бойынша 1 айлық курсын аяқтай салысымен №16 гвардиялық әуе-десанттық бригаданың зениттік дивизионына пулеметші-зенитші болып кете барады. Одан әрмен, 1944 жылдан 1945 жылға дейін 101-ші гвардиялық зениттік дивизонында пулеметші-зенитші, зениттік-атқыштар полкінде пулеметші-зенитші (ірі калибрлі пулемет) болып соғысады. Кейін Александр Невский орденді 297-ші гвардиялық атқыштар полкінің зениттікпулеметшілер взводы құрамында шайқасады.

Осы тұста Кеңес одағының әскері неміс басқыншыларын тықсыра қуып, бір елден кейін бір елді, бір қаладан кейін бір қаланы жау қолынан босатып жатқан болатын. Мәселен, 1945 жылдың наурызында Одақ әскері Будапештің оңтүстік-батыс бөлігінде 11 танк дивизиясынан құралған неміс әскерін талқандап, Секешфехевар, Мор, Зирез, Веспрем, Эньинг қалаларын босатқан болатын. Сондай-ақ, өзге 350 елді мекенді де азат етті. Бұл шайқас екінші дүниежүзілік соғыстағы аса ірі шешуші шайқастардың бірі болды десе де болады. Аққан қан мен қаза болған жауынгерлердің саны өзге шайқастарға қарағанда анағұрлым көп еді. Аспан өртеніп, қара жер балқып бара жатқан сәттер еді – бұл.

Мұнымен тоқтамаған Кеңес әскері Сомбатель, Кашувар, Кесег қалаларына да еркіндік сыйлап, Австрия шекарасына жол салады. Ұрыс даласында кескілескен жауынгерлер үшін бұл текетірес өмір үшін емес, өлім үшін болған айқастарға айналды.

Жеңіс соңын жеңіске ұластырған сарбаздар сұрапыл соғыстың соңғы айларын да бастан өткеріп жатқан болатын. Сәуір айында Кеңес әскері ақыры Австрияға салған жолдың жемісін көріп, Венаға жақын жердегі неміс әскері қорғанысының маңызды тірек пункттері саналатын Эйзенштадт, Неункирхен, Глогниц қалаларын алады. Мұнымен қоймай, өндіріс қаласы әрі ірі теміржол торабы болған Винер-Нойштадты да еншілейді.

Мұның бәрін бекер жіпке тізіп, әсірелеп әңгімелеп отыр демеңіз. Себебі, жоғарыда айтылған жеңістердің барлығы ел назарындағы шешуші шайқастар болатын. Дәлел ретінде, Жоғарғы Бас қолбасшы Сталин жолдастың әр айқас соңында жауынгерлерге арнайы алғыс жариялап, Мәскеуде отшашу ұйымдастырғанын айтайық. Ал, сол Будапешті, Венаны алғаны үшін алғыс жарияланған сарбаздар сапында Күлмағанбет Смағұлов та бар болғанын қалай айтпай кетерсің…

Ендеше, ерлік еленді деген осы емес пе? Қарқаралыда қайралған ұлдың пулеметін арқалап, жарты Еуропаны жаяу жүріп өткен жемісті һәм жеңісті жолы – осы қан майдан даласында менмұндалайды.

Еленген ерліктің ендігі өлшемі – кейіпкеріміздің кеудесіне тағылған орден-медальдар, төсбелгілер болсын. Солардың қатарында 2-дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісіне, КСРО Қарулы Күштерінің құрылғанына» арналған әр жылдардағы мерейтойлық медальдар бар. Атамай кеткен тағы бір айрықша медаль бар. Ол – «Венаны алғаны үшін» медалі. Бұл медаль бар-жоғы 268 жауынгерге ғана табыс етілген екен. Соның бірі – Күлмағанбет баһадүр! Бұл мәлімет www.youtube.com желісінде жарияланған «Освобождение – Венская наступательная операция» деректі телевизиялық сериялында көрсетілген.

Ақыры, 1945 жылдың қарашасында адам сенгісіз азапты бастан өткеріп, ет-жақынның тілеуімен елге де аман-есен оралды. Алғашында, 1 жыл өзі соғысқа дейін қызмет еткен “Каганович” колхозында ұстаз болып, кейін 1946- 1957 жылдар аралығында түрлі колхоздарға төрағалық етеді. Бұдан әрмен зейнеткерлікке шыққанға дейін кадр бөлімдерінің, пошта мен жинақтау банкінің басшысы қызметтерін абыроймен атқара білді. Айбала есімді азаматшамен көңіл жарастырып, 3 ұл, 3 қыз – барлығы алты баланы тәрбиелеп жеткізді. Олардың өзі бүгінгі таңда бір-бір отау иесі атанып, еліне еңбегін сіңіріп, әке абыройын аспандатып, ұрпақ тәрбиелеп, немере сүйіп отырған жайы бар. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме.

Айтайын дегеніміз, батыр бабаның бейбіт өмірдегі еңбегі де елеусіз қалмай, Үкімет тарапы майдангер кеудесіне «Еңбек ардагері» медалі мен «Тоғызыншы бесжылдық екпіндісі» белгісін тақты. Марапат майталманын тапты.

Атақты Сайын хан (Бату) ат суарған Дунайды араға ғасырлар салып тағы бір табанды ұл жалдап өтерін Тәңірден өзге кім болжай алды дейсің?

Азапқа да, ғажапқа да толы қайран ғұмырай десеңізші.

Оқ – теспеген, қылыш – кеспеген!

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген – осы!

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button