Жаңалықтар

Даму бағдарламасы – депутаттар назарында

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІІ сессиясы өткізіліп, депутаттар «Қарағанды облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекіту туралы» Қарағанды облыстық мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы XL сессиясының №453 шешіміне өзгеріс енгізу туралы» мәселені талқыға салды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов төрағалық тізгінін ұстаған халық қалаулыларының басты жиынына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Әбішева тиянақты хабарлама жасады. Салаға жауапты басшының мәлімдеуінше, нәтиже тиімділігіне қол жеткізу мақсатында қолданыстағы бағдарлама индикаторлары 126дан 51-ге дейін қысқартылған. Экономиканы одан әрі дамытудың негізгі тірегі ретінде өнеркәсіпте – индустрияландыру шаралары, аграрлық секторда – агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, құрылыс бойынша – мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде, «Нұрлы жер», «Өңірлердің 2020 жылға дейінгі дамуы», «7-20-25» бағдарламаларын жүйелі жүргізу, көлік саласында – «Нұрлы жол» бағдарламасын, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы бағдарламасын іске асыруды жалғастыру және инфрақұрылымды жаңғырту, сауда бағытында – саланы модернизациялау мен электронды сауданы дамыту қадамдары басым сипатта қарастырылған.

Гүлмира Болатқызының жан-жақты екшелген хабарламасынан кейін сөз кезегін облыстық мәслихаттың бюджет және қаржы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Жомарт Таласпеков алды. «Облысты дамыту бағдарламасының жаңа үлгісі – заңнама талаптары аясындағы, негізінде Елбасы тапсырмалары мен Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттер, сондай-ақ, елдің стратегиялық құжаттарының талаптары жатқан бірегей құжат. Бұған дейінгі талқылаулар кезінде депутаттар корпусы тарапынан бағдарламаның біршама кемшіліктері атап көрсетілген болатын» – деген Жомарт Секенұлы аталған жайттың мақсатты индикаторлардың саны едәуір болуы немесе олардың сандық маңызының болмауы, мониторингтік көрсеткіштер үлесінің елеулі және басты көрсеткіштер санының елеусіз күйде қалуы, бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу деңгейін сипаттайтын жекелеген мақсатты әрі сапалы индикаторлардың ескерілмеуі талаптарымен түсіндірілетінін еске салды.

– Жақында ғана өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында облысты дамыту бағдарламасына енгізілетін өзгерістер егжей-тегжейлі қарастырылды. Талқылау барысында депутаттардың нақты ұсыныстары жергілікті атқарушы билік тарапынан назарға алынды. Заңнама талаптарына, оның ішінде, бағдарламалық құжаттар әзірлеу жөніндегі әдістемелік талаптар бойынша аймақтарды дамыту бағдарламаларына түзетулер енгізу жылына бір мәрте ғана және ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін жүргізілуі тиіс – деген тұрақты комиссия төрағасы әріптестерінен Қарағанды облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жаңа нұсқада бекітуді сұрады.

Қаралған мәселе бойынша шешім жобасын бекіту жөніндегі ұсынысты депутаттар толық қолдап, бірауыздан дауыс берді.

 Өзінің қорытынды сөзінде облыстық мәслихаттың хатшысы, сессия төрағасы Серік Өтешов облысты дамыту бағдарламасы – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру жөніндегі басты басқарушылық құжат екенін атап өтті.

 – Бағдарламаның алдағы кезеңде атқарылуы тиіс мақсаттары мен міндеттері осы негізде межеленген, оны орындаудың қалаулы нәтижелері жоспарланған, қажетті ресурстар ескерілген. Бұл жағдайларда бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізу оны тек жалпыреспубликалық тенденцияларға сәйкес уақытылы түзету үшін ғана емес, сонымен қатар, жоспарланған іс-шаралардың орындалуына және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге бақылау жасау үшін де маңызды. Түптеп келгенде, аталған бағдарлама аймақтың әрі қарай дамуына ықпал етеріне сенімдіміз, – деді Серік Балғатайұлы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button