Бас тақырыпЖаңалықтар

Әдет құқығынан Ата Заңға дейін

Ықылым заманнан әдет-ғұрып һәм ырым-тыйымы жете дамыған қазақ даласы әдет құқығын аса әспеттеген. Әр кезеңде, әр дәуірде сол құқықтар жинақталып, белгілі бір заң-зәкүннің жинағын құрды. Қоғам соған сүйенді. Сол арқылы тұрмыс-тынысын реттеді. Оның дәлелі – Алтын орда дәуіріндегі Шыңғысханның «Ясасы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы». Бұл сол кезеңнің конституциясы еді. Ал, бүгінгі Қазақстанның Ата Заңының тарихы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты…

Өз алдымызға дербестігімізді жария етіп, шаңырағымызды көтеріп, керегемізді керген тұста, босағамызды берік ету үшін тарихисаяси құжаттарды жаңадан жасау қажеттігі туғаны мәлім. Экономикада реформалар қауырт жүріп жатты. Еліміз әлем алдында өзінің біртұтас ел екендігін, оның ешбір бөлшектеуге жатпайтынын, ең бірінші – байлығы адам екенін айғақтап, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуын белгілеген Ата Заңын жариялады.

Қолда бар деректерге сүйенсек, Конституция сол кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен қысқа мерзімде әзірленді. Деректер 1995 жылы көктемде жаңа Конституцияны дайындау жұмыстары басталғанын айтады. «Құрамына қазақстандық құқықтанушылардан басқа екі француз саясаткері де кірген Сараптамалық-консультативтік кеңес Конституцияның алғашқы нұсқасын сараптау нәтижесінде оған елеулі өзгерістер жасағанын» көлденең тартады мәліметтер. Содан соң халық талқылауынан өтіп, референдум арқылы өз күшіне енді. Сол уақытта Конституция жобасын талқылауға үш миллионнан астам Қазақстан азаматы жұмылдырылған. Яғни, сол кезеңдегі ел тұрғындарының бестен бірі. Нәтижесінде, бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылдың 30 тамызында қабылданғаны аян.

Сол арқылы Қазақстан халқы өз еркімен елді бірыңғай, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітті. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деген ұстанымға қол қойып, қолдау білдірді.

Заңгер, саясаткерлердің айтуынша, Ата Заң қабылданған 1995 жылдан мемлекеттің жаңа даму кезеңі бастау алған.

«Жаңа Конституция мемлекеттің табиғаты жөніндегі мәселелерді түбегейлі шешті. Биліктің бірден-бір көзі болып Қазақстанның халқы танылды. Қолданыстағы Конституцияда алғашқы рет «Қазақстан – ежелден келе жатқан қазақ жерінде оның халқы тарапынан құрылған мемлекет» екендігі бекітілді.

Осы көзқарастың арқасында ұлттық мемлекет идеясы азаматтық қоғамды құруға және мемлекеттік механизмнің тиімді жұмыс істей бастауына мүмкіндік берді» – деп жазады тарих ғылымдарының докторы Әлима Ауанасова.

Дәлірек айтқанда, демократиялық институттар жүйесі қалыптаса бастады. Оған Конституцияда құқық берілді. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандылық танылатындығы айтылды. Бұл – демократияның алғышарты еді дейді заңгерлер.

  • Қазақстан мемлекеттілігінің дамуы Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген әлеуметтік-саяси тұрақтылықты, бейбітшілік пен достықты, ұлтаралық үйлесімділік мемлекеттілікті нығайтуға және қуатты демократиялық мемлекет құруға алып келді. Конституцияның негізгі ережелеріне сүйене отырып, ел үшін маңызды өзгерістер болды. Әлеуметтік сала жедел қарқынмен дамуда, нарықтық экономика құрылды. Қазақстан экономикалық жүйелер арасында лайықты орын алады. Конституция мемлекеттің табысты дамуының негізі бола отырып, оның елдің идеологиясын бейнелеуге тұрарлық екендігін дәлелдеді, – дейді Қарағанды қаласы Октябрь ауданының №3 аудандық сотының судьясы Динара Маратқызы.

Иә, Конституция – осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты. Сонау әдет құқығынан Ата Заңға дейінгі аралықта қазақ мемлекеті дамудың түрлі сатысын өткерді. Басына бұлт үйірілген күндерден қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды да сол дала заңдары арқылы реттеп отырды. Ал, бүгінде әлемнің саясат сахнасында өзінің нық орны бар мемлекет ретінде әйгілі. Ендеше, елдікті паш еткен бір белгі – Ата Заңның айбыны әманда асқақ болғай!

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button