Жаңалықтар

ДАЙЫНДЫҚ – ДӘЙЕКТІ

   Қытымыр қыстың қиындығынан құтылмай жатып, көктемнің қарбаласы басталады. Өйткені, ырғалып-жырғалуды уақыт көтермейді. Аудандар да қам-қарекетке көшкен. Шет ауданы әкімі аппаратындағы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нияз ҚАЛИЖАНОВ көктемгі дала жұмысының дайындық барысына тоқталды.

Биыл ауданда 5 мың гектарға – бидай, 14 мың гектарға – арпа, бір мың гектарға сұлы себіледі, 1100 гектарға – картоп, 40 гектарға көкөніс отырғызылады. “Нұраталды” ауылдық округіндегі “Бурабай” шаруа қожалығы былтырғыдай 800 гектарға мақсары (майлы дақыл) өсіреді.
Сондай-ақ, 7 мың гектарға — көпжылдық, бір мың гектарға біржылдық шөп егу жоспарлануда көрінеді. Себебі, түсім өнімінің мерзімі өтіп кеткен көпжылдық шөпті жаңартып сеуіп отырса, шаруа қожалығы мал азығының тапшылығына тәуелді болмайды.
Көктемгі дала жұмысын уақытында әрі сапалы өткізу үшін қажетті 500 тонна бидай, 1400 тонна арпа, 100 тонна сұлы, 4200 тонна картоп тұқымы құйылды. Астық дақылына арналған 2 мың тонна тұқымының оннан тоғыз бөлігіне жуығы себу сапасына жеткізілді. Көкөніс, көпжылдық және біржылдық шөп пен майлы дақыл тұқымы тиісті сертификаты бар мамандандырылған шаруашылықтан сатып алынады.
– Дамылсыз дала жұмысының тиімді өтуінің тағы бір тетігі — техника. Қазір әртүрлі маркалы 1774 трактордың 1241-і, 360 тұқым сепкіштің 216-сы, 134 топырақ қопсытқыштың (культиватор) 108-і толық жөнделіп, дайындық сапына қойылды. Әрине, бұл бізді онша қанағаттандырып отырған жоқ сондықтан, қосымша іс-шара қарастырылады.
Осындай науқанда жыл сайын көңілді күпті қылатын тағы бір түйінді мәселе – егін салатын шаруашылыққа жеңілдетілген бағамен босатылатын жанар-жағармай. Облыста онымен айналысатын оператор анықталғасын наурызда – 50, сәуірде – 210, мамырда – 230, барлығы 490 тонна жағармай алу жоспарда, – дейді Нияз Қалижанов.

Әлібек Әбдіраш.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button