Қарқаралы

Дала дарабозы

Зымыраған уақыт, сірә, тоқтауды білмес. Өмір бар да, өлім бар. Осы екі аралықтағы жол, тек, уақыт қана. Сол жолды байыппен жүріп өту әркімге әрқалай бұйырады екен. Осыдан қырық күн бұрын Нұрбақыт ҚАБДІКӘРІМОВАНЫ қимастықпен мәңгілік мекеніне шығарып салған еді қалың жұрт. Өмір жолы өнегеге толы қазақтың қайсар қызын халқы сағынышпен еске алады.

Ес білгеннен бастап еңбекке ерте араласты. Ер-азаматтардың өзі жүрексіне отыратын алып техниканы ырқына көндірген Нұрбақыт Қабдікәрімованың қайсарлығы талайды таң қалдырды. Небары 22 жасында тракторды тізгіндеп, жер жыртып, шөп шауып, қызу науқанға белсене атсалысты. Дала төсін дүбірге толтырған даңқты механизатордың маңдай тер, адал еңбегі елеусіз қалмады. 34 жасында Социалистік Еңбек Ері атанды. Өзінің қажырлы еңбегі, зор жауапкершілігінің арқасында КСРО Жоғары Советінің депутаты болып сайланды. 1972 жылы Ленин орденін кеудесіне тақты. 2002 жылы Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы атанды.

Еңбекпен ерте есейіп, замандас қыз-келіншектердің ізімен, ерлермен қатар иық тірестіре еңбек етіп, ауылшаруашылық саласының озаты атанған Нұрбақыт апамызды құрмет тұтып, өскелең ұрпаққа үлгі етуден танбаймыз. Ен далада еңбек еткен даңқты механизатор, дархан даланың дарабозы атанған Нұрбақыт Қабдікәрімова – ауданымыздың мақтанышы. Қай кезде де адамды адам ететін еңбектің құндылығы жойылмайды. Осы жолда тер төккен Нұрбақыт апамыздың бағасы жерлестері үшін бір төбе. Адал еңбегі ерлікпен пара-пар бағаланып, абыройға бөленген ардақты жанның жарқын бейнесі жерлестерінің есінде мәңгі сақталады.

«Нұрбақыт Қабдікәрімова – қарапайым, байсалды мінездің иесі болды. Біртоға адам еді. Артық ауыз сөзге келіп, көсіліп сөйлегенін де көрмедік. Кесек тұлғалы апамыз жат қылықтан ада еді. Кімнен сұрасаңыз да Нұрбақыт апайдың елі үшін еткен еңбегін ғана айтады. Себебі, ол еңбекпен есейді, жан серігі өзінің адал еңбегі болды. Қарапайымдылығы сонша, ештеңемен шаруасы болмады. Техникадан қол үзгеннің өзінде ауылдағы әскери есепке тіркеу бөлімінде ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Жүзі шуақты, көзі мейірімге толы, тек жымиып қана жүретін»,- деп, сағынышпен еске алады жерлесі М.Мамыраев ауылындағы мұражай меңгерушісі Асхат Қасым.

Мерейлі 70 жасын аудан халқымен бірге тойлады. Аудандық мәдениет үйіне лық толған халықтың қошеметіне бөленді. Жерлесі, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров те келген болатын. Орнынан атып тұрып, Тоқтар Оңғарбайұлын құшақтап, көз жасына ерік берді. Ол қуаныштың көз жасы еді. Қалың елдің құрметіне бөленіп, көңілі толқып тұрып, «Халқымнан айналайын, халқыма рахмет» деген сөздерді қайталай берді.

Еліміздің ауыл шаруашылық саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, атағы аспандаса да ел қатарлы ғұмыр кешті. Елінің алдында еңселі еді. Парасатты еді. Заты өлгенмен аты өлмейді. Нұрбақыт Қабдікәрімованың есімі мәңгілік! Еңбегі мәңгілік!

Сағыныш Әбіл,

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button