Руханият

“Достар, достар, жүрсің қайда…”

1968 жылдың көктемі. Егіндібұлақ селосында сол уақыттағы №4 мектеп-интернатты 50 қыз бен жігіт бітірмек болып, алаңдаған көңіл-күй кешкеніміз есімізде. Мұндай жағдайды мектеп бітірген әрбір жас бастан өткереді ғой. Бір жағынан он жыл оқыған мектеппен, ұстаздармен, құлын-тайдай тебіскен достармен қоштасқымыз келмей толқып едік. Екінші жағынан алда үлкен өмір күтіп тұрғанын, ауыр сын бар екенін түсінгендіктен біртүрлі бойыңды қорқыныш билейді…

Суретте: 10 «А» класының оқушылары. 1968 жыл.

Өмір деген айдынға ескексіз қайықпен жүзіп шыққандай, қалт-құлт еткен жағдайда едік. Алдымен, «Қандай мамандық аламыз?» деген сұрақ тұрған. Бұл да әркімнің басынан өтетін жай емес пе, «анау оқуға барамыз, мына оқуға барамыз» деп шулаған кезіміз. Арман жүзеге аса ма, аспай ма, тағдыр не жазып тұрғанын ойлап жатқан біз жоқ. Жапатармағай мамандық таңдап әлекпіз. Біреулері мұғалім, дәрігер, агроном, зоотехник, инженер боламыз дейді. Мен отырып « журналист боламын » деппін. Бәрінің көзі алақтап: «Ол не пәле, газет шығаратын кісі ме?» – дейді. Басымды изеймін. Ұлдардың көбі зоотехник мамандығын алып, сосын совхоз директоры боламыз деп жүргендіктен, мынау не дейді дегендей, бірбіріне қарайды. Қыздар да бір-бірімен күбірлесіп, бірдеңе деседі. Шынында, соңғы партада ешкіммен жұмысы жоқ, үндемей отыратын көккөз сары баладан мұндайды күтпеген тәрізді. Менің тәулігіне бір кітап оқитынымды, Қасымның, Қадырдың, Жұмекеннің, Сағидың өлеңдерін жаттап, Зейнолла Қабдоловтың, Мұхамеджан Қаратаевтың, Зейнолла Серікқалиевтің әдеби-сын кітаптарын жастанып оқитынымды қайдан білсін?! Сыныптастар қыз-жігіт болып қыдырып жүргенде үндемейтін сары бала үйде кітап оқып жатқанынан бейхабар болды бәрі де. Сондықтан, олар «болашақ журналистке» таңырқай қарап, ұстаздар: «Бұған өрең жетер ме екен…» дегендей күдіктеніп еді. Кейбір мұғалімдер: «Сен одан да филолог бол, ғалым боласың, журналист болсаң, ұсақ-түйекпен қаласың» – деді. Бұл қырсық мінезді қойсаңшы, «жоқ, журналист боламын» деппін. Алдын ала айта кетейін, сол сөзім періштенің құлағына шалынған болуы керек. Ақыры, журналист болдым, елу баланың ішінен. Қоймай жүріп, 4 жылдан соң КазГУ-дің журналистика факультетіне 22 жасымда түстім. Қырық жылдан астам газетте, соның 32 жылын «Орталық Қазақстан» газетінде өткердім…

Енді өткен күнге шегініс жасайық. Сол 68-жылдың 25 мамырында соңғы қоңырау болды. Интернаттың үлкен акт залы әрі спорт залында «Соңғы қоңырау» салтанаты өтті. Арнаулы сценарий бойынша сөз сөйленді, концерттік номерлер көрсетілді. Қимастық сөздер айтылды. Қыздарымыз соңғы рет ақ фартук киіп келіп, боздап жылағандары есімізде. Ұлдар да барын киіп, бақанын ұстап, жалғыз-ақ нейлон көйлектерін киіп, өзінше «жігіт» болып келгенді. Шынында, жаныңды толғандыратын қоштасу болды. Қыздардың жылағанын көріп, біз де төмен қарап, жер шұқыған едік.

