Бас тақырып

Дарынды балаға – даңғыл жол

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясындағы ұсыныстарды іске асырудың іс-қимыл жоспарында «Білімді ұлт: барлығы үшін білім берудің заманауи стандарттары» атты тарау бар. Онда ауылда және қалада білім беру ісіндегі алшақтықты қысқарту мәселесі көрсетілген. Дана халқымыз «Баланы – жастан» деп бекер айтпағаны осыдан-ақ белгілі. Бұл – ел ертеңіне енжар қарамаудың ерен үлгісі!

Ашығын айту керек, Қазақстанның шикізат өндіру деңгейі алты құрлықта алдына қара салмай келеді. Мақтаныш па, жоқ өкініш пе? Мақтануға тұрарлығы – ен-байлықты еркін игеріп келеміз. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрмыс деңгейі, әл-ауқаты артуда. Алайда, бұл таяқтың бір ұшы ғана. Себебі, дайын өнімді экспорттау секторы әлі де айтарлықтай алға баса қойған жоқ. Импортқа тәуелдіміз. Заманауи озық технологиялар, қалта телефондары мен гаджеттер, комьютерлер, өндіріске қажет техникалар толықтай шет мемлекеттерден жеткізілуде.

Осы олқылықтың орнын толтырар сәт жақындаған екен. Ол үшін не қажет? Дарынды, қабілетті, еркін ойлай алатын, өз өнімін шығаруға мүдделі жастар көп болса игі еді. Ондай жастар мүлде жоқ деп топшылаудан аулақпыз. Көлік машинасын құрастырып, үйде телефон жасап шығарған ауыл жастары турасындағы бейнетаспалар әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Сондай талант иелеріне қолдау болса дейсің. Міне, Президент, Үкімет, Білім және ғылым министрлігі тарапынан сол қолдаудың басталғанын білдік. Қолдау болғанда да, ауылдардың, шағын қалалардың дарынды балаларын қолдау!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында және халықпен кері байланыс орнату мақсатын көз деген «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясында отандастардың орамды тілек-ниеті назардан тыс қалмаған болатын. Біздің облыстың өзінен акцияға 56 мың ұсыныс жолданыпты. Соның 9,4%-ы білім жүйесін жетілдіруге қатысты еді.

Жүйені жетілдіру демекші, Президенттің жоғарыда аталған сайлауалды бағдарламасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясындағы ұсыныстарды іске асыру жұмыстары батыл бастау алды. Осы орайда «Қазақстанның дарынды балалары» атты деректер базасы құрылғанын да айта кету қажет. Аталған базада 26,5 мың оқушының, яғни, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысының жеңімпаздары, жүлдегерлері туралы мәліметтер қамтылған.

Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты ауылдардың, шағын қалалардың дарынды балаларын қолдаудың жаңа Тұжырымдамасы әзірленгенін алға тартқан еді.

Дарынды жас буынды анықтау, ауыл және шағын қала топырағынан түлеп ұшқан балаларға жағдай жасау аясын кеңейту ісіне Білім және ғылым министрлігімен қоса Тұңғыш Президент Қоры да бет бұрып отыр. Нәтижесінде, мұндай балаларға айрықша көңіл бөлініп, ерекше назар салынады. Ел ертеңіне елеулі үлес қоса алатын дарынды ұрпақтың қарымды қабілетін бағалай білу, әрине, аса маңызды қажеттілік.

Бір қуантарлығы, балаларды іріктеу барысында шәкірттердің теориялық білімінен бұрын, логикалық ойлауы мен тәжірибелік дағдыларды игеруі бағаланатын болады. Жасыратын несі бар, айрықша дарын иесін айқындап тұратын да осы қасиеттер. Шын талант иесі болудың өзі шеңберден шығуды көздейді. Қолдан келместі келтіріп, болмайды дегенді болдыру емес пе, дарындылық деген?!

Осы күні, облыс орталығында Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Мұрагер», «Дарын» сынды білім ошақтары мен түрлі мектеп-интернаттары, лицейлер бар. Алайда, аталған білім ұялары оқушының логикалық ойлау қабілеті мен тәжірибелік дағдыларды игеруінен бұрын теориялық білімін жоғары қояды. Түрлі тестілеу жүргізіп, емтихан тапсыртады. Бұл қаншалықты тиімді? Тиімді болса, Білім және ғылым министрлігіне дарынды баланы анықтаудың жаңа Тұжырымдамасын әзірлеудің не керегі бар?

Міне, осы туралы Білім және ғылым министрі де мәлімдеген еді.

  • Дарынды балаларды анықтаудың қолданыстағы жүйесі ауылдағы және шағын қалалардағы дарынды балаларды мүлтіксіз анықтап, қолдау көрсетуге жеткілікті мүмкіндік бермейді. Олимпиадаларға, конкурстарға көбінесе қаладағы гимназия, лицей оқушылары қатысып, жеңіп, ауыл балалары тасада қалатыны жасырын емес, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Мұны қайдан біліп отыр демеңіз. Өзім де осындай білім ошағының түлегімін. Өскеменде дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мектеп-интернаты бар. Бір кездері Қанипа Бітібаева сынды өзінің оқыту әдістемесін қалыптастырған ұстаз еңбек еткен мектеп бұл. Оны өзге мектептерден ерекшелеп тұрғаны – бірыңғай ауыл балаларының оқитындығы. Тәрбие мен білім теңдей берілетін осындай білім ұясынан небір өнер иелері түлеп ұшты. Яғни, ауыл балаларының қабілеті назарға алынған деуге болады.

Енді осы жұмысты ауқымды түрде жетілдіру мен жандандырудың, жаңғыртудың сәті түсіп отырғаны – барша қазақстандықтардың мерейі.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Басқа материалдар

Back to top button