Тарих

Доңыз жылындағы айтулы оқиғалар

12 жылдық циклды түйіндейтін доңызбен қош айтысқалы отырмыз. Осы орайда, тарихқа көз жүгіртіп, доңыз жылы орын алған аса маңызды оқиғаларды еске алсақ дейміз. Тым әріге бармай-ақ, ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырды ғана шолып шықсақ.

 

***

1911 жылы қазақ жерінде елеулі тарихи оқиғалар орын алды. Алаш арысы Барлыбек Сырттанов «Қазақ елінің Уставын» әзірледі. Бұл ақ патшаның бодандығындағы қазақ жұртының азаттыққа қарай басқан алғашқы қадамы еді. Кейін «Алашорда» үкіметі дәл осы еңбекті негізге алған. Сондай-ақ, 1911 жылы ұлт руханиятында айрықша орын алатын «Айқап» журналының алғашқы саны жарық көрді.

***

1923 жыл қазақ ұлтының тағдырына тікелей ықпал еткен тарихи шешімдер қабылданды. Сәкен Сейфуллин бастаған зиялылар «қырғыз» аталып келген ұлтымызға «қазақ» атын қайтарды. Дәл осы жылдың 22 қарашасында ҚазақАКСР Орталық атқару комитеті Қазақ тілін іс-қағаздарды жүргізу тілі қылып бекітіп, арнайы Декрет қабылдады. Нәтижесінде, 1924 жылдың 1 қаңтарынан бастап республиканың барлық аймақтарында құжаттар қазақ тілінде толтырыла бастады. Ал, халқы аралас елді мекендерге қазақ және орыс тілінде жүргізілді.

***

1935 жылы ішкі Ресейде «сенімсіз» халықтарды жаппай қудалау басталды. Нәтижесінде Қазақстанға жүздеген ұлт пен ұлыстың өкілдері көшірілді. Қазақстан Сталин дәуірі аяқталғанша саяси сотталғандардың түрмесіне айналды.

***

1947 жылдың 21 тамызы күні Семей полигонын құру туралы шешім қабылданды. Аз уақыттың ішінде қазақтың сайын даласы сынақ алаңына айналып, қоршаған орта мен жергілікті халыққа орны толмас зиян келді. Бұл қасірет 1991 жылдың тамыз айына дейін жалғасты.

***

1959 жыл тарихта Теміртаудағы комсомол жастардың көтерілісімен есте қалды. Қазақстандық Магнитканың құрылысына жер-жерден мыңдаған жастар жиналды. Олардың арасында елдің ертеңі үшін аянбай тер төгуге бел буғандар мен қылмыс әлемінің серкелері де бар еді. Құрылысшыларға оңтайлы жағдай жасалмады. Ауыз су, тамақ, жатын орын тапшы еді. Әрі жалақы да дұрыс төленбеді. Мұның соңы бірнеше күнге созылған толқуға ұласты. Көтеріліс барысында 16 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды, 190 жас тұтқындалды.

***

1971 жылы «Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың» құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл Орталық Қазақстанды ауыз су тапшылығынан құтқарды. Каналмен жылына 2 млрд. текше метр су өтеді. Арықтың бойында 22 насос құрылғысы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» Қарағандыны ғана емес, Елордамызды да ауыз сумен қамтамасыз етуде.

***

1983 жылдың 26 қыркүйегінде әлемге ядролық соғыс қаупі төнді. Қорғаныс жүйесіндегі ақау АҚШ тарапынан ядролық шабуыл басталғанын хабарлайды. Кеңес әскері қарсы шабуылға шығып, жаһандық ядролық соғыс болуы керек еді. Бірақ, подполковник Станислав Петров ақпаратты соңғы сәтке дейін тексеріп, зұлмат соғыстың алдын алды. Егер сол кезде асығыс шешім қабылданғанда бүгін қандай күйде боларымыз беймәлім…

***

1995 жыл. Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы доңыз жылы. Елімізде ірі саяси өзгерістер болды. 1 наурызда ҚР Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 1995 жылғы 8 наурызда Конституциялық сот 1994 жылғы 7 наурызда өткен Жоғарғы Кеңеске сайлауды жарамсыз деп танып, XIII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесті таратты. Ал, 30 тамызда референдум өтіп, Ата заң – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды.

***

2007 жылдың 21 мамырында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Жаңа заң Парламенттің құзіреттілігін арттырып, депутаттарының саны 77-ден 107-ге дейін өсті. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәжіліске 9 депутат ұсыну құқығын иеленді. Бұдан басқа, Президент өкілеттілігі 7 жылдан 5 жылға қысқарды.

***

2019 жыл. Биыл ел өмірінде елеулі саяси-әлеуметтік өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билікке басшылардың жаңа буыны келуі үшін тарихи шешім қабылдады. 9 маусымда Президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқының 71% дауысын иеленіп, Қазақстан Республикасының Президенті атанды.

Басқа материалдар

Back to top button