Дос

Дос болды бәрі дос болды,
Дос айтқан сөздер хош болды.
Домалақ түндер тонаған,
Жүрегім жыртық қос болды.

Қай жанды қайдан қайырам,
Дос болды бәрі күлісе.
Қаймағын қалай айырам,
Қайнамай жатып ірісе?!

Дос болды бәрі таптырмас,
Бәрінің ашық араны,
«Жақсы» деп тұрып жақтырмас,
Жекелеу шапқан қараны.

Естідім алғаш солардан,
Жаттанды сөзін достықтың.
Алыстау барып олардан,
Жапан далаға қос тіктім.

Айлалы шықпас айналаң,
Пенденің пенде ермегі.
Панам болғанда айдала,
Біреуі іздеп келмеді.

Оларсыз сірә ой кем бе?!
…Өлең, құйылар селдеткен.
Тасбақа көзді, ей, пенде,
Тасбауыр едің сен неткен?!

Жалғыз деп пе едің мені шын?!
Қайтемін сендей бөтенді.
Түсінсең, бірақ сен үшін,
Тыңдамай кеткем әкемді.

Тыңдамай кеткем, расында,
«Көңілім елге көл дегем
Өйткені әкем жасымда:
«Достыққа адал бол» деген.

Көзімнің алды мың елес,
Адасып көптен қалдым ба?!
Аяр қулығың түк емес,
Адалдығымның алдында.

ДӘУЛЕТ ЫРЫСБАЙҰЛЫ