Дон халқы құрметтеген ана

Ұлы Отан соғысының батыры Н.Әбдіровтың анасы Бағжан шешеміздің Шолоховта қонақта болғанда түскен кезі

Иә,бұл сурет Аукен ағамыздың үйіне келген қонақтардың көзінен таса қалған емес.

«Уақыты өткен бояудың сыны болмайды» демекші, суретке қарап көп жайды аңғарғандай боласың.

        Сонау сұрапыл соғыстың қай шаңыраққа болмасын жаманат хабар әкелмегені кемде-кем .Әлемді шарлаған соғыс өрті қаншама аналарды боздақтарынан айырды, жүректеріне мәңгілік өшпес із қалдырып, үлкен қасірет әкелді.Мүрделері майдан даласында топыраққа араласып, хабарсыз кетіп, туған- туысына қайғы -қасірет әкелгені қаншама!..

Соғыс өрті тұтанғанға дейін Әбдірдің әулеті соқталдай үш азаматтың болашағынан үміт күтіп алаңсыз өмір кешіп жатыр еді. Сұрапыл сұм соғыстың әсері Әбдір мен Бағжан шешемізді де айналып өтпеді.Отбасының тұңғыш баласы  Нүркен өз самолетін жау эшелонына бағыттап, ерлікпен қаза тапты.Ортаншы баласы Сәдірбек соғыста хабар-ошарсыз кетті.Жеңіс күніне екі күн қалғанда Нүркеннің әкесі Әбдір қайғыдан бас көтере алмай дүние салды. Үшінші баласы Сәрсен соғыстан кейін қайғылы қазаға ұшырады.Шаңырақты шайқалтқан қайғыдан түн ұйқысы төрт бөлініп,ана жүрегі қарс айырылды. Жан жарасы жазылмай, күнге күн қосылып , жылдар өтіп жатты.

1418 күнге созылған соғыстың нәтижесінде фашистік Германия талқандалды.Ел есін жиып, шаруашылықтарын түзей бастады. Ерлерін еске алып, ата-аналарын қадірлейтін уақыт та келіп жетті. Соғыстағы бірнеше ерлігі ескеріліп,елеусіз қалмай, 1942 жылы Боковка станциясындағы ерлігі үшін қазақ азаматы Нүркен Әбдіровке  Совет Одағының батыры атағы берілді. 1965 жылы Бағжан шешемізге Нүркен сүйегі жерленген Вьещинск ауданы  Боковская станциясына келуін сұраған орта мектеп пионерлерінің шақыру қағазы келді.«Өшпес ерлік» атты Нүркен туралы кітап жазған қарағандылық жазушы Г.Якимов бастап, Бағжан шешеміз, немерелері Аукен, Алия ИЛ-18 ұшағымен Минералъные Воды қаласына сапар шекті. Әрі қарай басқа ұшақпен Дондағы Ростовқа ұшып келген анамызды облыс басшысы С.М.Соломенцев, әйгілі батыр казак Ф.В.Немудрякин бастаған бір топ халық, мектеп оқушылары салт бойынша  нанмен, тұзбен қарсы алды. Гүл шоқтарын ұсынып, батырдың анасына ерекше құрмет көрсетті.

Жергілікті композитор Т. Моловичконың Нүркен  туралы  жазған  әні сол жерде орындалады. Ол әннің қазақшаға  аударғандағы нұсқасы төмендегідей  болатын:

Соқты боран Еділдің бойын керней,

Қамалға жау ұмтылды тыным көрмей.

Даңқы зор, батыр қала тұрды берік,

От шалып, қираса да ырық бермей.

Бір мезет тынбай ұрыс жүріп жатыр,

Дон бойлап жау танкісі келе жатыр.

Қарсы алды оқ боратып, таңсәріде,

Оларға өлім сеуіп Нүркен батыр.

Жанса да самолетін нығыз бұрды,

Батыр-қазақ мәңгілік із қалдырды.

Күйретіп жау танкісін шүйіліспен,

Өз жанын Отан үшін құрбан қылды.

Еліме тыныш жатқан келсе сүргін,

Басына төнсе егер қатер бір күн,

Отанды біз қорғаймыз кеудемізбен,

Болады біздерге үлгі батыр Нүркен.

