Жаңалықтар

ӘДЕП КЕҢЕСІ шалқайғанның басынан сипамайды

12-қадам. ЖАҢА ЭТИКАЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРДІ ЕНГІЗУ. Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау. Этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу.

Елбасы – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру біздің облыста да қарқын алды. Бес институционалды реформаға бастайтын жоспарда мемлекеттік қызмет ісін жетілдіру мәселесіне де ерекше мән берілген. Яғни, «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөліміндегі 15 қадам тұтастай осы мазмұнда өрбиді.

Мәселен, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданды. Ресми құжаттың мақсаты айқын, жүгі ауыр. «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру, мемлекет негізін нығайту, күрделі кезеңнен сенімді өту сияқты ауқымды жоспарлар заңның жаңартылуына себеп болды. Жалпақ тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің еңбегі лайықты бағаланады. Тиісінше, оларға қойылатын талап та күшейе түспек. Осылайша, бұқара мүддесінің биік қойылып, халыққа қызмет көрсетуде ашықтықты қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Астарына үңіліңіз. Сыбайласқа «сыбаға ұсынудың» тың тәсілі анықталып, жемқорлықтың жолын кесу өзектілігін жоймаған.

Қарапайым халықтың өзегін талдырып, шенеуніктің есігін күзететін, табалдырық тоздыратын күннің ауылы енді алыстай түседі. Өңірдегі Әдеп кеңесінің көздегені де – осы. Аталған кеңес «Менің бәлендей қызметім бар» деп шалқайғанның басынан сипамайды.

Осы жылдың өзінде облыстағы Әдеп кеңесінің 6 отырысы өткізілген. 43 мәселе қаралған.

Мұның ішінде 23 тәртіптік іс те бар. Тәртіптік істердің 7-і – тоқтатылса, 16 іс бойынша тиісті шара қолдану ұсынылған. Жеті мемлекеттік қызметші ескерту алса, алты мемлекеттік қызметшіге қатаң сөгіс беру туралы шешім қабылданды. Қос бірдей мемлекеттік қызметші қызметіне лайық емес деп танылды. Сондай-ақ, бір мемлекеттік қызметшінің қызметі төмендетілді. Жоғарыда айтылған барлық ұсыныстар толығымен орындалған.

Келтірілген деректер үстіміздегі жылдың 15 тамызындағы көрсеткіштен алынды.

Әдеп кеңесінің алдына барып, сынға ұшырау галстук тағып, портфель ұстағанның қайсысына абырой дейсіз?! Бірақ, қызметтегі салғырттыққа жол жоқ. Елдің өтініш-арызына, ұсыныс-пікіріне құлақ түру, жазбаша келіп түскен шағымдарға белгіленген мерзімде жауап қайтару – мемлекеттік қызметшінің жауапты міндетінің бірі. Болмаса, бұқараның көзі ашық, көкірегі ояу. «Тәртіпке бағынған елдің құл болмасын» жақсы түсінеді.

Әдеп кеңесі де әлдебір мемлекеттік қызметшіні үй тапсырмасын орындамаған мектептің баласындай етіп, «сілкілеуге» әдейі құмартпайды. Елдің шағымынан кейін тексеріс жүргізеді. Жіберілген қандайда бір кемшілік анықталса, жан-жақты зерттеп, кеңес отырысының күн тәртібіне шығарады. Бір сөзбен айтқанда, Әдеп кеңесі – биліктің «бөкиі» емес, ол қараша халықтың қамын жейді.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген меже – еңсерілетін меже. Тек, билік пен бұқараның арасындағы байланыс ашық алаңда өрбіп, «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмесе болғаны. Себебі, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ел алдында есеп беретін мемлекет құру – тұрақтылық пен табысты экономикаға бастайтын жол.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button