Жаңалықтар

Digital-ұрпақ ұлт келешегі ме?

Жай отырып, үйдегі баламмен көзқарасым келіспей, екі түрлі дүние айтып отыратынымыз бар. Мен өзімше тартамын, ол – өзінше. Сонда қайсымыздыкі дұрыс деген сұраққа жауап іздеймін ғой… Байқасам, әкем мені көп еңбектенуге үйреткен екен. Өзі таңның атысы, күннің батысы бір демалмай жұмыс істейтін. Ал, мен ше? Қанша тырысқаныммен, мен әкемдей бола алмайды екенмін. Бірақ, менің заманым басқа. Кезінде басқа шаруадан қашып, тығылып кітап оқығанымның пайдасын көрмедім емес, көрдім. Ол үшін сазайымды да алдым. Енді заманы басқа балам менен тығылып, телефонға телміреді…

Шыны керек, қазір мектептегі мұғалім мен оқушы арасында кереғар жағдайлар жиі кездеседі. Сабаққа көңілі толмаған оқушы, оқушыға көңілі толмаған мұғалім жайлы дүниелерді қаза берсең, түбіне жету мүмкін емес. Бұл – жаһанданудан, болмаса, қоғамның өзгеруі салдарынан ұрпақ санасының өзгеруінен болатын құбылыс емес.

Америкалық ғалымдар Нейл Хоув пен Уильям Штраус жас ерекшеліктеріне қарай, ұрпақты «Х», «Y», «Z» деп үш буынға бөлген екен. Зерттеу әлемдегі саяси-экономикалық құбылыстарға, технологияның дамуына негізделіп жүргізілген. Демек, әр буын өзінің миссиясын атқарады. Ал, қазіргі мектеп оқушылары, ғалымдардың айтуынша, «Z» ұрпағы. Оларға «Digital-ұрпақ» немесе «Цифрлық аборигендер» деген атау да берген сыңайлы. Бір сөзбен айтқанда, «Х» немесе «У» ұрпағымен салыстырғанда есте сақтау қабілеті төмен, зейіні 8 минуттан аспайтын, өзінің тұлғасына ерекше құрметті қажет ететін, клиптік саналы ұрпақ. Мүмкін, алдыңғыларын бұл анықтама біршама шошытар да. Бірақ, заманына қарай адамы демекші, цифрлық аборигендердің артықшылықтары, тіпті, басым екен. Технология заманында қажет дүниесін есінде сақтап, миын шаршатпастан интернеттен тауып алатын «Z» ұрпағы бір сәтте бірнеше шаруаны қатар атқара алады. Оның үстіне техникаға, робототехникаға бейімділігін тағы қосыңыз.

Еліміз төртінші өнеркәсіптік революцияға аяқ басып, ақпараттық технология жағынан өзге елдермен тереземізді теңестіреміз дегенде өзгелермен бәсекелесе алатын ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуанышты емес пе?!

Кітап дегеннен шығады, кезінде, кітап енді шыға бастағанда, жастар жаппай кітап оқумен ғана айналысып кеткеннен, оған да тыйым салынғаны туралы оқығаным бар. Өзіміз де көрпенің астына тығылып, қалта шамымен түнімен оқығанымыз рас. Зияны болған жоқ емес, әрине, болды. Ал, пайдасын енді көріп келеміз. Содан болар, интернет қазіргі балалар үшін кезімде өзіміз қолдан-қолға тигізбей, көз алмай оқитын кітаптарымыз сияқты емес пе?!

Қазір балаларымызды телефонға көп қарады деп кінәлаймыз. Бірақ, ақпарат заманы, технология заманы баласының интернетсіз күні жоқ. Кітапты көп оқыған «Х» және «У» ұрпақтары әдебиетімізді дамытса, ендігі «Z» ұрпағы технологияны дамытатыны анық. Бірақ, бәрінің шектеуі болатыны тәрізді тепетеңдікті де ұмытпаған дұрыс.

…Адам ғана емес, жануарлардың өзі адамдардың өмір салтына қарай бейімделеді екен. «Жарықтың көптігінен көбелектің өзі жарыққа ұмтылмайды, ал, қалалық қарлығаштардың жылдам ұшып кетулері үшін қанаттары қысқарған» дейді ғалымдар. Олай болса, қазіргі баланы телефоннан, телефонды «Z» ұрпағынан бөліп қарай алмасымыз анық.

Салтанат ІЛИЯШ,

экономика, саясат және өндіріс бөлімінің аға тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button