Сый-құрметке бөленіп,бір сәт жаны жадыраған ана-жүрек сүйікті ұлының қабірінің басына келгенде,еріксіз егіліп, езіліп кеткендей болды.Еміреніп кеп баласы жерленген жерге ұмтылды.Жылдар бойы  ана жүрегінен тарқамай  жүрген шер мен қайғы Нүркен қабірі басында көз жасымен  ағылып кете барды. «Құлыным, саған келдім, алысқа кеттің, елден сәлем әкелдім»  деп сыбырлай сөйлеген сөздері желге ілесіп Дон даласын күңірентіп жатты. Жиналған халық үнсіз қатып,анамызбен қоса қайғырып,соғыс зардабын тартқан аналар көз жастарына ерік беріп тұрды. Баласын мейірлене бір құшақтап сүю арман боп қалған қарт ана ұлының жатқан жерін құшақтап, сүйіп, құран бағыштады. Елден, туған жерінен әкелген топырақты қабір басына салды.Аяулы ана осылай бір мауқын басты.

Алыста баласы жалғыз емес екен. Дон халқының шексіз құрметі, ыстық ықыласы Бағжан шешемізді жұбатқандай, қайғы бұлтын сейілткендей болды.Батырдың анасы жергілікті  басшылардың қолдауымен Боковка станицасының құрметті казачкасы атанды. Орта мектепке Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров аты  берілгені ана көңілін тасытты. Ол  туралы  қаулыны  аудандық  партия комитетінің хатшысы И.Ф. Зигманов оқып берді. Бағжан шешемізді орыс халқының ұлы жазушысы М.А. Шолохов Вещенск станицасына өзінің үйіне  шақырып,  қадірлі қонағы етті.Сол кезде ілесіп барған Аукен  ағамыздың айтуы бойынша, М.А.Шолоховқа қонақтар көп келеді, уақыты тығыз, әр адамға жарты сағат жұмсауға тырысады екен. «Бірақ анамызға, біздерге  деген ұлы жазушының құрметі ерекше болды»,-деп еске алады Әукең.Ұлы жазушы қазақтар шайды жақсы көреді деп үнді шайын арнайы  алдыртып,  қарт ананың тісіне жұмсақ  құс етінен тағам әзірлетіп, дастарханына түрлі дәмдер қойып  сыйлаған. М. А. Шолохов анамызбен  дидарласа жүріп  бақшасын аралатып, кітапханасын  көрсетіп, әрі  қарай  шай  үстінде  Нүркен  ағамыздың  туған жері, елі  туралы  әңгімелерді  аса бір ыждахаттылықпен тыңдап отырған. Екі  қабатты үйдің айналасы бау-бақша,  үйді  қоршап тұрған дуалдың  бір есігі Дон өзеніне шығады. Екі  аспаз, бір хатшысы бар,   шаруашылығының бәрін өзі басқарады екен.   

Ерекше  қимастық көңілмен жарасқан осы бір кездесуден сыр шерткендей болып жалғыз сурет қалды. Ортада Бағжан шешеміз, оң  жақта ұлы жазушы М.А. Шолохов, анамыздың немересі Аукен, артындағы аудандық әскери комиссар(аты-жөні белгісіз), анамыздың сол жағындағы жазушының жұбайы Марья Петровна және қарағандылық жазушы Г.Якимов.  Анамыздың артында немересі Алия мен Вьющинск ауданының хатшысы И.Ф.Зигманов. Фотокорроспондент Василий Чумаков түсірген бұл фото бүгінгі күні екі елдің ұлы достығының, бір-біріне деген ықылас-пейілінің, адамгершілігінің белгісіндей. Бұл сурет –алып-ұшып алысқа аттанған ана жүрегінің дүрсілін жеткізгендей. 

Әлі талай жылдар, ғасырлар өтер, бірақ халқының мақтанышына айналған батыр ұлдарының ерлігі,олар туралы деректер аңызға айналып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қала бермек. Отан үшін, ел үшін жанын қиған бауырларымызға, оларды дүниеге  әкелген, бүгінде бақилық болып кеткен ата- аналарымызға топырағың торқа болсын деп, артында қалған ұрпақтарының отбасына аманшылық, берекелі, мерекелі, бақытты күндер тілейміз!

        Қазақтың ер жүрек ұлы Н.Әбдіровтің түтінін түтетіп, Байдәулет ұрпағы Әбдір әкеміз бен Бағжан  шешеміздің шаңырағын  шайқалтпай, ұрпақ  жалғастырып  отырған  Әукен Әбдіров ағамыздың жөні бөлек.Бөлменің  бір бұрышын  мұрағат  етіп, фотосуреттер, хаттар, баспасөзге  шыққан мақалалар мен түрлі жәдігерлерді сақтап,батырдың орнын жоқтатпауда. Елім деп еңбек еткен, халқына қадірлі, елеулі ел азаматы атанып жүрген Аукен ағамыз бен Зейнеп жеңгеміздің отбасына аманшылық, зор денсаулық, бақытқа, шаттыққа толы күндер тілейміз!

Мейірман Жашкеев