Дайындық пысықталды

Апат айтып келмейді. Дегенмен, «бәрі – Жаратқанның қолында» деп, жағамыз жайлауда жатса тағы жөн емес. Оның үстіне, биылғы қардың қалыңдығы жылдағы мөлшерден көп түскенін ескерсек, етікпен су кешпейтінімізге кім кепіл? Ықтималдығы басым төтенше жағдайларға сақадай сай дайынбыз ба? Қарағанды облысында көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында ұйымдастырылған «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығу кезеңдерінде осы сауалдарымызға жауап алдық. Қарғынға қарсы тұрар қауқарымыз да, дайындығымыз да бар екен. Сонымен, Бұқар жырау ауданының Садовое ауылында өткен шараға облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ қатысып, авариялыққұтқару қызметтерінің дайындығын тексерді.

Аймақ басшысының айтуынша, су тасқынына дайындық жұмыстары қаңтар айынан бастап қолға алынды. 25 ақпаннан бастап су өткізу құбырлары мен көпірлерді тазалау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. Жанар-жағар май, инертті материалдар, қаптар, жарылғыш заттар, азық-түлік өнімдерінің қажетті көлемі дайындалды.

– Төтенше жағдайдағы қажеттіліктерге 2 млрд. теңгеден астам қаржы резервке қойылды. Облыс бойынша жеке құрамның 5,5 мыңнан астам адамы мен 1900ге жуық техника әзірлік жағдайына келтірілді. Халықты жылыту және уақытша орналастыруға арналған 231 бекет анықталды. Қазіргі уақытта бірінші кезектегі міндет – елді-мекендерді қардан тазалау. Бүгінгі күні облыс бойынша шығарылған қар көлемі 1,5 млн. текше метрді құрайды. Аталған жұмыстар жалғасын табуда. Су тасқынына ұшырауы мүмкін 174 елді мекен және облыстың 262 гидроқұрылғысы ерекше бақылауда, – дейді аймақ басшысы Жеңіс Махмұдұлы.

 Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының №52859 әскери бөлімі, ПД жергілікті полиция қызметі төтенше жағдайларға және олардың алдын-алу мақсатындағы жұмыстарға әзір екендерін байқадық.

– Оқу-жаттығудың мақсаты – нақты тәжірибелік жұмыс. Барлық пункттерде арналарды, арықтарды тазалау, қорғау біліктері мен габариттердегі бекіту жұмыстары пысықталды. Барлығы 52 тәжірибелік іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, адамдарды суда құтқару алгоритмдерін, халықты эвакуациялау және басқа да іс-қимылдар пысықталды. Біздің облыста апатпен күресу үшін 2000-ға жуық техника дайындалған. Оның ішінде жоғары өтімділігі автобусвахтовкалар, жол талғамайтын көліктер, мотопомпалар бар. Құтқарушылар үшін -40 градусқа дейінгі температурада суда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін гидрокостюмдер сатып алынды, – дейді ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев.

Өңірдегі негізгі су қоймаларынан санитарлық су ағызу жұмыстары да жүзеге асырылуда: Самарқанд су қоймасынан шығыны – 5 м3 /сек, Ынтымақ су қоймасы арқылы көлемі – 8 м3 /сек, Шерубай-Нұра су қоймасы – көлемі 14 м3 /сек.

Былтыр су тасқынына дайындық шеңберінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 40 елді-мекен аумағына 20 шақырым қорғау дуалдары тұрғызылды, 27 шақырым қорғаныс дамбалары мен дуалдарды нығайту жұмыстары жүргізілді, 11 шақырым өзен арналары тазартылып, 11 шақырым су бұру арналары бекітілді.

Барлығы 2015-2019 жылдары кезеңінде облыста 190 астам шақырымнан қорғаныс дамбалары мен дуалдар салынды, 140 елді-мекендерде 62 шақырым өзен түбін тереңдету, түзету және арналарды кеңейту жұмыстары атқарылғанын да айта кету керек.

Облыста жер біліктері мен қорғаныс габариттері су тасқынынан зардап шегуі мүмкін барлық елді мекендердің жанында орнатылады және нығайтылады. Ауылдарда тұрақты кезекшілік үшін арнайы құтқарушылар тобы құрылды. Өңірімізде су тасқынымен 5700-ге жуық адам күресетін болады. Оның ішінде – аудан әкімдері мен әкімдіктердің қызметкерлері. Оларға ауылда көктемгі су тасқынына қалай тосқауыл қою керектігі үйретілді. 58 мемлекеттік қызметкер қысқа курстардан өтті. Келесі аптада тағы 30 мемлекеттік қызметкер оқытылады деп күтілуде.

Су тасқыны кезеңі бойынша дайындық іс-шаралары жалғасуда және бақылауда.

Қасымхан ҒАЛЫМ