Шет

Дала пирамидасы

   Көненің көзі, тарихтың өзі, бүккен сыры, айтар жыры көп Сарыарқа не дәуірді бастан кешпеген?! Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы бір жылын «Тарихи зерде жылы» деп атағаны, одан беріде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Халық тарих толқынында» бағдарламасы және оның заңды жалғасындай болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, сөз жоқ, халықтың өткеніне үңіліп, шынайы тарихын іздеуіне түрткі болды.

Шет ауданында бұл бағытта айшықты жұмыстар атқарылу үстінде. Бұған біраз жылдарды қамтитын «Мәдени мұра» бағ­дарламасының да көп көмегі тиді. Аталмыш бағдарламаға сәйкес, тарихи және мәдени ескерткіштер түгелденді. Артында өнегелі істері мен ерлік даңқы қалған тұлғалардың жерленген орындары анықталып, кесенелері жаңғыртылды, ескерткіш белгілер қойылды. Осы қатардан ерекше орын алатын оқиға – Талды ауылдық округінің аумағынан сатыланған пирамиданың табылуы болды.

Талды өзенінің бір саласы – Қаражартастың бойынан 2015 жылы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин ашқан, кейінгі қола дәуіріне жататын құрылыс топырақ астында жақсы сақталған. Бұдан шамамен үш жарым мың жылдай бұрын тастан салынған құрылысты ғасырлар өте топырақ басып, шөп өсіп, төмпешікке (қорғанға) айналған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері екі маусым бойы еңбектеніп, биылғы жазда алматылық археолог Арман Бейсеновтің «Бегазы-Тасмола» серіктестігімен бірлесіп, құрылысты топырақтан аршып, құлағанын қалап, маңын тазалап, әуелгі қалпына келтірген. Қазір маңайы қоршалып, мрамордан ескерткіштің паспорты орнатылған.

Табаны – 15х15 метр, биіктігі – 3-4 метрлік пирамида – монолитті құрылым. Ешқандай қуыс немесе қабірге ұқсайтын белгі, нышан жоқ. Есесіне маңайы толған ескі, жатаған тас молалар. Құрылыс қорым басында жоралғы салтын өткізу үшін салынған сияқты. Өйткені, ең үсті 4х4 метр, жалпақ плита тастар төселген тегіс алаңқай. Төменгі қабатты жағалай тік қойылған қырыққа жуық үлкенді-кішілі жалпақ тастар сүйеулі тұр.

Пирамиданы айнала төселген тас жолды реставраторлар жасапты.

Құрылыстан 40-50 метр жерде үстін қараған, бұта басқан, дұрыс пішінді екінші төбе қараяды. Қаржыландыру оңтайлы шешілсе, археологтар оны да қазбақшы ниетте.

Пирамиданың айналасындағы молалар­дың біразын қазып, зерттеген археологтар олардың көпшілігінің ерте замандарда тоналып кеткендігіне көз жеткізген. Қайсыбірінен адамның сүйектері, қыш ыдыстардың сынығы, садақ ұштары шыққан. Қола пышақ, біз, ине, сияқты аспаптар табылған. Сақ дәуірінен де ілгері заманға жататын мұндай молалар аудан жерінде жиі кездеседі. Әдетте, олар жалпақ плита тастардан қорап түрінде жасалады да, ішіне, мәйіттің жанына ер адам болса, қару-жарағы қойылады. Әйел адамдар әшекей бұйымдарымен жерленеді. Мұнда да сол типтес қорымдар.

Пирамиданың мрамор тақташасына «Қаражартас қорымы» деп жазылған. Алайда, бұл атау келіңкіремей тұр. Мұндағы басты нысан пирамида болғандықтан, екпін соған түсуі керек еді. Сондай-ақ, «Қола дәуірі» деп жаза салмай, нақты деректер мен уақыттар көрсетіліп, бүкіл жазба үш тілде орындалса жөн сияқты.

«Есте жоқ ескі заманда осындай құры­лыс салып кеткен, біздің дәуірімізге дейінгі 1,5 мың жылдықта өмір сүрген адамдар көне сақтардың ата-бабалары – «Андронов адамдарына» жататын сияқты», – деп топ­шылайды археолог-ғалым. Не болса да, Қаражартаста табылған құрылыс – кезінде ұлы ғалым Әлкей Марғұлан ашып, зерттеген Бегазы-Дәндібай мәдениетімен (Ақтоғай ауданы) біртұтас, дәуірлес ескерткіштер. Біздерге жеткен артефактары, материалдық мұралары мен петроглифтері (тастағы суреттері) сол заманда өмір сүрген адамдардың жартылай отырықшы тайпалар болғанын көрсетеді. Және ол кездегі табиғат әлдеқайда бай болғанға ұқсайды.

Салыстыру үшін көпшілікті дүр сілкіндір­ген атақты Берел қорғанынан (Шығыс Қа­зақстан облысы) табылған, мәңгі тоң жағ­дайында жақсы сақталған адамдар мен жылқылардың мәйіттері, тұтынған заттары мен төсеген киіздері, киген киімдеріне қарап, олардың біз сөз етіп отырған пирамида салушылардан кем дегенде 500-1000 жылдан кейін өмір сүргені анықталған. Олар на­ғыз көшпелі сақтар болған.

Сараптай келгенде осы тамаша құрылысты салған адамдардың біздің ата-бабаларымыз екені сөзсіз.

Даламыздан табылған, бұрын-соңды ел аумағында кездеспеген пирамидаға деген қызығушылық күн санап арта түсуде. Бүгінде ол ауданның киелі жерлерінің тізіміне енгізілген.

Өкінішке орай, осы киелі жерге жету оңай емес. Алматы – Қарағанды күрежолы­нан небары 32 шақырым жерде тұрған пирамидаға қарай апаратын Нұраталды-Ақшоқы көтерме жолы асфальтталмаған, ойқы-шойқы. Сол жолдың бойындағы Талды ауылынан ескерткішке қарай 14 шақырым бұралаңдаған дала жолы апарады.

Жуырда халықаралық «National Geog­raphic» телеарнасынан арнайы топ келіп, екі күн жүріп, пирамиданы түсіріп кетті. Материалдарын жаңа жылдың басында жарыққа шығармақ. Сөйтіп, ғажайып мұрамызды әлемге танытпақ.

Талды ауылдық округінің әкімі Боранбай Төлеуовтің айтуынша, осынау тарихи ескерткішті іздеп келушілер саны көбейе түскен. «Жолын білмейтін болғандықтан оларды өзіміз ертіп жүруге мәжбүрміз», – дей­ді ауыл әкімі.

Шынында, осыған байланысты туризм кластерін дамыту тұрғысында үлкен жұмыстар туындайды. Әуелі пирамиданың басын музейлендіруді, апаратын жол салуды, туристерді қабылдайтын жағдайлар жасауды мықтап қолға алу қажет-ақ. Әрі қарай 30-35 шақырым жерде Бегазы-Дәндібай ескерткіштері де менмұндалап тұр.

Иә, ата-бабаларымыз Ұлы даланы мың­даған жылдар бойы мекен етіп келген. Біздер, бүгінгі ұрпақ – олардың өмірін әрі қарай жалғастырушымыз. Бізден кейінгі буындар Ұлы Отанымызды Мәңгілік Елге айналдыратынына күмәнім жоқ.

Ертай ЖӘНІБЕКОВ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button