Баған

Дені дұрыс емес «Золотая Орда»

Әр халық ғасырлар бұрын өткен уақиғаларды өзінің ыңғайына қарай бұрып, өзін мадақтап қалуға тырысатыны – мойындалған жағдай. Дегенмен, адамзаттың түбі бір, тарихы да бірге. Адамзаттың бүгінгі жеткен өркениеті тарихи шындық – шындық қалпында айтылуын қалайды. Өз ұлтының кемшіліктерін, тіпті, адамзат алдындағы қылмысын айтудан жасқанбайды.

Суретте автордың өзі

Неміс халқы дүниежүзілік соғыс кезінде жасаған айуандықты, Освенцим мен Майданекті айыптаудан жасқанбайды. Америка сол жердің тұрғылықты халқы үндістерге жасаған қылмысын жасырмайды. Тарихи шындықтың айтылуы – сондай қатерлі де қарғыс атқан уақиғалардың қайталанбауы үшін қа жет. Егер «мен ғана», «менің халқым ғана» деп кө кірек кере берсек, фашизмнен де сорақылыққа жол береміз.

Соның нышанын мен «Золотая Орда» деген атпен теледидардан көрсетіліп жатқан кинодан көрдім. Көрдім де жеріндім. Сірә, ақырына дейін көруге дәтім шыдамас. «Золотая Орда» киносында баяғы бір жаттанды ескі сарын, өздері сол Алтын Орданың құрамына кіре тұрып, сол империяны құрған көшпелі жұртты тағылықтан жаңа шығып келе жатқан жұрттай етіп көрсету идеясы басым жатқан туынды.

Кинодағы Алтын Орданың падишаһы Берке кім? Ол – сол алып мемлекетті құрушы Бату ханның інісі. Бұл тұс – Алтын Орданың аса дәуірлеген тұсы. Берке хан заманында бір орталыққа бағынған, бір заңға бағынған мемлекетті нығайтып, ел басқару ісін бір жүйеге түсіріп, қазіргі заманғы министрліктердей құрылымдар құрған. Елдің бірлігінің кепілі ретінде мұсылман діні мемлекеттік дін ретінде қабылданған. Берке – осындай айдынды істерімен тарихта қалған тұлға. Берекелі істерімен әйгілі Берке хан осы дені дұрыс емес кинода тағылықтың көрінісі ретінде елге ұсынылған. Кинода ол үшін өзіне шын берілген азаматтарды ойын үшін өлтірте салу – ойыншық ойнағандай іс. Менгуді шақырып алып, қанжарын ұсынып, ханға адал күзетшісін өлтір деп бұйырады.

– Жазығы не? – дейді абыржыған Менгу.

– Жазықсыз! Өлтір!

Өлген күзетшісіне қарап, мәз боп тұрған Берке ханды көресіз. Осыны түсірген режиссердің бір шала мас патшасына осындай хайуандықты жасатып киноға түсіре қояр ма еді? Жоқ, ол оған бармайды. Ал, мына жерде жағдай басқа. Бұлар «тағы халық» дегісі келеді режиссер. Ал, бізде мұсылман дінінде жазықсыз бір кісіні өлтіру – бүкіл адамзатты өлтірумен тең деп есептелетінін «Золотая Орданы» түсіргендер білгісі келмейді.

Екінші бір эпизодта баласыз Берке хан көңіліне күдік кірген әйелінің мойынына тұзақ салып, түлкі алған сабалақ иттей өршелене буындырып жатыр. Ондай ханда не қасиет болмақ? Ол әйел де тегін жердің қызы емес. Елдің басын біріктірген ханның елге іріткі салар осындай іске бара қоймасы анық. Өлтіргісі келсе, баскесер жендеттері бар емес пе? Бұл көрініс – әйтеуір, Алтын ордалықтарды тұрпайы етіп көрсету үшін ойдан сәтсіз шығарылған жағдай.

Берке ханның заманында Алтын Орданы Хулангудің шабуылынан сақтау үшін әскерін бастап барған Ноғай да өркөкірек, ақылсыз адамның сипатында. Ноғайға Византия императоры да тізе бүккен, тең­тең асыл бұйымдарын артқан керуенмен бірге қызын қоса берген. Сонда Ноғай «тоғыз қабат торқаңнан тоқтышағымның терісі артық, қызы тәуір екен, қатындыққа алайын» деп корольдің қызы Ефосияны алған. Әйгілі Ноғай да жабайының бірі боп шыға келіпті кинода.

«Золотая Орда» киносында көрсетілгендей, Берке ханның заманында орыс елі қарсылық көрсетіп, Ордаға қарсы шабуылға шығуға дайындалмақ түгілі, жиырмаға жуық княздыққа бөлінген олар бірімен бірі қырқысып, әрқайсысы хан алдында адалдықтарын дәлелдеу үшін бірін бірі дүреге жығып, өлтіріп те жатқан. Орыстар жаппай қыпшақ тілінде сөйлеген, княздар шетінен Орда тілін білген. Олар Орданың рухани артықшылығын да мойындап, балаларына Орда рухын ендіру үшін хандарға қолбала етіп берген. Солардың бірі – Бату ханның маңында өскен Александр Невский. Қыздарын Орда маңындағыларға беру княздар үшін де зор мәртебе еді. Ал, орыс арасындағы Баскаковтар туралы жазбай­ақ қояйын. Берке хан заманында Орданың бірде­бір ұлы, не қызы бөтен жұрттан жәбір көрмеген. Кинода қыпшақ қызын әрі сүйреп, бері сүйреп әурелеп қою не үшін қажеті белгісіз?

Орда маңындағы көрініс біздің заманда аштан бұратылған 1932 жылды еске түсіреді. Шындығында, бұл – Алтын Орданың кемеліне келген тұсы. Байлық шіріген заман. Өрістегі малын қаншасы бар деп санамаған тұс. Көшпелі елдің адам баласы аңсаған көшпелі коммунизмнің қайта айналып қелмес дәуірі.

«Золотая Орданы» мына нұсқасында көрген жұрттың «Алтын Орданы» жабайы, тұрпайы мемлекет деп түсінуі даусыз. Ол бізге қажет пе? Ұлтымыздың өнегелі үрдісінің талай нұсқасын онсыз да жоғалтып бақтық қой. Бүгінгі күнде қапқара шашынан безініп, бір күн сарыға, екінші күні көк­жасылға бояп, бір басына ие бола алмай шоршып жүрген әулекі әйелдерге тұздық жасап жүрген жағдайдамыз.

Тарихымызды құбыжық етіп көрсетіп, ұлтын сыйламауға бағыттайтын осындай киноны көрсетуге кімдер мүдделі? «Жайылып рұқсат берген кімдер?» деген сауал көкіректі ашытады.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы.

Басқа материалдар

Back to top button