Руханият

Дарабоз талант

Өткен ғұмырымның сәулелі сәттеріне үңілсем, өзіммен әріптес болып, ұлт өнерінің шоқтығы биік дарабоздарына айналған тұлғалар мен олардың кәсіби қуаты, адамгершілік қасиеттері мені сағыныш сезіміне бөлейді. Олар сахна киесін қастерлеген, өнер жолының бұлтарыс-бұралаңынан өткен біртуар болмыс иелері еді. Өнер саласында әріптес әрі пікірлес болған, ұлттық өнердің нағыз жарық жұлдыздарының бірі – дарабоз талант иесі Шамғон Қажығалиев еді. Ол қазақтың классикалық өнерін әлемге паш етті. Қазақ музыкасын еуропалық деңгейге көтеріп, тіпті, одан да биік тұғырға қондырған бір кәсіби дирижер болса, ол – Шамғон аға.

Әріптес аға Шамғон шыққан биіктерді саралайтын болсақ, ол – өнер әлемінің ең биік шыңын бағындырған талант иесі.

Біріншіден, ол табиғи талант еді. Сол талантына еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы септесіп, дала сазын әлемдік симфонияның көшіне ілестірді.

Екіншіден, Шамғон Қажығалиев небары 20 жасында Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық оркестрдің көркемдік жетекшісі-бас дирижері болды.

Үшіншіден, Шәкең – бесаспап өнерпаз. Ол 1950 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының скрипка класын профессор И.Лесмонның жетекшілігімен бітірсе, қосымша домбыра мамандығы бойынша Қали Жантілеуовтен дәріс алды. Ал, дирижерлік мамандықты академик А.Жұбанов пен Л.Шаргородскиийден бітірді. Ол аз десеңіз, 1966 жылы Ленинград консерваториясына түсіп, оның опера-симфониялық бөлімін үздік бітірді. Ұстазы – профессор Э.Гри­куров. Осы мамандығы бойынша Шәкең 1968-1971 жылдары Алматы мемлекеттік симфониялық оркестрін басқарды.

Шамғон аға Қазақстанның мәдениетін, аспаптық музыкасын дамытуға саналы ғұмырының 60 жылын арнады. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. СССР Халық әртісі, ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Кешегі Кеңес дәуірінің Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерін, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның «Отан», «Парасат» секілді жоғары марапаттарын өңіріне қадады. Ұзақ жыл Қазақ мемлекеттік консерваториясында дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі, опера-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болып жемісті еңбек етті. М.Өтемісов атындағы Атырау университетінің, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Құрметті профессоры атанды.

Қазақстан өнері мен мәдениетінің қара нарындай болып, классикалық музыка өнерін өрге сүйреген дарабоз талант иесінің тағдыры Қарағанды мәдениетімен де тығыз байланысты. Ол 1991 жылы қазыналы Қарағандыдағы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып тағайындалды. Шәкеңнің барынша жемісті жылдары Арқа төсінде өтті десе де болады. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операларының алғаш рет концерттік нұсқасын өңдеп, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан фрагмент, Г.Свиридовтың «Курские песни» контонтасын және басқа да әлем классиктерінің шығармаларын оркестрге лайықтап жазды. Тәттімбет оркестрінің кәсіби деңгейін көтеріп, оның «Академиялық» статус алуына өлшеусіз еңбек сіңірді.

Ұлағатты ұстаз, дарабоз талант Шамғон Қажығалиевтің 90 жылдық мерейтойы туған жері Ақ Жайықтан бастау алып, Қазақстанның әр түпкірінде лайықты аталып өтті. Осы жылдың 27 қыркүйегінде Орал қаласында кәсіби  дирижерлердің  Ш.Қажығалиев атындағы республикалық байқауы ұйымдастырылды. Қарағанды да қарап қалған жоқ. 24 қараша күні Шамғон ағаның 90 жылдығына арналған концерт ұйымдастырып, оған Өзбекстанның Халық әртісі, профессор Фарух Садықов қатысты. Мәртебелі мейман Тәттімбет атындағы оркестрмен Т.Курбановтың поэмасын, С.Юдаковтың «Восточная», А.Ба­баевтың «Концертная рапсодия» шығармаларын кәсіби деңгейде дирижерлеп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ұстазы жайлы әсерлі естеліктер айтып, ұстазға деген шексіз құрметінің өлшемін танытты.

Шамғон Қажығалиев – өнерде сирек кездесетін біртуар тұлға. Шәкең сахнаға шыққанда бұлттан шыққан күндей жарқ ете қалушы еді. Сиқырлы таяқшасының әр қимылы оркестрді мүдіртпей жетелеп, тыңдау­шысын тылсым әлемге бастап кете беретін. Өз басым тура Шәкеңдей дирижерді көрген жоқпын. Шамғон ағаның басы – архив, жүрегі – энциклопедия, санасы – сарай еді. Ол кісінің сахнаға костюм киіп шыққанын да көрмеппін. Үнемі дирижерлік фрак киіп, тал бойынан еуропалық нәзік стиль, асқан мәдениеттілік көрініп, оркестрдің королі сияқ­ты екенін дәлелдеп тұратын. Ол өзінің осы қасиеті арқылы Қазақты Еуропаға, Әлемге танытты.

Рымкүл БИМЕНДИНА,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері, еңбек ардагері,

қобызшы-дирижер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button