Жаңалықтар

Дала дәстүрін дәріптеген

   Дала дәстүрі мен бабалар салтына балғын буынның іңкәрлігін ояту – ертеңін ойлаған елдің бұлжымас қағидасы. Осынау талапқа сай, талғамы тағылымды әрекетті Жезқазғандағы №21 орта мектептің ұстаздары орнықты атқарып келеді. Мектепалды даярлық тобының «Ә» сыныбында әз Наурыз мейрамына орай өткізілген өнегесі зор тәлімді кеш – соның бір дәлелі.

Сынып жетекшісі Самал Сайымның мейлінше ұтымды ойластырған іс-шарасы барысында балғын оқушылар бабалардың көнеден жеткен бағалы ұстанымдарын қастерлей білетіндерін айшықты түрде айғақтады. «Жігіт сұлтаны» сайысында азаматқа тән таным-өре биігіне талпыныстарын көрсетіп, жігіттің сұлтанына лайықты жеті сын бойынша бәсекеге түсті. Олардың әрқайсысының жеңіске деген жігері көрермен санатындағы ата-аналары мен ұстаздар қауымының қошеметін иеленді. Одан кейінгі кезектегі балапан ақындардың «Қыз бен жігіт» айтысы келісті кештің ең көркем, шуақты сәтіндей әдемі әсер қалдырды.
Ұлт ұлағатын ұлықтай білгей балғындар кештің келесі бөлімінде таңдайлары тақылдап, тақпақ оқыды, мың бұрала би билеп, әуелете ән салды. Іс-шара түйінінде «Наурыз – көктем» әнін бәрі қосылып, тамылжыта шырқады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button