Содан бері 50 жыл уақыт өтті. 2018 жылдың 6 шілдесінде Қарағанды қаласындағы «Қоңыр» тойханасында сол сыныптастар қайта бас қосты. Сол 1968 жылы мектеп-интернатты бітірген 50 баланың 35-і кездесуге келді. 3-4 қыз-жігіт түрлі себеппен келе алмады, қалған оншақтысы марқұм болып кеткенді. Жарты ғасыр деген аз уақыт емес. Бұл жиналғандардың бәрі бүгін зейнеткер, ата мен әжелер еді. Бұраңбел қыздарымыз бұл күнде сары қарын бәйбіше, сымдай тартылған ұлдарымыз сары тіс шал болыпты. Бірақ, көңілдері баяғыдай. Бірін-бірі көріп, қуанғандарын айтсаңызшы. Кейбіреулерін танымай қалдық. Себебі, елу жылдан бері бірін-бірі көрмегендер бар еді. Мысалы, Қамар деген қызымыз Шымкентте, Дәметкен Павлодарда тұрады екен. Сол жақта тұрмыста болған ғой. Екеуін бірінші рет көрдік, танымағанымыз рас. Кездесуге мұғалімдеріміз – физикадан сабақ берген Төлеген Арконов, класс жетекшілеріміз Ақатай Сүлейменов, Рымкеш Аязбаева келіп, қуанышымызға ортақтасты, естеліктер айтты.

Кездесудің басында мешіттен имам шақырып, қайтыс болған кластастарға Құран бағыштадық. Марқұмдарды еске алғанда, алдымен Жаңбырбай Рақымжанов ойға түседі. Оқу озаты, мектеп комсомол ұйымының жетекшісі, мықты спортшы болды. Әсіресе, математикаға жүйрік болатын, бірақ, жоғары білім ала алмады. Қартайған анасы мен отбасын асырау керек болды. Алайда, ешкімнен кем болған жоқ. «Қоянды» совхозында жұмыс істеп, зейнетке шықты, бала-шағалы болды. Сол ауылда мәңгілік мекен тапты. Осы Қояндыдан тағы бір кластасымыз бар болатын. Рамазан Рымбаев – заңгер мамандығын алып, ғұмыр бойы прокуратура, сот саласында қызмет етті. Өмірінің соңғы кезінде Осакаров ауданында сот төрағасы болып, сонда қайтыс болды. Сол жерге жерленді. Ал бұрынғы «Доғалаң» совхозының тумасы Дайырбек Тобықов Ақмоланың ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, инженер, бас инженер болды. Кейін зейнетке шыққан соң Қарқаралыға көшіп келіп, сонда қайтыс болды. Класымыздың старостасы Рымтай Қаппасова КарГУ-дың тарих факультетін бітіріп, білікті ұстаз болды. Ұзақ жыл Н.Нұрмақов мектебінде сабақ берді. Жақында ғана жылын бердік. Елу жылдық кездесуді өткізу идеясын бастаған осы Рымтай марқұм болатын, бірақ өзі көре алмай кетті. «Б» класында оқыған Қалиолла Құлмағанбетов өте пысық жігіт болатын, біраз совхозда бас инженер болып қызмет істеді, кейін Қарағандыға көшіп келіп, зейнетке шықпай өмірден өтіп кетті. Кластас қыздар Жұмабике Әбдікеева, Айгүл Шәріпова, Шолпан Жаңғалова, Нәзкен Әубәкірова және Қапан Мизамбаев ертерек қайтыс болды. «Б» класында Серік Ахметов деген көрікті жігіт болған еді. Ол «Арқалық» совхозында көп жыл инженер болып істеп, Қарағандыға көшіп келді. Сырқаттанып өмірден өткеніне 2-3 жылдың мұғдары болды. Сондай-ақ, кластас қыздардың өмірден өткен жұбайлары Қанат пен Мейрамға да дұға бағыштадық.

