Бас тақырып

Демократиялық күштер коалициясы Астана атауының өзгеруін қолдады

Кеше Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВАНЫҢ төрағалығымен демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» аймақтық коалициясының отырысы өтті. Күн тәртібінде Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп қайта атау туралы ұсынысты қолдау мәселесі талқыланды.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бірауыздан қабылданған шешіміне сәйкес, Астананы НұрСұлтан қаласы деп қайта атау туралы тиісті Заңға және Жарлыққа қол қойған болатын.

  • Бүгінгі отырыс ел тарихындағы маңызды кезеңде өтуде. Өздеріңіз жақсы білетіндей, 19 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Үндеу жариялап, өзінің Президенттік өкілеттігін ерікті түрде тоқтатуын мәлімдеген еді. Алайда, Қазақстан халқы үшін Елбасының есімі қашанда мемлекеттілік, егемендік, тәуелсіздік сынды қастерлі құндылықтармен қатар тұрады, – деді Қадиша Оспанова.

Халық арасында Астана қаласының атауын өзгерту, облыс орталықтарында Нұрсұлтан Назарбаев есімін көше атауларында жаңғырту мәселесі кеңінен талқыланып жатқаны белгілі. Бұл ретте, коалицияның әңгімелесу алаңы үнемі маңызды мәселелерді тілге тиек ететінін де айта кету қажет.

Сондықтан, Астана атауын ауыстыру сынды тарихи оқиға да сырт қалмады. Отырысқа қатысушылар қатарында елдегі саяси партиялардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Сондай-ақ, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес қауымдастық та белсене ат салысты.

  • Таңғажайып саяси ықпалы қандайда да бір өлшеммен өлшеуге келмейтін Нұрсұлтан Әбішұлы, тек, әйгілі адам, не болмаса, талантты тұлға ғана емес, ол – заман талабына сай ұтымды шешім қабылдай білетін қуатты, белді де беделді Көшбасшы! Ол орасан зор саяси тәжірибесі бола тұра, жоғары азаматтық мәдениет пен әлеуметтік жауапкершілікті таныта білді. Сондықтан, ел дамуына елеулі үлес қосқан Елбасына қандай құрмет көрсетілсе де лайық деп білемін. Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атауды қолдаймын, – деді Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерқара Аймағамбетов.

Қазақстан – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Ал, осы құндылықтарға қол жеткізуде, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақтылық тұғырынан көрінуінде Елбасы еңбегі ерекше бағаға ие. Сондықтан, Қазақстанның бүгінгі жетістігі Тұңғыш Президент есімімен тығыз байланысты екен дау туғызбайды. Бұл туралы коалиция мүшелері де ақтарылып айтты.

  • Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау – Егемен елімізге сенімді серпін беріп, ел дамуының дара даңғылы өз үрдісінен жаңылмайды деп сенемін. Нұрсұлтан Әбішұлы десе, әлем жұрты Қазақстанды, Қазақстан десе, ең алдымен Тұңғыш Президентті тілге тиек етеді. Сондықтан, осынау сындарлы сәтте Елорда атауын өзгерту өте орынды деп санаймын, – деді «Ауыл» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Серғазы Әдекенов.

Сондай-ақ, отырыста Қарағанды облысы Еврей мәдениеті орталығының төрағасы Молотов-Лучанский, Қарағанды облысы кәсіпкерлері қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев та өз пікірін білдіріп, Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атауды қолдайтындарын жеткізді.

Сөйтіп, отырыс барысында демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» аймақтық коалициясының Үндеуі жарияланды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button