Сонымен, елу жылдық кездесуге кімдер келді дейсіз ғой. Алдымен, «А» класын айтайық. Аузымызға бірінші Темірболат Мәжитов түседі. Мектепті 16 жасында бітірген, ішіміздегі ең кішкентайымыз еді. Кейін бәрімізден дөкей болып кетті. Алдымен, Саратов ауыл шаруашылық институтын бітіріп келді. Бар-жоғы 25 жасында «Арқалық» совхозына директор болды. Ішімізден шыққан жалғыз әкім. Кезінде Қарқаралы ауданының әкімі болды. Одан соң облыстық мекемелерді басқарды. Сол Саратовтан оқу бітіріп келген тағы бір кластасымыз Айтқазы Нұрбеков өмір бойы бұрынғы Абай атындағы совхозда қызмет істеп, қазір сонда тұрып жатыр. Үлкен фермер. Жұбайын ертіп ол келді. Ресейдің Омбы қаласында оқыған Серікбек Рахымбеков қазір Астанада тұрады екен. Мектеп бітіргелі көрмеп едік, әйелімен ол да келді. Елу жылдай кездеспеген тағы бір досымыз Серік Смайылов та Астананың тұрғыны болыпты. Ертеректе Ақмола теміржол техникумын бітіріп, сол жақта қалып қойған екен. Осы 50 жылдың ішінде көрмеген, алыста жүрген екі қызымыз бар еді. Соның бірі – Қамар Боранбаева, оқу озатының бірі болған. Ол сонау Шымкенттен кластың «күйеу баласын» ертіп жетті. Екінші қыз – Дәметкен Дүйсекеева Павлодарға ұзатылған екен. Мектепте көркемөнерпаздар ұйымының белсенді мүшесі болған, осы кездесуде де біраз әннің басын қайырды. Кластастарымыздың біразы зейнетке шыққан соң Қарағандыға көшіп келген екен. Осы қалада тұратын Тілеген Құсайынов шебер құрылысшы болды, Нағима Кәрімова – мұғалім, Дулат Әлімханов экономист, бас бухгалтер қызметтерінде болған. Қаршыға Қалашбаева жұбайы Төлешпен келді. Кезінде облыста, Осакаров ауданында қызметте болған Серікбек Ыдырысовты да біраз достарымыз жарты ғасырдан бері көрмепті. Көп уақыт көрмеген Қарлығаш Асқарова да кездесу төрінде болды. Түрлі себептермен осы кездесуге кластастарымыз Серікбек Ысқақов, Жәмила Мателина, Дариға Мақажанова, Жоланбай Әбішев, Жомарт Боранбаев қатыса алмады. Бұлардың ішінде Серікбек пен Жоланбай бұрынғы Егіндібұлақ ауданында партком хатшысы, селолық кеңестің төрағасы тәрізді қызметтер атқарды. Бір айта кетерлігі, біздің «А» класында оқыған 25 баланың барлығы бірдей жоғары білім алды.

Енді «Б» класына тоқталайық. Осы кластағы 25 баланың алтауы ғана ұл, қалғандары қыз болды. Кластың старостасы Әсет Рысқұлов осы елу жылдықты ұйымдастыруға көп үлес қосты. Мектепте де белсенді, спортшы, өнерлі болып еді. Ол Қарағанды пединститутын бітіріп, Осакаров ауданындағы «Маржанкөл» совхозында өмір бойы мұғалім болды. Қазір Астанада тұрады. Баяғы сол белсенді қалпында. Екінші ұл – Амантай Жетпісбаев заманның түзу кезінде бөлімше меңгерушісі тәрізді қызмет атқарды. Кейін Осакаров ауданына көшіп келіп, қазір шаруа қожалығын басқарады. Үшінші ұл – Тұрсын Ақбаев «Арқалық» совхозының Шілдебай бөлімшесінде көп жыл мал дәрігері болған екен. Жұбайымен екеуі басқосуға келді. Төртінші ұл – Рамазан Оразғалиев ғұмыр бойы мектепте сабақ беріп, зейнетке шыққан соң Қарағандыға көшіп келіпті. Бір себеппен кездесуге келе алмады. Бесінші, алтыншы ұлдар – Қалиолла мен Серік марқұм болып кеткен еді. Бүгін көздері тірі қыздардан Бақыт Өсенова, Бақытай Темірбекова, Әтина Біләлова кездесу дастарханының көркі болды. Түрлі себеппен Несіпбала Сәрсенбаева, Сәуле Қыстаубаева, Лиза Аждарова, Күлкен, Торғай деген қыздар келе алмады. Бірен-саран қыз-жігітті іздеп таба алмадық. Басым көпшілігі елу жылдық кездесуге қатысуға тырысты.

Бір сөзбен айтқанда, жарты ғасырдан соң 1968 жылы Егіндібұлақ мектеп-интернатын бітірген түлектер, осылайша, бас қостық. Дастархан басында отырған алты сағаттың ішінде талай әңгіме айтылды. Сонау балалық кезді еске алып, талай-талай қызық оқиғалардың басын шалдық. Бір күн, бір түн айтса да, таусылмайтын әңгімелер бар еді. Әттең, уақыт тапшы болды. Қалай болғанда да шер тарқасып, бір замандағы қыз-жігіттер шал-кемпір болып, бір қауқылдасып алдық. Хакім Лұқпан досжаранмен әр кездесуін бір жасқа балаған екен, сол тәрізді біз де бір жасап қалдық.

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button